Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы салымы: емделудің ережесі неге көрінбейді?

Зейнетақы салымы: емделудің ережесі неге көрінбейді?

Былтыр жыл аяғында  елде зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғындар игілігіне беру туралы бастама көтеріліп, оның шекті сомасы, бірқатар ережелері бекітілгенін білеміз. Бұл қазақстандықтар үшін күтпеген жаңалық болғаны рас.
Алғашында  зейнетақы жинағының бір бөлігі азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделу және қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдаланылатыны  айтылған еді. Жыл басында оған экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) әдісі арқылы сәбилі болу қосылды. Зейнетақы қорындағы қаражатты игеру үшін респуб­лика бойынша оператор ретінде «Халық банкі» және «Отбасы банкі» бекітілді.  «Отбасы банкі» тарапынан арнайы платформа іске қосылып, жұмыс жүргізілуде. Осы айдың басында арнайы брифинг берген «Отбасы банкі» облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің талабына сәйкес салымшылар жинақ қаражаттарын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 7 мақсатқа пайдалана алатынын айтты. Бүгінге дейін банктен 107774 арнайы шот ашылып, бірыңғай зейнетақы төлемдерін алуға платформа арқылы 83436 қазақстандық өтінім қалдырғанын, оның ішінде 49257 азамат өз қаражатын пайдалануға мақұлдама алғанын жеткізді. Осы орайда зейнетақы жинағының бір бөлігін емделу мақсатында алушыларға қандай ереже бекітілді? Облыс көлемінде бұл мақсатта қанша адам қаржысын алуға ниетті? Әсіресе, қандай емдерге сұраныс көп? Жауап іздеп көрген едік.
ҚР Денсаулық сақтау министр­лі­гі­нің facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында біржолғы зейнетақы төлемдерін қосымша медициналық қызметтерге пайдалану ережесінің жобасы дайын болғаны туралы 28 желтоқсанда өткен арнайы брифингте министрліктің медициналық көмекті ұйымдастыру директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаеваның хабарламасы жарияланған екен. Он­да  «Ережеде біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану тәр­тібі және медициналық қыз­мет түр­лерінің тізімі анықталды. Қа­зақ­стан­дықтар бекітілген тізім бо­йын­ша орфандық ауруларға қымбат ем қабылдайды, дәрі-дәрмек­пен қам­тамасыз ету, сондай-ақ, емдеу тактикасын айқындау үшін диаг­ностикалық зерттеулер, медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қыз­меттерді, операциядан кейінгі тыр­тықтар мен туа біткен ақауларды, ра­дионуклидтік және радиойодтера­пияны талап ететін ауруларды тү­зету мақсатында реконструкциялау және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларын жасата алады, радио­хирургиялық емдеу (гамма-пышақ, ки­бер-пышақ), протондық терапия, отандық медициналық ұйымдарда, оның ішінде ел аумағында орналасқан санаторий-курортта медициналық оңалту, офтальмологиялық қызметтер (көру қабілетін лазермен түзету, муль­тифокальді линзаларды пайдалана отырып, катарактаны емдеу) көр­сетіледі.
Шотыңызда емделуге берілетін бір­жолғы зейнетақы төлемі жеткілікті болған жағдайда, емделу үшін тір­келген жеріндегі медици­налық ұйым­­нан дәрігерлік комиссия­ның қо­­ры­­тындысын аласыз. Пациент өзі шетелдік немесе отандық меди­ци­налық ұйымды таңдайды және емдеу туралы шарт жасасады. Әрі қарай ЭЦҚ көмегімен уәкілетті опе­ратордың интернет-ресурсында авторизацияланады және өзінің жеке кабинетін ашады. Жеке кабинетте сомасын, пайдалану мақсатын көрсете отырып, зейнетақы төле­міне арналған электрондық өті­нішті толтырады, дәрігерлік комиссия қорытындысының сканерленген көшірмелерін, медициналық ұй­ым­мен емдеу туралы шартты тіркейді және өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады. Уәкілетті оператор алушы ұсынған біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсаты бойынша құ­жат­тарды тексергеннен кейін және сәйкес келген жағдайда оларды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде азамат таңдаған медициналық ұйымға қаражатты аударады» – делінген.
Министрлік парақшасындағы осы мәлі­метті оқығаннан кейін өңірдегі ахуалды біл­­мекке тиісті орындарға хабарластық.  Ал­ды­мен «БЗЖҚ» АҚ Қызылорда облысы филиалы ди­рек­торының орынбасары Алмас Сәр­сембаевпен сөйлестім. Алмас Әбді­­қалықұлы емделу жайында тұр­ғын­­дар­дан ауызша сұрақтардың болып жатқа­нын жасырмады.
– Зейнетақы жинағының бір бө­лігін емделуге пайдалануға болады. Осыған байланысты тұрғындардан ауызша сұрақтар болып жатыр. Бірақ, өкінішке орай, бізде оған қатысты нақты ереже, қандай да бір ақпарат жоқ. Ережені  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеуі тиіс. Бұл туралы бір білсе «Отбасы банкі» білуі керек. Жұмыс енді жүріп жатыр, алдағы уақытта нақты ақпарат келетін шығар,– деді ол.
Осыдан кейін «Отбасы банкі» облыстық филиалы өкіліне хабарласып, емделуге қатысты сұрау салдым. Оның да жауабы мардымсыз шықты. «Бізде емделуге қатысты нақты ақпарат жоқ. Ол туралы облыстық ден­саулық сақтау басқармасынан сұ­раңыз. Емделуге қатысты ереже ең алдымен соларға келуі тиіс. Егер алдағы уақытта біздің қолымызға қандай да бір ақпарат келіп тисе, сіздерге айтатын боламыз» деді ол. Филиал өкілінің бұл жауабына қанағаттанбаған мен директорына қоңыраулаттым.
– Біздің банк баспанаға қатыс­ты нақ­ты ережені жасап, бекітті. Бү­гінде ол бойынша қарқынды жұ­мыс жүргізілуде. Ал емделуге қа­тысты ештеңе айта алмаймын. Ол тура­лы қолымызда бекітілген ереже, құжат жоқ. Оны денсаулық сақтау бас­қармасынан сұрау керек, – деп қысқа қайырды Әділжан Сәулебаев мырза.
«Мақта қыз бен мысық» ертегісіне ұқсап кетті ме, қалай өзі? Хош.
Сонан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына сұрау салдым. Сәбит Пазылов мырзадан да мардымды жауап болмады. Тіпті, «бұл тақырыпты жақсы қозғап отырсыз. Мен зейнетақы жинағының бір бөлігін емделуге жұмсау туралы нақты білмейді екенмін. Министрлік тарапынан бізге ешқандай ақпарат келген жоқ. Сіз айтқан соң зерттеп көруді ойлап отырмын», – деп ағынан жарылды.
Сонда деймін ғой, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жоғарыдағы хабарламасы тиісті орындарға тара­тылмағаны ма? Әлде басқа да себебі болды ма екен? «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейтін халқымыз баспана мәселесін шешуді көксейтіні рас. Бірақ, бірінші байлық – денсаулықты ысырып тастау қалай болар екен? Әсіресе, бала сүю бақыты бұйырмай жүрген отбасыларда зейнетақы салымын ЭКО жасатуға жұмсауға болатынын естігелі тағат қалмаған шығар. Айта кету керек, бұл ұсынысты «Отбасы банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова  көтерген болатын. Себебі ол отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, сол қоғамдық жұмысы барысында ЭКО-ға мұқтаж бір келіншек өтініш білдірген.  «ЭКО  жасатуға елімізде квота бар, бірақ жетпейді. Әлгіндей ұсыныс береміз, себебі зей­нетақы салымын осы бағытта жұм­сау жайлы ережеде жоқ. Бірақ қарас­тыруға болады» деген болатын ол. Талай ерлі-зайыптының үміт отын жағуға себеп болған осы жаңалыққа бейжай қарамай, жүзеге асыру ме­ханизмін жылдамырақ шешсе дұрыс болар еді. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің жоғарыдағы хабарламасында байқасаңыздар, ЭКО жайлы айтылмаған. Өйткені ол туралы жыл басында ғана белгілі болғанын айттық. Дегенмен, онан бері де бір жарым айға жуық уақыт өтті. Сонан бері нақты ережесі бекітіліп, көп­шілікке таныстырылмағаны көңілді күпті етеді. Ал денсаулық мәселесінде уақытты өткізіп алмаудың қанша­лық­ты маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Мәліметтерге сүйенсек, елімізде әрбір алтыншы отбасы бала болмау себепті ажырасады екен. Бүгінге дейін 24 мың нәресте дүниеге келген. Қазақстанда жыл сайын орташа есеппен 10 мыңдай ЭКО жасалады. Оның қаншасының нәтижелі болғаны туралы нақты статистика жоқ. Дегенмен, бұл тәсіл адам санын өсіретін  шара ретінде қарастырылып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында Қазақстан халқының саны Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда аз екенін айтып, Үкіметке «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Оған сәйкес, эксракорпоральді ұрықтандыруға бө­лінетін квотаны 7 мыңға дейін, яғни, 7 есе көбейту қарастырылды. Ол биылдан бастап іске асырылмақ.  Енді бұл бағдарламаға қосымша зейнетақы салымының бір бөлігін пайдалану да қосылып отыр. Бұл ЭКО жасатуды жеңілдетеді деп сенеді мамандар. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей, тиісті орындар жүзеге асырудың нақты механизмін, ережесін көрсете алмай дал.
Облыс тұрғындары үшін де ЭКО мәселесі өзекті. Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының дерегіне сү­йенсек, өңірде ұрпақ өрбіту жасын­дағы әйелдер саны – 166562. Қазіргі кезде аймақта 6320 отбасы өмірге ұрпақ әкелу бақытына ие бола алмай отыр.
Облыста 2015 жылы – 34, 2016 жылы – 35, 2017-де – 38, 2019 жылы – 36, былтыр 44 квота берілген. Был­­тырғы 44 квотаның ішінде қа­зір­гі кезде 16 әйел жүкті. Бұл 36,3 про­центті құрайды. 21 әйелдің мұз­да­тылған эмбрионы сақталған, ЭКО-ға бару жоспарланып отыр.  910 отбасы денеден тыс ұрықтандыруға тіркелген.
– Биыл «Аңсаған сәби» бағдар­ламасы бо­йын­ша облысқа 281 квота бөлініп отыр. Кезекте тұрған от­басылардың барлығы өңірлік ко­мис­сия арқылы қаралып, қолданыс­тағы бұйрықтарға сәйкес жолданатын болады. Былтыр бар болғаны 44 квота бөлінген еді биылға өзіңіз байқағандай неше есе көп. Бұған қуанып отырмыз. Ал зейнетақы салымы бойынша ЭКО жасатуға ниеттілер, емделушілер туралы нақты ақпарат жоқ әзірге. Менің ойымша, олар жеке клиникалар арқылы келісіп, зей­нетақы қорына, банкке өтініш беретін шығар, – деді басқарма басшысы.
Репродуктолог-эмбриолог Салтанат Бай­қошқарова ЭКО жасауда әйелдер үшін ең бірінші уақыт өткізіп алмаудың маңызды екенін айтады. Өйткені әйелдердің жылдан жылға  бала сүю мүмкіндігі азая береді. Квота бөлуге бекітілген ережеде де әйелдердің жасы 18-бен-42 жас деп нақты көрсетілген. Сондықтан бұл мәселеде уақытты оздыра бермеген маңызды.
Зейнетақы салымы арқылы емделуге болатын аурулар ішінде тіс емдету бар. Бұл жөнінде қандай да бір ақпарат білер деген үмітпен облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас стоматологы Қонақ­бай Мүсілімовтен сұрадық. Ол да бұған қатысты нақты ақпарат біл­мейтінін ашық айтты.
Қысқасы, зейнетақы салымын ме­­дицина­лық мақсатта жұмсауға бай­­ланысты ми­нистрлік тарапынан ай­тылғанымен, нақты істің ізі көрін­бейді. Әйтсе де, қаншама адам­ның үмітін оятып, сенімін ұштаған баста­маның сәтті жүзеге асарына сенгіміз келеді.
16 ақпан 2021 ж. 2 352 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 73

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 78

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 61

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930