Мешіт – мейірім мекені
Һәм
сүйегі,
қаны,
Ары,
ожданы...” – дейді ақын Ерлан Жүніс. Сол айтқандай, біздің төрдегі тектілер түлеткен “кәрі қаланың” өз ар-ожданы бар. “Ар-ождан” болғанда сол үшін жыртысын жыртып, қасық қаны қалғанша шекарасын қоритын азаматтары жетерлік.
Әрине көтеріңкі көңілде естілуі мүмкін. Бірақ көне қаланың кердең басып, кеудесі өрден түспейтін өрендері көп. Әнеукүні сол өр ұлдарының жүрегіндегі мөрдей болған бұрынғы атауы – “Мүрәлім”, қазіргісі – “Нұралы” аталатын мешітке маңдай тіредік.
Басты себеп – мешіттің бас имамы Қайрат қажы Дәуіржанұлының игілікті бастамасы. Бас имам мешіт жанынан асхана жасауды талап етіпті.
Бұл елеулі іске елдің ерулік айтып жүрген азаматтары қолдау көрсетіп, мешіт жанындағы көне тамды сатып алған.
Мешіт – мейірім мекені!
Біреудің құлағалы тұрған көне үйі көптің көмегімен жиналған 4 миллион үш жүзге бағаланып, тұрғындарына мешіт жамағаты үлкен қуаныш сыйлапты.
“Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады” деген бар. Сол әр ру ақсақал-қарасақалдарының ұйытқы болуымен жиналған қаражатқа болашақ асхананың кірпіші, цементі түсіпті. «Мерей» шаруа қожалығының жетекшісі, белгілі меценат Медеу Есхожаев сынды Алла жолында аянып қалмайтын атымтай жігіттердің миллион теңгеге жуық қаржылай демеушілігімен басқа да шаруалары шешімін тауыпты.
Әйтсе де құрылыс заты қалықтап, нарық бәсі шарықтап кеткен тұста қаржы керек ететіні рас.
Мешітке әлде де болса көмек керек-ақ.
Индиядан әкелінген ағаш
Шынымды айтсам, қалаға қанша келіп жүрсемде мұнда бірінші рет бас сұғуым. Ғимарат осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын тәжік көпесі Мүрәлім Мерекемаловтың ұйытқы болуымен кірпіштен салынған. Содан бері қилы кезеңнің куәсі болған орын қалалықтарға емхана болып қалқиса, кейін дәріхана, спорт мектебі ретінде қызмет атқарған.
Ғасырдың кәрі саусағының табы, жалынды жылдардың жаңғырығы қалған жер тәуелсіздік алған уақыттан бері жақсы мен жайсаңдардың маңдайы сәждеге тиетін киелі нысан.
Осы ретте айта кететіні мешітке кірсеңіз, бағанаға айналған ерекше ағаштар көзіңізге түседі. Бұрын еш жерден кезіктірмеген бұл дарақтар бір кездері Индиядан әкелініпті. Иә, қағыс естімедіңіз – Индиядан әкелінген.
«Сырдың сорға айналған топырағынан шынар ағашын кім көріпті?!» дерсіз. Бір қызығы, бұл – расыменде әдеби кітаптарда айтылатын шынар!
Мешіт құрылысына бар дүние-мүлкін сарп еткен Мүрәлімді біреу сарт, екіншісі – өзбек, үшіншісі – ноғай деп әр ұлтқа телейді. Кейбір міскіндер мешіттің сыртынан “сарт мешіті” дейтін көрінеді. Әрине ренжисің.
Бірақ анығы Аллаға аян, Индиядан ағаш тасып, әр кірпішін зор ықыласпен, Бұқара мен Хиуадан алтын беріп әкелген ұсталар қалап, артына исі мұсылман үшін қасиетті орын қалдырған Мүрәлімді нағыз ер демеске шараң жоқ.
Бас имам Қайрат қажының айтуынша, шынар ағашында ойып жазылған арабша жазу бар. Әдепкіде араб тілінен хабары жоқ маған бұл бір қасиетті сөздей болып көрінді.
“Бақсам бақа екен” дегендей, кейін сұрастырсам бұл: “Ниғматулла ұста Абдулла әл-Бұхари. Һижра жыл санауы бойынша 1332 жыл” деп қашалған сөз екен.
Е.ЖҰМАБЕКҰЛЫ