Қазақстанда қарызға алған қаражатты иегрмегені үшін жауапкершілікке тартатын болады
Қазақстанда қарызға алған қаражатты белгіленген мерзімде игермегені үшін жауапкершілік енгізіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев үкімет отырысында мәлім етті.
"Мемлекеттік қарыз алуды жетілдіру аясында қарызға алған қаражатты белгіленген мерзімде игермегені үшін жауапкершілік енгізіледі. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға үшінші тұлғалар үшін борыштық міндеттемелерді қабылдауға тыйым салынады", - деді министр.
Оның айтуынша, заң жобасында нақтылау сипатындағы түзетулер де көзделген.
"Республикалық бюджетті нақтылау жағдайлары айқындалатын болады. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының мазмұнын нақтылау көзделеді. Заң жобасын қабылдау, бюджеттік рәсімдерді жетілдіруге және бюджетті атқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді", - деді Әсет Ерғалиев.
Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.