Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыстың соңғы түні

Қыстың соңғы түні

Тілеухан Жұмаханов – Қызылорда облысы Арал ауданы Ұялы ауылында 15 мамыр 1956 жылы өмірге келіп, 6 сәуір 2006 жылы Алматы қаласында өмірден өткен.
Жазушы, аудармашы, мәдениеттанушы.
Бірнеше көркем-әдеби, ғылыми-танымдық кітаптардың авторы. «Қыстың соңғы түні» атты алғашқы әңгімесі 1985 жылы «Жалын» журналында жарық көрген. Соңғы 2004 жылы баспадан шыққан әңгімелері мен «Қасым хан» атты тарихи баяны да – әдебиетімізде өз орны бар елеулі шығармалар қатарына қосылды. Үнді жазушысы Ананта Муртидің «Самскара», жапон жазушысы Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» повесть романын, т.б. шығармаларды қазақ тіліне аударып, оқырмандарымен табыстырды.
Ел орынға жатар алдында қара-жайын бір айналып, қолдағы бес-алты аша тұяқтың амандығын байқап қайтатын күндегі әдетімен сыртқа шыққан Ақай өзінен-өзі жымың ете қалды. Ымырттағы арқадан соққан желдің қарқыны күшейе бастапты. Сонау көкжиектен қылтиып көрініп, неше күн бойы бері бір жылжымай қойған шоғыр бұлттың қарамы қомақтана түскен бе, қалай?
Желбегей жамылған күртесінен білегін жалаңаштап, желдің ызғарын байқады. Суық сияқты. «Е, не көрініпті». Оқыс шыққан өз даусынан селк ете түсті де, іле бойын жинап, ақырын күбірге көшті. «Не көрініпті жаздай төккен тері, қыстай айтқан зары Құдайдың құлағына шалынатын уақыты болған шығар. Әлі-ақ тіркемесі бар, қорабына сырық жалғанғаны бар талай мәшине мұның да шарбағының алдын бермес».
Күбірлей жүріп, кең қора-жайдың ішіне сыймай, тікенек сыммен қоршалып, бөлек үйілген үлкен маяны бір айналып шықты. Содан соң иелерінің көңіл-күйінен хабарсыз, жайбарақат күйіс қайырып жатқан мал тегін көзімен үнсіз түгендеді. Күнде осы уақытта қара күздің басында-ақ базарға шығарып, пұлын шөпке айналдырған қара ала сиырдың орны үңірейіп тұрғандай көрінуші еді, бүгін көңілі онша қобалжи қойған жоқ.
Сол бетімен үйге маңғаздана кірген. Теледидардағы кино біткенді тауысқан балалары жатуға жиналыпты. Әшейінде «осының арғы-бергі басындағы жылт еткенді түгендеуден өзге шаруаларың жоқ па?» деп ұрсар еді, бүгін оған да зауқы соқпады.
Маңызды шаруасы бардай, ұсақ-түйек қыбыры бітпейтін әйелінің жанында күйбеңдеп жүріп алды. Кеудесін жылытқан қуанышын қалай жеткізудің ретін таппай, «е» тамағын кергені сол еді, әйелі Зағипа алдын орады.
– Оралғы болмай, жатсаңшы. Ертең ана жұмысыңа барып кел. Айлық алып отырған өкіметтің дүниесі...
– Айдаладағы тас пен темірді ит жей ме?!
Одан гөрі маңызды шаруа бар екенін даусымен ұқтырып, жай ғана айта салған. Бірақ Зағипа өршеленіп кетті.
– Ит жей ме?! Қорықшымын деп, өзге шаруаға қолыңды тигізбейсің. Жұрттан ұятты, самаладай еркектің бір күн емес, екі күн емес үйде жатқаны.
– Бар болса, көре алмайтын, жоқ болса, бере алмайтын қасақының сөзін айтпа маған. Осы маңда қарауылдыққа берілетін арық пен канал болса, қорықшылыққа құлшынып отырған адам көп, білдің бе...
Тұтығып сөйлей алмай, сөзінің аяғын сұқ саусағымен сес көрсетіп бітірді. Дәл бүгінгідей күні әйелімен сөзге келемін деп ойламаған. «Әтесіне нәлет, қатын дұшпан деген осы».
«Ау, сонда бұл кім үшін, не үшін сау басына сақина тілеп, бірді екеу етем деп жүр. Қорықшы болса, совхоздың сиыр қорасындағы мазасыз жұмысынан құтылды. Аудандағы суды қарайтын бастықтарды жағалап жүріп тапқаны бір мезгіл қолдағы бес-алты малды күйттейтін, жем-шөбін дайындайтын қол бос, тыныш жұмыс емес пе? Әне, анау шарбақтағы үйілген шөп сол қол бостықтың пайдасы. Мотория Сейсенбайдың әйелі құсап көйлегіңді беліңе қыстырып, ала жаздай шөп орсаң, көрер едім. Ертең сатсаң да қып-қызыл ақша емес пе бұл пішен... Бірақ қызыл сөзден өзге бас пайдасын ойлар түйір ақылы жоқ әйелді жеңіп бола ма?...»
Сонда да Ақай іштегі қыжылын бүгіп қала алмады.
– Күн суытқалы тұр. Ертең ана малға ие бол. Сенсіз осы совхоздың сүті сауылмай қалмас.
– Бір үйге бір арамтамақ жетер...
Ащы сөз жанын шабақтап өтті. Өзге еркек болса жұдырығын ала жүгірер еді. Әлі келмейтін абыройсыз іске араласатын Ақай ақымақ емес. Бар қолынан келгені – байбалам айқай болды. Алдымен әйелінің ата-тегін бір түгендеп өтті. Өз басының жетесіздігін, ақылсыздығын, анау жер түбіндегі құрылысқа тұтқа болам деп жүрген баласының да тартпағыр шешесіне тартқанын... сапырылысқан айқайдың аяғы оралып келіп, былтыр базарға шығарған қара ала сиырға тірелді.
– Әй, жетесіз болмасаң, ана қара сиырдың орнын қалай толтыруды бір ойлап көрдің бе?
– Кәрі сиырыңның жоқтауын тағы бастадың ба? Алған адам да күніге бір қарғап отырған болар.
«Бұған дауа жоқ». Ақай сол бас шайқауымен барып орнына қисайған. Күндегі ұрыдай аңдып тұратын ұйқысы бүгін мұны тастап қашқандай. Жан-жағын анталаған ой. Әсіресе, әйелінің ызасы өтті. «Құдай-ау, талай уақыт ың-шыңсыз түтін түтетіп келді ғой. Анау жылдары той-домалақтан ішіп келіп, жанжал шығарғанда да сыр бермей, ертеңіне жайраңдап ыстық асын ұсынатын бұл қатынға не жорық. Қалай қораға мал үйіріліп, шаңыраққа шыр бітті, қалай бұл қорықшылыққа ауысты, содан-ақ Зағипаның қабағы түсті. Сонда не жетпейді?!».
...Әуелде бұл ауыл балықшылардың қонысы-тын. Талай жердің бауырын жібіткен қасиетті дария теңізге құяр алдында осы маңға бір иірім жасап, шағын көлді жылма-жыл судан кенде қылмайтын. Дария сарқылды, көл ортайды. Сумен бірге азайған балықтан күдер үзген адамдар басқа кәсіпке ауысты. Ауылға көрші «Кеген» совхозының бір фермасы орналасты. Көппен бірге ұлы той, Ақай да білекті сыбанып, совхоз малының күтіміне біраз жыл араласқан.
Су тартылып, думанды шу тарқаса да бұл өлкенің берекесі әлі таусыла қойған жоқ-ты. Жылдар бойы ылғал сіңген көл-табан тұнған қалың шөп, қайтқан көлді қуалай өскен биік құрақ. Жаз шықса, жақын маңдағы бар совхоздың шөпшілері осында. Ауылдағы қолы бос қарттар мен бала-шаға да қарап отырмайды. Жеке меншік малдарына алты ай қысқа азық дайындайды, артылғанын қысылғанда алыстан сәлем жолдаған ағайын-таныстарына жөнелтеді, ара-тұра сататындар да бар.
Әзірше шөп саудасын құнттап кәсіпке айналдырған Ақайдың көршісі – Иманәлі. Әсіресе, өткен қыста...
Сол жолғы көрініс есіне түссе, Ақайдың іші тұз жалағандай ашиды. Әй, Иманәлі де арам екен, бауын елу тиыннан берді ғой. Сонда қанша ақша тапты өзі, қыруар, қыруар... Сонда қызығына есі кете куә болған Ақай да қордағы бар шөбін тиеп жібермек болған. Зағипа қарсы болды. Ертеңгі күнін ойлап артынан өзі де басылған, қыс та ұзаққа созылды өткен жылы. Алақанына түкірумен жаздың шығуын асыға күткен...
Жан-жақтан қаумалаған үзік-үзік елесті қуғысы келгендей Ақай екінші бүйіріне аунап жатты. Бірақ, көкірегіне түйінделген ащы ыза тарам-тарам ойға бастап, соңынан ертеді де жөнеледі. Әсіресе, әйелінің бүгінгі қылығы... «Әтесіне нәлет, – деп күбірледі Ақай, – Құдай да жердегі пенделеріне ала-құла қарайды: біреуге әйелді де, баланы да оңынан үйіп-төгіп бере қояды, ал біреуді ылғи сөз түсінбейтін бірбет тоңмойындардың ортасында жанын шыжғырып, отқа салады. Не істерсің бұларға? Көрер көз, сезер көңіл болса, ана Иманәлінің бала-шағасынан үлгі алмай ма?!
Пайданың көзін тапқан Иманәлі де жаздың шығуына әзер шыдаған екен. Көлдің құрағы бас алмай жатып, орағы иығында бала-шағасын шұбыртып шөпке аттанды. Таңнан саптағы әскердей кетіп бара жатқандары, қас қарая сол сабымен қайтып келе жатқандары. Үйымшылдығын айт, кішкентайына дейін қыңк етіп, дыбыс шығармайды.
Ал, мұның балалары?! Балапан басына, тұрымтай тұсына тарап-тарап жөндеріне кетті. «Жарыс» деп біреу ала жаздай ел қыдыр, доп қуды, «трудлагерьге жазылып едім» деп екіншісі де үйдің бетін көрмеді. Бәрі де шешесінің тәрбиесі...
Бар салмақ жалғыз өзіне түсті. Көз алдында қара-құрым шегірткедей қаптаған көршілерінен қалмаймын деп, өзінің де ала жаздай ақ тер, көк тері шықты. Көл басына түстеніп жатқан сол жанкештілігі шығар, шүкір, жинаған шөбінің қарымы Иманәлінікінен көп болмаса, аз емес. Базарға салған қара сиырының пұлына дер кезінде сатып алғаны тағы бар. Тек мұны қинағаны жиналған мол шөпті шарбағына тасып жеткізу болды. Әлгі мұның Мирасбегімен жасты Иманәлінің тракторшы баласына жалынған. Әкесінен өткен арам екен. Кепкісін қисайтып тұрып «бір қатынауым он бес сомнан» деп қыңырайғаны. Күйіп кетті:
– Әй, бұл ауылда қашаннан бері жұрт көмегін бұлдайтын болып еді.
– Саудаға таныстық жүрмейді, әкесі. Келіспесеңіз, өзіңіз біліңіз.
Әкесінің аузынан түскендей қара жігіт кетуге жиналды. Қайтадан жалынып-жалпайып көнуге тура келді. Сол сәтте есіне ауылдан безіп, алыстағы құрылысқа тұтқа болам деп жүрген жетесіз баласы түскен. «Ит сол, – деп кіжінді іштей, – әкең өзіңдей боқмұрындардың алдында жер болып, жалынады. Сен жүр солай, жүр...»
Кішкентайынан қолының ебі барлығына қарап, Мирасбектен көп үміт күтетін. Сабақты та Иманәлінің баласынан көш ілгері оқыды. Бұл баланы қатты ұстамасаң, бұзылуы оп-оңай екен. Жұрттың балалары құсап ертең дәу бастық болам деп бір жерде оңып жүрсе бір сәрі?! Екі қолға бір жұмыс, әй, осы ауылдан табылмай ма?
Баласы әскерден келіп, жолдастарымен бірге құрылысқа баруға сөз байласқандарын айтқанда, Ақай алдымен қарсы болмаған. «Ақылы бар еді ғой, елдің балалары құсап, ауылдың маңын түртінектемей, алыстан табыс тапқысы келген шығар, сол жағынан қуына түсер», – деп ойлады. Ол үміті бекер екен.
Алдыңғы жылы демалысын алып... ауылға келіп кетті. Екі езуі екі құлағында, «бригадирмін» дейді: жетісіпті, бар тапқаны бригадирлік болса. Келесі күні-ақ Ақай баласына өкпесін төгіп салды.
«Ауылға қайт» – деп қаһарына мінді. Мұның алдын ораған тағы да сол шешесі:
– Отыр әрі, баланың жолына кесе-көлденең тұрмай. Бұл кесе-көлденең тұратындай сол балада, сірә, жол бар ма екен?
Иә өзіне, иә әке-шешесіне пайдасы жоқ, не мақсат қуып жүр сонда?! Түсінбеймін, түсінбеймін...
Көңілсіз ойдан бойы езіліп шаршаған Ақай орнынан тұрып, терезеден сыртқа үңілді. Қар қылаулай бастапты. Манағы жел басылған ба, қара түннің қойнауынан құлықтаған аппақ түйіршіктер терезеге ақырын қонып жатыр. «Е, бәсе, – деп күбірледі қайтадан орнына қисайған Ақай, – қашанғы қыс болмай тұрар дейсің».
Әншейінде желтоқсаннан бастап-ақ қаһарына мінетін бұл өлкенің қысы қас қылғандай биыл жылдағы әдетінен жаңылған-ды. Маужыраған жауын-шашынсыз қалпымен январь да өтті. Енді міне, февраль. Әне-міне дегенше бұл айдың бүгін ортасы болыпты. Қалың қары мен қара суығын бұдан былай төксе де Ақай өкінбес. Ең болмағанда қара ала сиырының пұлын қайтарып алар. Кім біледі, кеш басталған қыстың ішектей созылып жатып алатыны бар. Жел шықты ма дегенде, жан алқымнан алған төтенше қысымға шыдамаған жұрт ертең-ақ мұның шарбағындағы үюлі маяға көз салар. Сылдыр-сылдыр қуар ақша... Әне, сол.
Тәтті ойдың құшағына берілген Ақай бірте-бірте көзі жұмылып бара жатқанын аңғармаған.
Тырс-тырс еткен дыбыстан оқыс шошып оянды. Көзін шапшаң ашып алғанымен, алғашқыда еш нәрсенің байыбына бара алмай біраз жатты. Тырс-тырс дыбыс толастар емес, – бұл не?! Басын жастықтан тез жұлып алды, «жаңбыр ғой мынау». Үзік-үзік болып түндегі ойлары есіне қайта оралды. Бірақ, олардың жүйесін ұстарлық Ақайда шама жоқ-ты. Қолына түскен киімін асығыс-үсігіс үстіне іле салып, сыртқа ұмтылды.
Жаңбыр себелеп тұр. Түндегі қардан жұрнақ та қалмаған, жер мидай езіліп жатыр. Ақай шарбақ сыртындағы үлкен маяға қарай жүгірді.
– Құрыды ғой енді, – бұл жолы даусының қатты шыққанына мән берген жоқ. – Қаншама еңбек рәсуә болды. Шіріді, шіріді...
Асығып жүріп маяның үстінен кесе тартқан арқанға қолын әзер іліктірді. Тырбанып төбесіне шықты. Әрқайсысын жарты теңгеге балап жүрген бау-бау пішендері моп-момақан күйде жауынға жондарын тосып, сұлап-сұлап жатыр. Ақай араларына қолын сұғып, судың қанша жерге дейін жеткенін байқады. «Бұл түрімен келер жылға түгі де қалмас».
– А, құдай, – деп айқайлады мая үстінде жүрелеп отырған Ақай, – А, құдай...
Алысқа бармай жаңбыр шуылына жұтылып жатқан осы бір үнде аянышты өксік бар-ды. Әлде әкесінің қиналысынан бейхабар алыстағы баласына қара қазандай өкпесін ақтарды, әлде отыз жыл жанында жүріп, бүгінгі күні теріс айналған әйеліне деген ызасын төккісі келді, әлде былтыр қара күздің басында базарға салған қара ала сиырының текке күйген пұлына іші ашыды... әйтеуір мамыражай қыстың қоштасу әні сынды сол бір жаңбырлы түнде құмыққан үзік-үзік үн таң атқанша тынбапты.

28 ақпан 2021 ж. 2 743 0

Форум: Прогресс һәм жастар

28 желтоқсан 2024 ж. 88

Байқаңыздар, балақай!

28 желтоқсан 2024 ж. 89

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031