Басты құндылықтың бағасы биік
Тәуелсіздік – ең басты құндылық. Бұл күнге сан ғасыр бойы армандап жеттік. Оған қан төгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізіп, елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттер қатарына қостық. 30 жыл ішінде еркін қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өтіп келеміз.
1991 жылы желтоқсанның 16 жұлдызында Қазақстан өз азаттығын жариялады. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Н.Назарбаев әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға. Елбасы жер-жиһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етіп, Қазақстанды жоғары халықаралық деңгейге шығарды. Мемлекет басшысының бастамасымен бұл жылдарда экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды.
Н.Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саяткерлігі арқасында көп ұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті.
Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Н.Назарбаев моделі» деп баға берді. Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар арасында қызығушылық жоғары. Осындай Тәуелсіздігі тұғырлы, елі аман, жұрты тыныш елде қарапайым халыққа өз тіршілігімен айналысып, бала-шағасының, әулетінің кемел келешегі үшін кәсіпкерлікпен айналысуына барлақ жағдай жасалды. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер, шаруаны қолдауға субьсидиялар беріліп, салық саясаты оңтайландырылды.
Сондай игілікті істердің куәсі болып, мемлекеттік қолдауды пайдаланап жүрген кәсіпкерлердің бірі өзім Қазалы ауданының тумасымын, мамандығым бухгалтер- экономист. 1979 жылы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін өз мамандығым бойынша халық шаруашылығының түрлі саласында қызмет жасадым. 1996 жылдан бастан кәсіпкерлікке бет бұрып, «Наурыз» ЖШС-ны құрып, сауда саттықпен айналыстым. Алайда ұсақ сауда-саттықпен ұзаққа бара алмайтынымызды ескеріп, 1999 жылдан бастап, өндіріспен айналысуды қолға алдым. Егін және мал шаруашылығы өнімдерімен айналысатын «Сыр Маржаны» ЖШС-ын құрдым. «Сыр Маржаны» ЖШС негізінде күріш егумен айналысады, қосымша гидротехникалық құрылыс жұмыстарын жасайды. Серіктестік қазір экономикалық даму сатысында. Өндірісті әртараптандыру қолға алынған. Тек күріш емес, суды аз қажет ететін дақылдарды егуге бетбұрыс жасалды. Шарушалықта барлығы 4000 гектар егін егілсе, соның 2000 гектары күріш, қалғаны мал азығының дақылдары. Сонымен бірге «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасы» аясында серіктестік 3000 басқа арналаған мал бордақылау кешенін іске қосып, асыл тұқымды бұқашықтарды бордақылау жолға қойылды.
Ет кластерін жасау мақсатында Қызылорда қаласының Талсуат елдімекенінен «Ет комбинатын» салу қолға алынып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мал тұқымын асыландыру мақсатына Чехия Республикасынан ет бағытындағы «Ангус» текті мүйізді ірі қара малы әкелініп, өз төлінен өсірілу ұйымдастырылуда. Шаруашылық Көларық ауылдық округінде орналасқандықтан, Ақтан батыр ауылының тұрғындары жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге, Өркендеу ауылдық округінің Жанкент ауылының, Арықбалық ауылдық округінің Жанқожа батыр ауылының тұрғындары жұмысқа тартылуда. Серіктестікте барлығы 155-160 адам жұмыс жасайды.
Кәсіпкерліктен басқа қоғамдық жұмыстарға араласып, жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуды мақсат еттім. Қазалы аудандық мәслихатының ІІІ-ІV-V шақырылымдарының депутаты болып сыйланып, тұрғындардың көкейкесті мәселелерінің шешілуіне ықпал еттім. Қызылорда облыстық мәслихатының VІ шақырылымының депутаты болсам, қазір VІІ шақырылым депутаты ретінде ел-халықтың талап-тілектерінің орындалуына «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде атсалысудамын. Тәуелсіздік жылдарындағы аз-кем еңбектерім ескеріліп, ҚР Президентінің жарлығымен 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2017 жылы «Құрмет» орденімен марапатталсам, 2016 жылы ауданның ең жоғары марапаты «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағын алдым. «Атамекен» ҰҚП ұйымдастыруылумен өткен «Алтын сапа» сыйлығымен Қазақстанның үздік тауары 2016 Республикалық көрме байқауында Атамекеннің арнайы тағайындаған «Іскер 2016» сыйлығын иелендім. Өңірді дамытуға қосқан үлесім үшін ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталдым.
Барша Қазақстандықтармен бірге, мен үшін егемендіктің мәні мен маңызы айрықша. Өйткені біз азаттықтың арқасында тарихымызы түгендеп, тілімізді және дінімізді қайта оралттық. Ылайым Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы болғай!
Мінәжадин ӨТЕЕВ,
«Сыр Маржаны» ЖШС-нің директоры
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты