Қызылордада 40 ауылдық округ бойынша 151 кандидат ұсынылды
Облыс бойынша ауылдық округтер әкімдерін сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралар күнтізбелік жоспарына сәйкес кандитаттарды ұсыну 26 маусымда басталып, 9 шілдеде, жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов айтты.
Облыста 40 ауылдық округ бойынша 151 кандидат ұсынылды. Оның ішінде 53-і саяси партиялардан, 98-і – өзін-өзі ұсынғандар.Саяси партиялар 40 округтің 38-і бойынша өз кандидаттарын ұсынды. Атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 7, «Ақжол» Қазақстан демократиялық партиясынан 5, «Nur Otan» партиясынан 32, «Adal» саяси партиясынан 4, Қазақстан халық партиясынан 5 кандидат.
Орташа бәсекелестік 3,8 адамды құрады. Ұсынылған кандидиттардың заңнама талаптарына сәйкестігі анықталуда. Тіркеу жоспарға сәйкес 14 шілде, жергілікті уақытпен сағат 18-00-де аяқталады.
«Сайлау туралы» заңға сәйкес кандидаттарды тіркеу туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Кандидаттарды тіркеген соң бесінші күннен кешіктірмей жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында әрбір кандидаттың тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын лауазымын, жұмыс орны мен тұрғылықты жерінің мекен жайын, ұсынылу тәсілін, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға тиесілігі мен ұлты туралы мәліметтерді көрсете отырып, тіркеу туралы хабарды жариялайды.