Ізденген жетер мұратқа
Қашанда ұстазға ұлағатты есімдер қатарынан ерекше орын беріледі. Мұндай мәртебеге жету үшін жүректің батырлығы, сезімнің ақылдығы керек-ақ.
Бүкіл өн бойына жан-жақты ізденіп, білімділік пен шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты және балаға деген мейірімділікті сиғызған ардагер ұстаз Қадырбек Бекетов биыл 75 жасты толтырды. Ол саналы өмірін қырық жыл бойы шәкірт тәрбиелеуге жұмсады. Еңбек жолын теміржолда слесарьлықтан бастаса да, жоғары білім алуға талпынды. Күн-түн дайындықтың арқасында арман қуып, Алматыдағы Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінде оқып, бітірген соң қолына тарих және қоғамтану пәнінің оқытушысы деген диплом алып шығады. Аңсаған мамандығымен Қазалыдағы №234 мектепте тарих, география пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрады. Балаларға білім беруді бар ынтасымен бастап, біліктілігін көтеруде тынбай еңбек еткен жас қоғамдық жұмыстардан да ада қалмады. Барлық шараларға белсене араласып, ұйымдастырушылық қабілетімен бірден көзге түсті. Осы қасиеттері ескеріліп, оқу ісінің және бастауыш мектептің меңгерушісі, ауылдық жерлердегі елді мекендерде мектеп директоры болды. Жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибелері өзгелерге таратылды, мерзімді баспасөздерде жарияланды. Жан-жақты атқарған ізденісі республикалық, облыстық педагогикалық оқулар мен конференциялар және семинарларда жоғары бағаланды. Осындай еселі еңбектің арқасында білім саласында абыройлы қызмет етіп, зейнетке шыққанына да тура 12 жыл өтіпті. Десек те болдым, толдым деген жоқ. Білім ордаларында өткізілетін шараларға қатысып, оқушылар мен жас мұғалімдерге ақыл-кеңес бергеннен жалыққан емес. Ол жылдар бойы қалыптасқан дағдысымен заман ағымынан алшақтамай, ылғи кітап оқып, ой-өрісін дамытумен айналысады. Оқып-тоқығандарын, елдің есінде қалған тарихи тұлғалар жайлы, қоғамда орын алған келеңсіздіктер туралы қалам тербеп, ара-тұра газетке жариялайды.
Шығармашылық қабілетін шыңдап, республикалық радиохабарларға қатысады. Ондағы сұрақтарға мүлтіксіз жауап беруден алдына жан салмайды. Қазақстан ұлттық арнасындағы таңертеңгілік "Таңшолпан" бағдарламасына телефон арқылы хабарласып, бала тәрбиесі жайында талай ой қозғаған. Сонымен қатар көрермендерге ұсынылған сауалдарға дәл жауабы мен тапқырлығы үшін құттықтау хаттар мен сый-сияпаттар алып, Қазақстанға танымал болды.
Бүгінде қадірлі еңбек демалысындағы Қадырбек Бекетов тәрбиелеп өсірген бес баласының ортасында немере мен шөбере сүйіп отырған бақытты жан. "Ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған" ол уақыт ағымына сай білім алып, мамандығына сай еңбек етіп жүрген балаларының қызығын көруде.
Осыншама беделді белестерден өткен ақсақалға "Білім саласының ардагерлер ұйымы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Қуанышбаевтың бастамасымен аудандық білім бөлімінде кездесу кеші ұйымдастырылды. Өмірі өнегемен өрілген өрелі ұстазды мерейлі жасымен аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов пен Білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитетінің төрағасы Әбіш Роман құттықтап, иығына шапан жауып құрмет көрсетті. Одан соң аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Индира Назарова мен Зоя Мұстафаева игі лебіздерін білдіріп, бағалы сый ұсынды. "Тұран Қазалы" газетінің өкілі Раушанбек Сейтенов те өз естеліктерімен бөлісті. Білім саласында өшпес қолтаңбалары қалған бірқатар үзеңгілес ардагер ұстаз да мерейтой иесін ардақтауда аянып қалмады. Әрбірі Қадырбек Бекетовке деген сыйластығы мен сүйіспеншілігін ерекше құрметпен жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА