Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайткенде көбейеміз?

Қайткенде көбейеміз?

Әлемде жасанды жолмен ұрықтандыру 40 жылдан аса уақыт бұрын қолға алынды. Бұл салада жұмыс атқаратын орталықтың Қазақстанда ашылғанына да 30 жылдай асты. Мұндай медициналық мекемелердің саны жыл санап артып келеді. Тек бала сүюге ынталы болып отырған отбасылардың күннен күнге көбейіп келе жатқаны көңілге қаяу түсіреді.
Ресми дерекке сүйенсек, 20 мыңға жуық ерлі-зайыпты сәби сүю мүмкіндігіне зар болып жүр. Нақты саны бұдан да көп екені белгілі. Әлем бойынша жасанды ұрықтанудан пайда болған перзенттің ең алғашқысы жарық дүниеге 1978 жылы, Қазақстан бойынша 1996 жылы келген. Жер-жиһанда қолдан ұрықтанғандар саны 6 миллионнан, ал елде 30 мыңнан асады.
Репродуктолог Айгерім Қырықбаеваның айтуынша, түтікшеден шыққан бала – ата-ананың сан жылдар бойы сарыла күткен үміті. Ол жарық дүниеге келмес бұрын ана жатырында емес, шыны құтының құрсауында жатқан. Соған қарамастан олардың өмірге табиғи жолмен келген балалардан еш айырмашылығы жоқ.
– ЭКО – медицина тілімен айтқанда экстрокорпаральді ұрықтандыру. Яғни табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ ерлі-зайыптылардың аталық ұрығы мен аналық жасушасын алып, инкубаторда бірнеше күн сақтау. Сосын әйел жатырына салу арқылы балалы болу мүмкіндігін беретін, бедеуліктің кез келген түрін емдей алатын әдіс. Табиғи жолмен пайда болған баладан айырмашылығы – ер мен әйелдің аталық ұрығы мен аналық жасушасы адам ағзасының ішінде емес, сыртында қосылады, – дейді Айгерім Бақытқызы.

Мүмкіндікті құр жіберме
Қазақстандағы бедеуліктің көрсеткіші 29 процентті құрап тұр. Оның себебі алуан түрлі. Әсіресе өндіріс орындары көп шоғырланған өңірлерде бедеулік көрсеткіші жоғары. Қазалы теміржол ауруханасының бас гинекологы Индира Опабекова аяқтан суық өткізу, алғашқы балаға түсік жасату, денсаулыққа немқұрайлы қарау әсерінен адам табиғи жолмен бала сүю бақытынан айырылуы мүмкін дегенді айтады.
– Қазақстанда үлкен-кішісін қосқанда 20 ЭКО орталығы бар. Оның екеуі Астана және Алматыдағы мемлекеттік мекеме болып табылса, қалғаны жеке меншік басқаруда.
2010 жылдан бері Қазақстанда бағдарламалық қолдау, яғни квота бөлінді. Биыл жеті мың жолдама қаралғаны қуантады. Ол бір адамға жылына бір-ақ рет беріледі. ЭКО-ны қажет ететіндер міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұруы керек. Әр аймаққа берілетін квота саны бедеулік бойынша тіркеуге тұрғандарға байланысты. Егер тіркелгендердің саны көп болса, квота да көбірек бөлінеді. Ол үшін бала көтере алмай есепте тұрған келіншектерге анықтама береміз. Сол арқылы Қызылордадағы Денсаулық сақтау басқармасына барып кезекке тұрады, – дейді Индира Опабекова.
Егер бұл мүмкіндікті бір рет пайдаланғанда бала болмай қалса, қайтадан кезек күтуге тура келеді. Квота арқылы келген адамдарға қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Бірақ басқа аймақтардағы отбасылар пәтер жалдау, жол жүру, тамақ алу сияқты және бір реттік кешенді тексерілу шығындарын өз қаражаты есебінен төлейтіндігін түсіндірді. Жасанды ұрықтандыруды жүргізетін “ЭКОМед” мамандарының мәлімдеуінше, бір жолғы кешенді тексерілу квота есебіне кірмейді. Өйткені ЭКО сол тексеруден өткеннен кейін ғана жасалады.

Бала сүю бақыты қанша тұрады?
Мамандардың айтуынша, елде ЭКО бағасы басқа мемлекеттерге қарағанда арзанырақ. Олар шетелдегі дәрігерлердің жалақысы жоғары, сондықтан қызмет түрі де қымбат дегенді алға тартады. Өзге елде бұл әдіс бала сүюге бірінші рет талпынғанда орташа есеппен 30-35 мың доллар жұмсайтын көрінеді. Бізде 650 000-1 500 000 теңге аралығында шығындалады. Бұл қаражаттың көбі дәрі-дәрмекке кетеді. Оның түрі мен мөлшері әрбір әйелдің ағзасына, денсаулық жағдайына байланысты жазылады.
Қазақстанда алғаш рет экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы Юлия есімді сәби өмірге келген. Оның жарық дүниеге келуіне репродуктолог-дәрігер Cалтанат Байқошқарова зор үлес қосқан. Қазір Юлия Ұлыбританияның танымал университеттерінің бірінде оқиды. Мектепті алтын белгімен бітірген. Оны 20 жасында денсаулығын тексерген дәрігерлер ешқандай кінәраттың жоқ екенін айтқан.
– Сәби сүю үшін кез келген отбасы барлық қиындықты еңсеруге тырысады. ЭКО жасатуға келгенде ерлі-зайыптылар алдымен психологиялық, моральдық күйзеліске түсетіні анық. Оны жеңіп, бір шешімге келгеннен кейінгі кедергі – қаражат мәселесі. Емделу процесінен бастап, бала сүюге дейінгі аралықта 800 мың – 1,5 миллион теңге көлемінде ақша жұмсалады, – дейді репродуктолог-дәрігер А.Қырықбаева.
Дегенмен кей жағдайда жұмсалған қаражаттың көлемі 1,5 миллион теңгеден асып кетуі ғажап емес. Қарапайым отбасы үшін мұндай қаражатты табу оңайға түспейді. Сол себепті мемлекеттен жыл сайын арнайы квота беріледі. Кезекті күтсе, уақытты өткізіп алудан қауіптенген ерлі-зайыптылар ақылы түрде ем алуға жүгінеді.

Үміт отын жаққан жоба
“Жасанды жолмен ұрықтандыру біріншісінде нәтиже бермеуі мүмкін. Медицина бойынша процесті 4-6 рет қайталап көру қалыпты жағдай. Көбінесе 2 немесе 3 рет қайталағаннан кейін нәтиже шығады. Осы жағдаймен қарастырғанда бүгінге дейін квота саны аздық еткен еді. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған “Аңсаған сәби” бағдарламасы қаншама отбасына үміт беріп отыр.
Бала сүю бақытын аңсап, мұндай кедергілерге кездеспеу үшін дәрігерлер ауырып ем іздемей, ауырмаудың жолын іздеуді құп көреді. Репродуктолог-дәрігерлер бедеулік пен белсіздікке ұшырамас үшін келелі кеңестер ұсынады.
Атап айтқанда, бір сәттік құмарлықтан жұққан инфекцияның әлекке салатынын есте ұстау қажет. Алғашқы жүктіліктің соңы жасанды түсікке әкелсе, ол бедеуліктің басы болуы әбден мүмкін.
Бедеулік пен белсіздіктің алдын алу жолдары бала кезден басталуы керек. Баланың денсаулығын, өмір сүру дағдысын ата-ана үнемі бақылауда ұстауы тиіс. Мектепке барарда тамағына ақша бергенде, оның не алып, не қойғанын қадағалауға тиіспіз. Жеткіншек ұл не қыз баланың дамуы барысында денсаулығы мазалауы мүмкін. Ондайда не жағдай болып жатқанын сұрап, білген жөн. Кішкентай сырқат уақыт өте келе үлкен қиындыққа айналуы мүмкін.
Салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс және уақытылы тамақтанып, спортпен шұғылданған абзал.
Тоғыз жыл бойы перзентке зар болған қазалылық аты-жөнін өзгертуді жөн көрген Гүлмира Нысанбаева қазір шырайлы Шымқалада тұрады. Ол 4 мәрте жасанды жолмен ұрықтандыру жүргізген. Бәрі сәтсіз аяқталған. Соңында күйзеліске түскен оны жұбайы жұбатып, өзге әйелдің көмегіне жүгінуге ой салады. Екеуара келісіп, жалғызбасты жас келіншектің жатырына өз ұрықтарын қондырады. Тоғыз ай оны әлпештеп, айдай сұлу қызды қолдарына алады. Қазір нәресте 3 жаста. Осы күні қанша жыл аңсаған баланың қылығына тояр емес. Бүгінгідей ғылымның берген мүмкіндігіне дән риза.
Әлемде әлі де ғылыми еңбекті мойындамайтындар қатары азаяр емес. Олар жасанды жолмен дүниеге келген баланың ұрпақ жалғастыратын мүмкіндігі жоқ деген пікірді ұстануда.
Бір қызығы, негізгі дерек бойынша экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы өмірге келген шетелдік алғашқы адам Луиза Браунның үш баласы бар. Технологияның қарыштап дамыған шағында балалы болу мүмкіндігі осындай. Тек бала сүю бақытын сезіне алмай жүргендер мүмкіндікті құр жіберіп алмаса екен.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
06 наурыз 2021 ж. 2 708 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031