Қайран да, қайран, қайран бақ, Кім кетті сені ойрандап?!

Біздің тарихымыздың бір қатпары осынау өркеуде, ақ жағалы патшаның қазақ арасындағы шабармандары һәм қандыбалақ, апайтөс, аңдысқан заманда айылын жимаған қызыл коммунистермен тікелей байланысты. Сол аракідік таңбалы тарихын түйсікке түртіп қоятын Қазалы қаласына жолға шықсаңыз канал жиегіндегі мына мүсәпірдің күйін кешкен баққа көзіңіз түседі. Әр жерде шошайған тал-дарағы қайыршының сүйріктей саусақтарын еске салатындай. Бейшара күйіне қарап, ата-анасы тастап кеткен баладай жетімнің күйін кешіп тұрғанын аңғарасың.

Бақтың бағы тайып, әр ағашының әрі кеткеніне қарап-ақ Қазалы қаласының атқамінерлерінің мұнда көз қиығын салмағанын, баққа пысқырып та қарамағанын білуге болады. Қоршауынан түк қалмай, әр ағашы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткеніне қарап, жауапты мекеменің табиғат-анаға деген ешқандай жанашырлығы жоғын аңдау қиын емес. Таяқ тастам жерде су бар, канал есіліп Есілдей ағып жатыр. Шықпай тұрған ағаш болса екен, жерге шаншылғаны дараққа айналып, тамырын тереңге жіберіп тұр. Енді жергілікті атқамінерлер бір кездегі дүркіреп тұрған баққа күтім жасай алмаса, бар нәрсені ұқсатып, жасыл-желегін жайқалтпаса кім кінәлі?! Онсызда екі күннің бірінде шаң борап, топырағының эрозиясы құрып тұрған біздің далаға тал егіп, оны күтіп-баптау осал шаруа емес. Ал барды ұқсатып, оған күтім жасап, бой көтергенін әрман қарай ұстап қалу бөлек әңгіме. Президент айтқан “Жасыл белдеу” бағдарламасын бұл араға қыстырмаяқ қояйың, бірақ көркі қашып, ұсқыны кеткен жерге “Үлкен қаланың” ұлықтары міндетті түрде аяқ басуы керек. P/s: Әңгіменің басында жолбарыстың жортуын бекер айтқан жоқпыз. Сол теңбіл шұбардың табаны тиген жерді былайғы жұрт “жолбарыстың жымы” деп атайды. Канал жиегіндегі жерге жолбарыстың жымы түспесе де, Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеудің ізі түссе игі еді...
Е. ТАБЫНБАЙ