Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тобылғы бүршік жарғанда...

Тобылғы бүршік жарғанда...

Қазақтың тарихын мыңжылдықтардан тарқатсақ, аспандағы жұлдыздарға ат беріп, ауа райын болжаған астрономия әлемі де, күнделікті өмірдің күйбеңінен қажығанда құпиялы жұмбаққа елітер аңыз-әңгімелер ауылы да алыс емес. Жұлдызшылар жұлдыздардың орнына, қозғалыс жылдамдығымен анық көрінуіне қарап жыл өзгерісін дәл болжаған. Тіпті, адамдар арасында болатын соғысты да болжап: «Ай шалқасынан туыпты, күн суытайын деп тұр», «Үркер суға ерте түсті, жаз жауынды болады, құрғаққа түссе құрғақшылық болады» деп айтылғанның көбі тура келіп отырған.
Көнекөз қариялар Наурызды Хамал, Көкекті Сәуір, Мамырды Зауза, Маусымды Саратан, Шілдені Әсет, Тамызды Сүмбіле, Қыркүйекті Мизам, Қазанды Ақырап, Қарашаны Қауыс, Желтоқсанды Жәди, Қаңтарды Дәлу, Ақпанды Құт деп түзген. Соның ішінде сәуір айы туралы айтсақ, аңызға да, қызықты ақпаратқа да кеңінен қанығамыз.
Сәуір туралы танымал аңыз бойынша, қазақ ауылындағы бір бай отамалы өткен соң, жаз шықты деп ойлап, қырық сәурігін түгел піштіріп тастаған екен.
Соның ертеңіне қарлы боран болып, қырық пішпе түгел қырылып қалыпты. Ел ішінде осы амалды қырық сәурік деп те атаса керек. Кейін өзгеріске ұшырап, сәуір аталып кеткен көрінеді.
Міне, сондықтан қариялар «Сәуір амалы» шамамен 20-сыншы сәуірден бастап кіргенде сол аумақтың аспанын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір амалы ұзаққа созылып, кейде 40 күнге дейін жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласуы да мүмкін.
«Сабылып келді міне, сәуір айы,
Сәуір айы – қазақтың тәуір айы.
Жылайды да тұрады жылаңқы бұлт,
Бара жатыр не болып ауа райы?!» – деген Мұқағали өлеңі де салқын күндерді меңзейді.
Сәуір айының 18-19 күндерінде «Қызыл қамшысы» деп аталатын амалда аспанда найзағай жарқылдап, күн күркірейді. Бұлттар көшеді, аппақ ұлпадай болып аспанда жүзетін жаздың бұлттары қалқып шығады. Ал 28-29 жұлдыздарында кей жылдары бір күндік қара суық түседі. Қазақ мұны “Бүршік жарған” деп атаған. Бұл кезде елде тобылғы бүршік жарады да, жер ана осылай «толғатады».
Негізі сәуірді қазақ «көкек» деп те атаған. Бұл қысқы суық пен қар кетіп, күннің жылынуына сәйкес қойылған. «Көкектеп» шақырған құстың дауысы да күннің жылы райын білдіреді.
«Сәуір болмай, сайран болмас, сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – сауып тұрған сауын», «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн», «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген қанатты сөздерді жиі естіп жататынымыз да содан.
Ал ай атауының этимологиясына көз салсақ, «Торпақ шоқжұлдызы», «өгіз» деген мағынаны білдіреді.
«Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып» – деген Төлеген жырынан сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі салқын жел мағынасын байқаймыз.
Сәуірдің ай атауы ретінде қолданылуына қатысты журналист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп ағамыз да «Айды айырмаған – амалды білмейді» деген мақаласында былай деген еді: «Қазіргі қолданыста жүрген ай атауларының ішінде саяси сипатпен «еніп» кеткен бір ай бар. Ол – сәуір айы. Бұрынғы қазақ бұл айды «көкек» деп атаған. Осы көкек қалайша сәуір болды? «Егемен Қазақстан» газетінде, Шерхан Мұртазаның басшылығында қызмет істеп жүрген кезіміз. 1990 жыл. Компартия бар. «ЦК»-дан Шерағаңа бір кісі телефон соқты. Шерхан Мұртаза газеттің кезекті нөміріне «көкек айы» деп белгі қойған. Редакторымыздың қабағы түйіле түсті. Телефонның дауыс күшейткішін іске қосқан Шераға бізге «тыңдаңдар» дегенді ишара білдірді.
– Сонда көсеміміз Лениннің «Апрель тезистері» дегенін «Көкек тезистері» дейміз бе? – деді ар жақтағы кісі дауысын нығарлап. – Бұл ертең елдің күлкісін тудырады ғой. Көкек емес, сәуір болсын! Газетке солай көрсетіңіздер...
Сонымен, «Егеменнің» реттік көрсеткішіне «сәуір» деп жазылды. Ленин де кетті. Оның тезистері де мәнін жоғалтты. Сәуір ғана сақталып қалды».
Сәуірдің амалы туралы аңызды да, сәуір сөзінің этимологиясын да сөз еттік. Ендігі тұтас ұрпақ қазақты танудың заманауи дәуірін кешіп жатқанда саяси цензураның кесірінен ұмыт болған көкек айының атауын қалпына келтіру керек-ақ. Уақыттың, жаңа қадам басқан айдың тарихын, бабамыздың ұсынған астрономиялық ­болжамдарын біле жүрейік.

Дина БӨКЕБАЙ

20 сәуір 2021 ж. 1 799 0

Форум: Прогресс һәм жастар

28 желтоқсан 2024 ж. 89

Байқаңыздар, балақай!

28 желтоқсан 2024 ж. 90

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031