Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкім назары – қалада

Әкім назары – қалада

Негізі әкімдер ауданға басшы болып ауысқан сәтте алға жоспар қоюы керек. Өйткені бюджеттен белгілі бір көлемде ауданға қаржы бөлінеді. Ал жылға арналған жоспар жүйелі болса, оның алғы тірліктері қолға алынса, ауқымды істерді атқаруға болады. Бұл кез келген адамға түсінікті жайт. Ал әңгіме Қазалы ауданы төңірегінде өрбісе алдымен Мұрат Ергешбаев әкім болып тағайындалғаннан бері қолға алынған ауылдық округтерге баратын жолдар жайы ойға оралады.

 Осыдан төрт жылға жуық уақыт бұрын аудан басшысы кәукейліктермен кездескенде, ауыл адамдары аралықтағы жолдың жағдайын күрсініспен баяндаған. Сол уақыттан бастап аудан әкімі тек Кәукейдің емес, басқа да ауылдарға қатынайтын шұрық-тесік жолдарды жақсартуға қаржы тарту амалын іздеді. Бүгінде ауылдардың біразына жеңіл көлікпен-ақ жүйіткіп баруға болады. Бұдан кейінгі уақытта кент аумағына тұрғын үй салу, әлеуметтік нысан мен кәсіпкерлік мақсатта жұмыс істейтін жаңа ғимараттар тұрғызу мәселесіне ден қойды. Өткен жылы Әйтеке би кентіндегі ондаған көшеге асфальт төсетіп, Мұратбаев ауылына көгілдір отын жеткізуді қолға алды. Ал биыл басшы назары қалаға түскенін байқап отырмыз. Өйткені жылдың басы Қазалы қаласында көгілдір отын жеткізу барысы басталғанымен есте қалған.
Тарихы тереңнен сыр шертетін Қазалы қаласының тұрғындары ежелден ауласына бау-бақша егіп, есігінің алдын жасыл-желекке айналдыруды әдет қылған. Оны сонда болған адамның бәрі растайды. Күн жылынып, көктем жақындаған сәтте тұрғындар есік алдын ретке келтіріп, арықтарды қоқыстан тазартады. Көктемнің алғашқы күндерінен бастап арықтарға су жіберілетінін біледі. Қазіргі таңда 3 бірдей су насосы қалалықтарды аяқсумен толық қамтамыз етіп отыр. Соның бірі қаланың батыс беткейінде орналасқан. Алайда бүгінде оның тозығы жетіп, істен шыққан. Мұны Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеуден естідік.
– Осындай мәселе бар. Су насосын жаңалау үшін жоба дайындалып, мемлекеттік сатып алу жұмысы жүргізілуде. Жаздыгүні балалар шомылатын арнайы орын салуды да жоспарға кіргіздік. Мұнымен қоса жақын күндері тұрғындар айтып жүрген Ш.Уәлиханов көшесіне лоток қою жұмысын бастаймыз. Ол Ү.Түктібаев көшесіне дейін орнатылады, – деді Р.Жәдігерұлы.
Қала әкімінің әңгімесінен кейін М.Нәлхожаұлы аталған насос қаланың қанша процентін тіршілік нәрімен қамтамасыз ете алатынын сұрады. Ал ол жалпы көлемнің жартысы бақшасын суаратынын жеткізді.
– Аталған мәселені уақытылы аяқтауға күш салу керек. Көктем келетін күн алыс емес. Сондықтан аяқсу беретін маусымға дейін жұмыстар толық аяқталу қажет. Ең бірінші кезекте жұмыстың сапасына мән беріңіздер. Құрылғының қауіпсіздігіне де жауапты қызметкер бекітіңіз. Балалар игілігіне байланысты қолға алынған жобаңыз орынды. Бірақ олардың қауіпсіздігі басты назарда болсын. Шомылатын орынның тереңдігін 1,2 ­метрден асырмай, сақтық мақсатында маман бекітіңіздер, – деп нақты тапсырма берді. Осыдан кейін қаладағы жолдар мәселесі сөз болды.
Биыл Қазалы қаласындағы 10 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Жолдарды асфальттаудан бөлек коммуникациялық құдықтарды ұлғайту, аяқсу құбырларын ауыстыру сияқты жергілікті тұрғындарға қажетті тірліктер бар. Оны аудан әкімі көзбен көріп қайтты.
– Жөнделетін көшелердің барлығы да бұрын асфальттанбаған және әлеуметтік нысандарға алып баратын жолдар екен. Бұл кемшілікті жою міндеті тұр. Жеңімпаз мекемелер анықталған соң жұмыстың сапасы жайында талап қоямыз. Оның орындалуы да тікелей бақылауда болады, – деді М.Нәлхожаұлы. Ол сондай-ақ Бөлекбаев көшесін асфальттау керегін айтты. Аталған шаруа келер жылдың еншісінде қалғаны айтылғаннан кейін әңгіме Қазалы қаласындағы тері-жіңішке аурулар бөлімінің бос тұрған ғимаратында жалғасты.
Қазалы ауданында бос тұрған мекеме ғимараттарын жөндеп, жатақханаға айналдыру жұмыстары жолға қойылған. Бұған дейін Әйтеке би кентіндегі көне аудандық аурухана мен №204 мектептің ғимараттары жөнделіп, жатақханаға бейімделді. Бүгінгі таңда мұнда 100-ге жуық отбасы тұрып жатыр. Ергешбаев осы тәжірибені қалаға да алып келу керектігін айтты. Айтып ғана қоймай, өзімен еріп жүрген аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаевқа ғимаратты толық зерттеп, жатақханаға бейімдеу үшін жоба дайындауды тапсырды.
– Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 1500-ден астам адам тұр. Бұл тізімге ілінбей қалған баспанасыз тұрғындар қаншама?! Олар ай сайын 30-40 мың теңгеге пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Біз осындай азаматтарды уақытша болса да баспанамен қамтамасыз етуіміз қажет, – деді аудан әкімі. Сонымен бірге жоба дайындалғанда тұрғындарға қажетті барлығына ортақ тамақ дайындайтын орын, душ, есіктің алдында балалар ойын алаңы болу қажеттігін баса айтты.
Ал Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеуге жергілікті қоғамдастық жиынында осындағы бос тұрған ғимараттарды жатақханаға бейімдеуге байланысты мәселе көтеріп, халықтың ой-пікірін толық тыңдайтынын айтып қалды.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
16 ақпан 2021 ж. 2 544 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 22

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930