Академик
Жиырмасыншы ғасырдың алпыс бірінші жылында қазіргі Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектептен ұшқан түлектің бірі – Аптылай Бұрқашов. Отбасының иесі, әкесі дүниеден ерте өтсе де, «әкеңнің ұлы болма, адамның баласы бол» деген тәрбиені сіңірген жас жігіт қайратына білімі сай, дегеніне жетпей қоймайтын қайтпас қайсар әрі адал боп өседі. Сол кезеңнің серісі деуге келер ме, спорттың ауылынан да алыс емес, білімге, жаңа тіл үйренуге деген құлшынысы басым болған. Орыс тілін өз қатарластарынан озық меңгереді.
Анасы мен әпкелерін көріп, отбасының ендігі тірегі өзі екенін түсінген жас Медициналық институтқа түсуге бел байлап, дайындалып жүреді. Мен сол кездері интернатта жаттым, өзім қарапайым қойшының баласымын. Аптылайдың үйі мектепке жақын еді. Үйінен тамақ, нан әкеліп беріп тұрады. «Мен үйде жүрген адаммын ғой, сендер үйдің тамағын сағынасыңдар ғой», – дейтін. Сондай мейірімді, көпшіл болды. Сол кездегі мейірімділік, бір-біріне рухани қамқорлық таныту, қолда барымен бөлісу соның бәрі жүректегі тазалықтан ғой. Аптылайдың сол адами қасиеттері әлі де бойында тұнып тұр. Кездескен сайын мен профессор, академикпін деп шіренбейді. Менің жасым үлкен болғандықтан «Аға, төрге шық», – деп кішіпейілділік көрсетеді. «Ұлық болсаң, кішік бол» , – деген ойлы айтылған сөз.
Мектеп бітірген 27 оқушының бес алтауы ғана оқуға аттандық. Аптылай Ақтөбенің Медициналық институтына құжат тапсырып, барлық емтиханнан өте жақсы деген баға алып, конкурстан өтті. Жоғары оқу орнына грантқа оқуға қабылданды. Бітірген соң туған өлкеде қызмет істеп, тәжірибе жинақтайды. Мамандығына сәйкес спорт және денсаулық саласындағы ғылыми жұмыстармен айналысуға бет бұрды. Кейін өзі оқыған Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтынан шақырту алады.
Атақты академик Шарманов сол кездері медициналық институттың ректоры болатын. Ректор оны жеке қабылдап, Ленинград медициналық институтындағы аспирантураға жолдама береді. Оның мақсаты да сол еді. 1969-72 жылдары қабылдау емтихандарын өте жақсы бағаға тапсырады. 3 жылда ғылыми ізденіспен жаңалық ашу жолына түседі. Ғылыми жетекшісі профессор Далько Юриймен бірге «Лечебная культура спортивная медицина» деген тақырыпта зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Білімге қызыққаны соншалық диссертацияны өзі дайындап шығады. «Медицина ғылымының кандидаты» деген ғылыми атақ алу мақсаты іс жүзінде орындалып, жаңа қадамы сәтті аяқталады.
Әкесімен бірге туысқан Берді Бәймішев деген ағасы академиктің ізденісіне қатысты жиынның бірінде «мен әкесімін» деп сөз бастайды. Енді Бекеңнің ғалым баласы Аптылай атанды. Өз ұлдары Сәбит, Ғабиттерден кем көрмеген ол үшінші ұлына материалдық, моральдық қолдау көрсетуден жалыққан емес. Мәскеу қаласындағы И.М.Сиченова мемлекеттік Медицина институтының докторанты атанған ізденімпаз профессор Силяванова Валентина Александровна және академик В.Г.Гук есімді ғалымдардың жетекшілігімен «Влияние физичиской нагрузки на состояние эндокринной системы, обмен веществ и морфология скелетных мыщц у спортсменов высокой квалификации» деген тақырыпта диссертациялық жұмысты қорғап, доктор атағын алады. ССРО аттестациялық комиссиясы оны өте жоғары бағалады. Ғылыми ізденісін өндіріске енгізуге жолдама береді.
Осылайша өзінің адал еңбегімен табыс тауып, білім алудан жалықпаған Аптылай Бұрқашов 1973-84 жылдары Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы институтта «Лечебная физкультура» кафедрасында оқытушы-ғалым болып қызмет етеді.
2001-2008 жылдары Халықаралық Түркістан университетінде директордың орынбасары қызметін атқарды. Ал 2008 жылдан Қазақстан Республикасының ғылымы жұқпалы аурулардың дәрісін зерттеу институтында директордың орынбасары болып қазірде жұмыс жасайды.
100-ден астам ғылыми енбек жазған академик 2012 жылы Гиппократ орденімен, 2015 жылы ҚР алтын дәрігері Құрметті атағымен марапатталған.
Аптылай Бұрқашов – Қазақстанда бірінші болып Медицина ғылымында спорттың адам ағзасына пайдасын зерттеген ғалым. Оның арқасында қазіргі ЖОО-да медицина спорт кафедралары құрылды.
«Ғалымның аты, ақынның хаты өлмейтіні» рас. Елде туған ерек тұлғаларымыздың еңбегі ұмытылмауы үшін насихаттап, ұрпағымызға таныта жүрейік.
Ақниязов МОЛДАБАЙ,
ҚР білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» Қызылорда облысының және
Қазалы ауданының «Құрметті ардагері»