Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Үркер жерге түспей...

Үркер жерге түспей...

Ежелгі адамдар сағат пайда болмас бұрын уақытты күнге, қораздың шақырғанына, тіпті кей елдерде балауыз шырағданының жанғанына қарап ажырата білген екен. Ал байырғы қазақтар уақытты күн арқылы болжаған. Олар табиғаттың тылсым тіршілігімен үйлесімділік тауып, күнделікті бақылаудың арқасында астрономияны жақсы меңгерген. Аспанға көз жіберіп, ертеңгі ауа райын, алдағы қыс-жаздың қандай боларын алдын ала біліп отырған. Ерекше ғылым қатарынан саналатын астрономияның қыр-сырына қаныққан бабалар аспандағы 24 жұлдыздық амал өзгерісін, табиғат құбылысын жауын-шашын уақытын дәлме-дәл айта алған. Жайлау мен қыстау, көктеу мен күздеу арасындағы көші-қонды көк аспандағы көп жұлдызға қарап білген. Әр жұлдыздың аты мен қозғалысын да жақсы таныған. Бұл – қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан аспантану танымының жемісі.
Жаңа туған айға қарап, сол сәттің ауа райын болжаған. Егер айдың орағы тік орналасса немесе соған жақын жатса, яки тігінен туса, бұл қалпы өзіне жайсыз, шаруаға жайлы деген. Ал шалқасынан жатып туса, онда өзіне жайлы, шаруаға жайсыз деп есептеген. Шалқайып туса, күн суытады. Еңкейіп қалса, қыс – жылы, жаз – ыстық. Мүйізге ұқсап шаншылып тұр, қыс желді, суық. Ал жазы аңызақ желді болады. Дөңгеленіп туса, қыс аязды. Аспандағы бұлттар ақ шарбы болып баяу қалқыса, күн жақсы. Айдың мүйізі үшкір болса, ауарайы жақсы, мүйіздері шалқақ болса күн бұзылады деген пайым бар.
Күн бір орнында ешқашан кідірген емес, аспан төсіндегі өз жолымен жылжиды. Таңертең жердің бір шетінен нарттай қызарып, дөңгелене шығады. Шаңқай түсте тас төбеден шақыраяды. Кешке қарай батыстағы ұясына қонады. Бұрынғылар күн сайын оған қарап: «Күн шығып келеді», «Тал түс болды», «Міне, күн батып барады» деп уақыт айырып, аспан сағаты бойынша ғұмыр кешкен. Олар таңертеңгі күн шыққан уақытты – сәресі, күн тас төбеге келген кез – талтүс, түс қайтқан уақыт – бесін, күн батар шақ – екінді, күн ұясына қонған шақты – ақшам деп атаған.
“Жұлдыз” сөзі өте ерте заманда шыққан. Жұлдыздарға қарап жол табу әдісі ұзақ уақыт ен далада, ашық теңізде жүргенде ғана қолданылады. Бұлтсыз түнде аспанда, солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған ақшыл жолақ көрініп тұрады. Қазақ, қырғыз және түрікмендер бұл жолақты “Құс жолы” деп атайды. Құс жолы күз айларында анық көрінеді. Миллиардтаған жұлдыздың жарығынан құралады. Жерге жақын жұлдыздардың басым көпшілігі “Құс жолының” бойында орналасқан. Олардың бірі алыс, бірі жақын келеді. ­Астрономияда “Құс жолын” галактика дейді. Жыл құстары көктемде келгенде және күзде жылы өлкеге қайтқанда осы жолақтың бағытымен ұшады. Жұлдыздардың орналасуындағы бұл ерекшелікті көптеген халық аңғарған. Құс жолын татар, башқұрт және чуваштар «Дала қаздарының жолы» дейді.
Қазақтардың бәріне таныс шоқжұлдыз – Жетіқарақшы – шөміш фигурасын құрастыратын жеті жарық жұлдыз тобы. «Жетіқарақшыны таныған жеті қараңғы түнде адаспас» дейді қазақтар. «Жетіқарақшы Үркердің қызын ұрлапты» дейтін ертегі бар. Сол бойынша соңғы ғасырларда «қарақшы» сөзі дәл мағынасында, «тонаушы», «ұры» ретінде, түсіндірілген.
Қазақ халқының астрономиялық түсінігі бойынша ай көрінбеген сағаттарда айырықша көзге түсіп, аз болса да, жарық беретін, жалғыз жүрген адамдарға ес, сүйеу болатын осы жеті жұлдыз. Олар күн сайын және үнемі аспанның бір жағынан көрінеді, түні бойы жарқырап тұрады. Ежелгі халықтардың түсінігі бойынша, ол сол төңіректегі елді күзетіп, халықты жыртқыш аңнан, жын-шайтаннан қорғап, қорып тұрады. Көне түркі тілінде күзетшіні «қорықшы» деген.
Байырдан Үркерге байланысты ырымдармен ауа райын дәл топшылаған. Мәселен, «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Үркер жерге түспей жер қызбайды», «Үркер жерге түсерде қой қырқылады», «Үркер туса сорпа ас болады», «Үркер көтерілгенде шөп те көтеріледі, бидай бас тартады» және тағы басқа сөздер осыдан қалған. Ал егер «Үркер суға түссе (көл не өзен бар жерге батса) қыс қатты, егер құрғақ жерге түссе, қыс жайлы болады...» деген. Сондай-ақ Үркер жерден көтеріле бастағанда жауын жауып, жел тұрады. Егер жауын-шашын мол болса, мал өседі. Аз болса, құрғақшылық орын алып, жем-шөп қоры азаяды деп сенген. Қазақта ауа райы, табиғат құбылыстарына қатысты көптеген ырымдар да жетеді. «Жұлдыз шақшиып тұр екен, ертең аяз болады», «Жұлдыз жыпылықтап кетіпті, боран болады» деген де жорамал кездеседі. Бұл пайым халық арасында әліге дейін пайдаланылады. Сайып келгенде мұның бәрі қазақтың астрономия ғылымынан да хабары барлығын аңғартады.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
04 қараша 2020 ж. 1 635 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 184

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 126

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031