Қызылордадағы НЗМ ең үздік команда атанды
Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары арасында өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша желілік ғылыми жобалар сайысында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары 7 жүлделі орын иеленді.
Қызылордалық зияткерлер сайысқа 10 ғылыми жоба мен авторлық өнертабыстарын ұсынды. Бірі жүрек ақауларын анықтайтын электрокардиограф жасап шығарса, басқалары баламалы энергия көздерін алу, талдарды егуге арналған құрылғы мен жылыжайда мәдени өсімдіктерді өсірудің заманауи технологиясын таныстырған. Сондай-ақ, жас өнертапқыштар суды өндірістік қалдықтардан тазалау, Сырдария өзенінің ластану аймағын анықтаудың жаңа әдістерін жасап шығыпты. Сайыста балалардың тілдік дағдыларын арттырудағы тың идеялар мен Қазақ хандығындағы билер институтының рөлін зерттеу жобалары да жоғары бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша 7 жұмыстың авторлары жүлделі орындармен марапатталды. Атап айтқанда, 8-сынып оқушысы Бекжан Бектұрған, 12-сыныптан Гүлдана Сәбитова мен Дәулет Райымбаев және 10-сыныптың білім алушысы Зарина Айсайтова жеңімпаз атанса, 9-сынып оқушылары Нұрназар Түрікбен, Тоғжан Марат және Жұлдызай Мұнайтбасова жүлделі 2-орынды иеленді. Ал 12-сынып оқушысы Мерей Сембай мен 9-сыныптан Жібек Көшербаева үшінші тұғырдан көрінді.
Жалпыкомандалық есепте Қызылордадағы NIS "Ең үздік команда-2020" атанды.