Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін Қазақстанның 730 елді мекенінде әкім сайланады

Бүгін Қазақстанның 730 елді мекенінде әкім сайланады

Бүгін тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сонымен 730 елді мекеннің әкімі сондағы тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы анықталмақ. 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тапсырма берілген болатын. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша осы 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Солардың 2297-і тіркеуден өткен. Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар. Сайлау туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің арқасында ауыл әкімдерінің сайлауына түскісі келетін үміткерге өз-өзін ұсыну мүмкіндігі берілген болатын. Осы мүмкіндікті бұл жолғы сайлауда 1419 адам пайдаланып отыр. Сондай-ақ, 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған. Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болғысы келетіндердің гендерлік құрамына келсек, ер үміткерлердің саны –1839. Солармен бірге 458 әйел үміткер бағын сынағалы отыр. Өз үміткерлерін ұсынған партиялардың атынан қатысатын байқаушылардан бөлек, «Партиялық емес бақылаушылар орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі де дауыс беру процесінің әділ өтуін қадағаламақшы. «Сайлау үрдісінің барлық ерекшеліктерін ескеретін байқаушының блокнотын әзірлеп, байқаушылардың бәріне тапсырдық. Сайлау күні заңбұзушылық анықталса, сол блокнотқа тіркеп отырады. Байқаушылардың бәріне сайлау учаскелеріне кіруге қажет құжаттар берілді. Дайындық 100 пайыз деп айтуға болады. Біздің басқа байқаушылардан ерекшелігіміз – қатаң бейтараптық танытамыз. Ешқандай партия өкілдеріне болсын, мемлекет билігіне болсын, қандай да бір сайлау учаскесінің комиссия мүшелеріне болсын, бәріне қатаң түрде бейтарап ұстанымда боламыз. Заңнамалық тұрғыда сайлау үдерісіне кедергі жасамай, байқау жүргіземіз», - дейді бірлестіктің төрағасы Төлеген Күнәділов. Бүгінгі сайлау 14 облыс бойынша 1847 сайлау учаскесінде өтеді. 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде бүгінгі күннің қорытындысы шығарылуы керек. Жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады. Жалпы биыл жыл аяғына дейін 775 ауыл әкімі сайланады. Елімізде барлығы 2346-ға жуық ауыл әкімі бар. Осыны ескерсек 2022 жылдың басында ауыл әкімдерінің құрамы үштен бірге жаңарады деген сөз. Алғашқы лекпен әкімін сайлайтын еді мекендердің толық тізімін мына сілтемеден көруге болады. Өңірлердің ауқымын есепке алмастан саралайтын болсақ, бұл жолғы сайлауда әкімін анықтайтын елді мекендер саны бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр. Мұнда бір күнде 95 ауыл мен ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қала мен кенттің әкімі сайланады. Алғашқы үштікті Шығыс Қазақстан (77) және «Қарағанды облыстары (75) түйіндеп тұр. Ал Маңғыстау облысында бұл жолы бар-жоғы 10, Атырау облысында 18 елді мекеннің әкімі тікелей сайлау арқылы қызметке келмек.
25 шілде 2021 ж. 432 0

Сақ патшайымы – Зарина

11 қазан 2024 ж. 82

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 143

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 147

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031