Ішекке індет түспесін
Жіті ішек жұқпа – симптомдары ұқсас бірақ қоздырғыштары әртүрлі үлкен топты жұқпа ауру болып табылады. Инфекция тағам, су және кір қол арқылы асқазан мен ішекке түседі. Ас қорыту жолдарында көбейіп, адам өміріне қауіпті токсиндер бөледі. Мамандар мұның негізгі себебі тағам тазалығын сақтамау мен оның жарамдылық мерзіміне мән бермеуде екенін айтады.
– Аурудың негізгі себептері ретінде үй жағдайында әзірленген дайын өнімдерді сақтау және дайындау технологияларының бұзылуы, дайын және шикі азық-түліктерді жеке сақталмауы, жеке бас тазалығын ескермеу мен рұқсат етілмеген сауда орындарында сатылып алынған азық-түліктерді, әсіресе денсаулығы жайлы құжаттары жоқ жеке тұлғалар өндірген сүт және сүт өнімдерін, кулинарлық және кондитерлік тағамдарды пайдалану екенін көпшілік біле жүргені дұрыс, – дейді Қазалы Санэпид бақылау және қадағалау бөлімінің жетекші маманы Дәмелі Каримсакова.
Маманның сөзіне сенсек, іші ауырып, жүрегі айнып, құсу, іші желденіп, өтуі және дене қызуы көтерілуі, сондай-ақ жалпы әлсіздік басып, науқастың тәбеті төмендеуі ішек жұқпасының негізгі клиникалық белгілеріне жатады. Ішек жұқпаларының қоздырғыштары ішектің қарапайым жұмысының бұзылуы дизентерияны, іш сүзегін, паратифті тудырады. Ал олар бөлетін улы заттар тағамдық улануға әкеліп соқтырады. Ішек жұқпалары қоздырғыштар қоршаған ортада жақсы сақталады. Сөйтіп, дизентерия қоздырғыштары өздерінің тіршілікке қабілеттілігін апта, тіпті айлап та сақтайды. Ластанған ыдыста, ылғалды іш-киімде, топырақта 3 айға дейін, тамақ өнімдерінде бірнеше тәулік бойы, суда 5-6 күн сақталады.
Ауырған адамдар немесе аурудың жеңіл түрімен ауырған, ағзасынан ауру қоздырғыштары үнемі бөлініп отыратын адамдар – ауру ошағы саналады. Олар жеке бас тазалығы ережелерін сақтамаған жағдайда, ластанған қолдарымен микробтарды қоршаған ортадағы заттарға, орамалға, ыдысқа тамақ өнімдеріне тасымалдайды.
Жаз уақытында жіті ішек жұқпаларымен ауру жиілей түседі. Себебі ауа температурасы көтерілген сайын микробтар сақталып қана қоймай, ет, сүт, балық өнімдерінде, салаттарда, әсіресе кремді, кондитерлік өнімдерде көбейе түседі. Сондықтан бұлар «тез бұзылатын» тағамдар қатарына жатады. Ауру көкөністерді жумай жегеннен пайда болады. Ішек жұқпалары балаларда ауыр түрде өтеді. Көбіне бұл ата-ананың баланы күту кезінде қарапайым тазалық талаптарын сақтамауынан, езбесін дайындаған кезде мұқият жуылмаған жеміс-жидектермен, сондай-ақ, қолды жумай баланы тамақтандырған кезде ауруға орын алады.
Д.Жантілеуқызы жаздың ыстық күндері, жалпыға мәлім бірнеше алдын алу шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.
– Көкөніс, жеміс-жидектерді пайдаланар алдында ағынды суға мұқият жуып, қайнаған сумен шайған жөн. Қоғамдық орындардан келгенде, дәретханаға барғаннан кейін, баланы тамақтандырар алдында, тамақты дайындар алдында қолды міндетті түрде сабындап жуу керек. Бұдан бөлек шикі сүтті қайнатып ішіп, тез бұзылатын және дайын тамақтарды тоңазытқышта сақтап, егер сақтауға мүмкіндік болмаса сатып алған күні пайдаланып тастаған дұрыс. Шикі және дайын өнімдерді бір бірінен бөлек, жеке ыдыста сақтауды әдетке айналдыратын кез келді. Егер дайын тамақ келесі күнге қалатын болса, оны пайдаланар алдында қайнатып немесе қуырып жіберсеңіз қауіпсіз. Қала сыртына демалуға шыққан кезде де кездейсоқ су көздерінен су ішуге және ыдыс жууға болмайтынын балаларыңызға жиі ескертіп отырыңыз, – дейді маман.
Жай ғана ішектің қалыпты жұмысының бұзылуынан пайда болатын ауру өте қауіпті асқынуларға, мәселен, қатты қан кетуге, ағзаның сусыздануына, тіпті өлімге алып келуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда өзін-өзі, әсіресе кішкентай баланы емдеуге болмайтынын есте сақтайық. Аурудың алғашқы белгілері біліне бастағаннан-ақ, бірден медициналық көмекке жүгінуден дұрыс шешім жоқ.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ