Арыздар азайды
Сәрсенбіде Қазалы аудандық сотының ұйымдастыруымен онлайн баспасөз мәслихаты өтті. Онда осы жылдың 6 айында сот әділдігін жүзеге асыру барысында атқарған жұмысы жайлы аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Дәурен Әбдіқалықов баяндап берді.
Оның мәліметінше, аудандық соттың өндірісіне қылмыстық іс бойынша барлығы 23 адамға қатысты 21 құжат келіп түскен. Бір қызығы, бұл аралықта сыбайлас жемқорлыққа қатысты дерек тіркелмеген.
Есірткі айналымымен – 3 іс бойынша 3 сотталушыға айыптау үкімі қабылданған. Әйелдер арасында 3 адамға қатысты 3 айыптау үкімі қабылданған. Қылмыстық істерді қарау барысында процессуалдық мерзімдердің бұзылу фактілері орын алмаған.
Азаматтық істе 466 арыз, 11 іс түсіп, 349-ы қаралып аяқталған. Оның ішінде, 67 сот бұйрығы, 150-і бойынша шешім қабылданып, 70-і қараусыз қалдырылды. Ал 53-і өндірістен тоқтатылса, 9-ы соттылығымен жолданған. 102 арыз кері қайтарылып, 4 арыз қабылдаудан бас тартылған. Келесі есептік кезеңге 58 іс, 26 арыз қалдық қалдырылған. Есепті кезеңде 3 жеке ұйғарым қабылданған.
Ескере кететін жайт, азаматтық істердің 38-і медиация тәртібі арқылы тоқтатылған.
– Бүгінгі күні ерлі-зайыптылардың некелерін сақтап қалуы және бала тағдыры мен тәрбиесіне көңіл бөлінуі, татуластыру жұмыстарының жүруінің нәтижесінде халықтың құқықтық сауаты жоғарылады. Құжаттарды өз уақытында рәсімдеу, борышкерлердің несие алдында міндеттерін дұрыс орындауының, сонымен қатар аудандық сотпен түсіндірме жұмыстарын жүргізуі арқылы арыздар саны азайды, – деді сот төрағасының міндетін атқарушы Д.Әбдіқалықов.
Әкімшілік іске орай жыл басынан бастап 6 ай ішінде 276 дерек тіркеліп, өткен жылдан қалдықта 13 іс қалған. Осы мерзімде 233-і қаралып, оның ішінде 1-еуі соттылығы бойынша, 23-і ведомостволық бағыныстылығымен жолданған. 218-іне орай әкімшілік жаза қолдану жөнінде қаулы қабылданған. Соның қатарында 6 адамға ескерту беріліп, 139 заң бұзушыға айыппұл салынса, тәртіпке бағынбаған 71-і әкімшілік қамауға алынды. Сонымен бірге 2 адам көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған. Ал 15 заңға қайшы әрекет жасаған әкімшілік жауапкершіліктен босатылып, іс өндірістен тоқтатылған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА