Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда науқастар коронавирустан басқа қандай дертке жиі шалдығады?

Қазақстанда науқастар коронавирустан басқа қандай дертке жиі шалдығады?

Былтырдан бастап COVID-19 әлем бойынша ең қауіпті індетке айналды. Алайда, Қазақстанда басқа да дертке шалдыққандар аз емес. Осы ретте, Azattyq Rýhy тілшісі науқастар саны артқан өзге де ауру түрлері жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі өкілімен сұхбаттасты.

Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлнәр Жанғарашева рейтинг бойынша Қазақстанда коронавирустан кейін топ жарып тұрған бірнеше ауру түрі туралы ақпарат берді.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша, 2019 жылмен салыстырғанда, 100 мың адамға шаққанда мына ауру түрлері өзекті болып тұр: қан айналым жүйесінің аурулары 5,9% өсті, оның ішінде гипертониялық аурулар 10,2% өсті, жүректің ишемиялық ауруы 18,3 %, цереброваскулярлық аурулар 9,6 %-ға артты. Сүйек-бұлшық ет жүйесі мен дәнекер тін ауруларына шалдыққан науқастар саны 0,2% өсті. Сондай-ақ, улану мен жарақаттану көрсеткіші 5,6% артты», - дейді Гүлнәр Қасенқызы.

Сонымен қатар, онкологиялық дертке шалдыққандар саны да бұрынғыша өзекті болып қалып отыр. 2021 жылы бұл саладағы науқастарды емдеуге 59 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген.


Елімізде коронавирус жұқтырған науқастардың саны күрт көбейгендіктен, бірқатар аурухана инфекциялық мекемеге айналып кетті. Пандемия жағдайында жаңа вирус штамдарымен күресеміз деп, басқа ауру түрлері ұмыт қалған жоқ па?
«Ел бойынша СOVID-19 науқастарының жалпы санының өсуіне қарамастан, пациенттерді диспансерлер мен орталықтарға жатқызу ПТР-зерттеу және өкпе КТ болған кезде штаттық жоспарлы тәртіппен жүргізіледі. Мәселен, онкология саласы бойынша, 2021 жылдың 6 айында барлығы 68 332 науқас стационардан шығарылды. Тәуліктік стационар және күндізгі стационар есебінен де 38,9%-ға өсім болды. 2021 жылдың 6 айында 14 856 пациент, бастапқы және қайталама пациенттер хирургиялық ем алды», - дейді Гүлнәр ханым.

ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 6 655 ТҰРҒЫН ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДЕРТТЕН КӨЗ ЖҰМДЫ

Қатерлі ісік аурулары – әлемдегі негізгі проблеманың бірі. Сұхбат барысында Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстанда онкологиялық дертке шалдыққандарды емдеу процесі қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде сұрады.

«Жыл сайын ел халқына онкологиялық көмек көрсетуге шамамен 50 млрд теңге бөлінеді. Нақты айтсақ, 2020 жылы 51 млрд теңге, 2021 жылы 59 млрд теңге шамасында қаражат бөлінді. 2020 жылы 39 185 пациент дәрілік ем алды. Онкологиялық науқастардың электрондық тіркелімінің деректері бойынша 2021 жылғы 6 айда қатерлі ісіктерден өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 70,3 құрады, яғни, 6 655 жағдай. Өлім-жітім деңгейі былтырғымен салыстырғанда, 4,8%-ға төмендеді», - дейді маман.

Спикердің айтуынша, Қазақстанда онкологиялық аурулардың барлығы дерлік емделеді. Науқастарды емдеу сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Онкологиялық пациенттерді емдеуге жатқызу жоспарлы тәртіппен «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы бойынша жүзеге асырылады.

Дегенмен, кей жағдайларда онко-пациенттер бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберіледі.

«ҚР азаматтары шетелге емделуге жіберілетін аурулардың тізбесіне сәйкес, трансоральды алып тастау үшін бас сүйегінің негізінің ісіктері, радиохирургиялық емдеуді қажет ететін көздің қатерлі ісіктері (гамма-пышақ, радиоактивті аппликаторлар) бар науқастар және Қазақстанда жүргізілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмекке көрсетілімдер болған кезде 18 жасқа дейінгі балалар Ресейге, Түркияға және т.б. елдерге жіберіледі. Шетелдік медициналық ұйымдармен байланысты жұмыс органы орнатады», - деді Гүлнәр Қасенқызы.

Республикада онкологиялық көмек көрсету интеграцияланған модель шеңберінде үш деңгейге бөлінген. Онкологиялық көмектің I деңгейі - 2 017 қарау кабинеті жұмыс істейтін (687 ерлер, 1 330 әйелдер қарау кабинеттері) МСАК ұйымдарымен көрсетіледі.

Онкологиялық көмектің II деңгейін - 15 онкологиялық диспансер және облыстық көпбейінді ауруханалардың 5 онкологиялық бөлімшесі көрсетеді. 2021 жылдың 6 айында онкологиялық науқастарды емдеуге арналған тәуліктік стационарларда жайылған төсек саны 3 мыңды құрады.

Онкологиялық көмектің III деңгейін Ұлттық ғылыми онкология орталығы және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты көрсетеді.

АУЫЛДА 151 ОНКОЛОГ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР

Спикердің айтуынша, КВИ-ден кейінгі өзекті ауру түрінің бірі – қатерлі ісікке шалдыққандарды емдеу өз деңгейінде жүріп жатыр. Дегенмен, маман тапшылығы мәселесі әлі де өз шешімін таппаған.

«2021 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық деректерге сәйкес, онколог дәрігерлер саны 1 038 маманды құрады, оның ішінде 151 маман ауылда жұмыс істеп жатыр. Денсаулық сақтау басқармаларының деректері бойынша, 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, онколог дәрігерлердің тапшылығы 97 бірлікті құрады: МСАК ұйымдарында – 57 бірлік, стационарда – 40 бірлік). Ең көп қажеттілік Қостанай (13 бірлік), Маңғыстау (12 бірлік), Солтүстік Қазақстан (11 бірлік), Түркістан (10 бірлік), Алматы облысында (8 бірлік) байқалады.

Министрлік білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын резидентурада клиникалық мамандықтар бойынша, оның ішінде «Ересектер онкологиясы» және «Радиациялық онкология» мамандықтары бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөледі. 2021 жылы 98 мемлекеттік грант бөлінді, оның ішінде «Ересектер онкологиясы» мамандығы бойынша - 80 орын және «Радиациялық онкология» мамандығы бойынша - 18 орын», - деп қорытындылады сөзін спикер.
02 тамыз 2021 ж. 279 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031