Жүйелі жұмыстар жалғасуда
Былтыр өңірдегі үздік аудан атандық. Бірақ онсыз да Қазалы бюджеті бақуатты, кәсібі кемелденген, облыстағы жетекші ауданның бірі екені рас. Солай деп кеуде қағып қоямыз. Алайда мұнда әдейі іздемесең де менмұндалап шыға келетін мәселелер жоқ емес.
Сондай келеңсіздікті арғы бет пен бергі беттің арасына «көпір» болған переезден жиі байқаймыз. Бұл жайында былтыр газет бетінде бірнеше рет жазған едік. Шлагбаумды ашып-жабатын бақылаушының жұмысының қиын екені рас. Сол сияқты сапасы да сын көтермейді. Екі минутта өтіп кететін пойыздың жолын кесіп өту үшін кемі жарты сағат аялдауға мәжбүрлейді. Бұл – қазалылық көлік жүргізушілерінің басындағы базына. Қауіпсіздіктің сақталғаны дұрыс. Бірақ қаншама құр өткізіп, істі қолдан күрделендірудің керегі не екенін түсінбей келеміз. Теміржолға көлденең төселген тасжолдың ойқы-шойқы көліктің құрылғыларын қажытып, өткелде қалып қойғанда ойың сан-саққа жүгіртетіні тағы бар. Қуаныштысы сол, биыл құзырлылар бұл қиындықты Қорқыт ата орамын асфальттау арқылы шешілетінін айтып отыр.
Негізінен соңғы екі жылда мұндай жолдарды тегістеу мен асфальттауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып, үш көшені жөндеудің алғы жұмыстары басталып кетті. Әйтеке би кентіне кіреберіс, яғни жұрт «тесік көпір» атап кеткен көне жол мен М.Мәметова көшесін «Нұрай и К» серіктестігі жеңіп алса, «Қазалы Жолшы» құрылыс мекемесі теміржолдың астынан өтетін Қорқыт ата орамын тегістеу ісін бастап кетті. Бұл тірлік аяқталғаннан кейін 4 шақырымға асфальт төселеді. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген ақпарынша, жыл аяғына дейін бұл көшеден бөлек кенттегі талай жолдар жөндеу көреді.
Мәселен, Бегім ана, Әйтеке би, 2-квартал, Талқанбаев, Счастнов, Алтынсарин, Т.Әубәкіров, Сырым батыр, Нұртуған жырау көшесінің тұрғындары көршілеріне орташа жөндеу жүргізілетінін айтып, сүйінші сұраса жарасады. Шұңқыр-тесігі көп С.Мұқанов пен Әбілқайыр хан көшесінің ескі асфальт қайта жаңғыртылады. Демек, бұрынғы төсеніші сүріліп, жаңасы төселуі тиіс. Сондай-ақ Қ.Ерімбет тұйығы мен Дәулеткерей көшесі орташа жөнделіп, Жанқожа батыр жолына тротуар төсеу жоспарда бар екенін білдік.
Биыл жол тауқыметінен арылатын ағайындардың арасында қалалықтардың бәсі биік. Өйткені әкім назарына биыл С.Толыбеков, С.Мұханов, Г.Шляпин, Б.Момышұлы, А.Қыстауов, Ы.Алтынсарин, Қ.Рысқұлбеков, Бекетай би, Аманкелді батыр және З.Бұлақбаев көшелері іліккен. Қуантарлығы, барлығы қайта жаңғыртудан өтеді. Көшелер топырағымен қопарылып, су жаңасы төселеді де, жарық бағанасы, жол белгілері жаңартылады. Тиісті бөлім мамандары мұнша ауқымды жұмысты «Кочевник» серіктестігіне сеніп тапсыруды ойлап, келісімшарт жасасқандарынан хабардар етті. Мұның барлығы аудан әкімдігі тарапынан қолға алынған тірлік екенін айтып қояйық. Өйткені Әйтеке би кенті әкімдігінің жол жөндеуге келгенде өзіндік жоспары бар.
Айталық, биыл кент тарапынан 4 көше құрылысшы қолынан өтеді. Бұл туралы кент әкімдігінің баспасөз хатшысы айтып берді.
– Кент бойынша нашар жағдайдағы көшелер орташа жөндеу жұмысын жүргізуді қажет етеді. Оны жасыруға болмайды. Бірақ барлығы қаржыға тіреледі. Шет аймақта орналасқан көшелер пайдалануға берілгелі жөндеу көрмей, жаяу жүруге мүмкіндік жоқ жерлер де бар екені белгілі. Кент әкімдігі қазір осы мәселені шешуге білек сыбана кіріскені рас. Мұның барлығы мұндағы көше-жол торабының 80 проценті жарамсыз күйде болуынан туындап отыр.
Биыл жергілікті бюджеттен қаралған қаржығы сәйкес Привокзальная, А.Табынбаев көшелері талапқа сай болуы үшін тиісті құжаттары әзірленуде. Қазіргі таңда Жанқожа 3 км, Т.Жұмабаев көшелеріне орташа жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр, – деді Бану Шәйкентегі.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ