Қызылордалық зияткер баламалы қуат көзін ұсынады
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Мерей Сембай қала көшелерін жарықтандырудың тиімді әдісін ойлап тапты.
Жас новатор ұстазы Жеңісбек Жалмұрзаевпен бірге көліктердің қозғалысы арқылы электр қуатын өндіруге болатынын ғылыми дәлелдеді.
Көшеде үздіксіз ағылған көліктерді көрген сайын Мерей «олардың жылдам қозғалысы арқылы қандай пайдалы дүние жасауға болады?» деп іздене бастаған. Арада біраз уақыт өткен соң жетекшісі Жеңісбек Жалмырзаевпен осы тақырыпта ой бөлісіп, жоба жайлы талқылаған. Зерттей келе автокөлік қозғалысындағы шығын энергиясынан электр энергиясын өндіріп, баламалы қуат көзіне айналдыру туралы идея туындаған.
«Жүрген көліктерден энергия өндірудің шағын макетін жасадық. Өндіру механизмі бірнеше бөлшектерден тұрады және көліктер көп шоғырланған аймақтардың көшелерінде жер астында орналастырылады. Олар жылдамдық бəсеңдеткіш төмпешіктерге ұқсас болады. Аталмыш платформадан көлік өткен сайын құрылғы төменге түсіп, қайта орнына келу арқылы энергия өндіреді», – дейді жас өнертапқыш.
Механизм құрылысын сипаттау және қажетті есептеулер жүргізу үшін жоба авторлары Қызылорда жылу электр торабының қызметкерлерінен кәсіби кеңестер алды. Сол жердегі генераторлардың жұмысын қадағалап, оның параметрлері мен құрылғылар өлшемдері жайлы ақпарат жинақтады.
«Бұл – электр энергиясын адам денсаулығына, қоршаған ортаға залалсыз түрде алудың тиімді əрі қарапайым жолы. Құрылысы қарапайым болғандықтан қомақты сумманы қажет етпейді, дегенмен белгілі аумақты жылдар бойы ешқандай шығынсыз жарықпен қамтамасыз ете алады. Мәселен, 20-дан астам жылдамдық бəсеңдеткіш төмпешіктедің орнын осындай 10 конструкциямен алмастырсақ, үш жылдың ішінде 70 млн. тг қаржыны үнемдей аламыз», – дейді жоба жетекшісі.
Қызылордалық новаторлар бұл экономикалық, экологиялық және энергетикалық тұрғыда тиімді саналатын жобаның әзірге отандық тәжірибеде баламасы жоқ дейді. Сондықтан алдағы уақытта тың технологияны патенттеп алып, өндіріске қосуды мақсат етіп отыр.
Мерейдің альтернативті қуат көзі 20 күндік ұлттық STEAMUP жарысында ІІІ орын иеленді. Сондай-ақ, физика пәніне ерекше қызығушылық танытқан дарынды озат оқушыға Стенфорд университетінің жазғы оқу курсына қатысуға жолдама да беріліпті.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алу үшін қонкурстық іріктеуге қабылдау жүріп жатыр. Қаңтардың 23-не дейін жалпы білім беретін 6-сынып оқушылары тиісті құжаттарды тапсырып үлгірулері қажет. Толық ақпарат kzl.nis.edu.kz сайтынан біле аласыздар.