Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Желіде жел тұрды: «Қорапқа толған қызметтік көлік»

Желіде жел тұрды: «Қорапқа толған қызметтік көлік»

Бұған дейін желі қолданушылары мен газет оқырмандары тарапынан жергілікті жедел-жәрдем қызметінің кейбір келеңсіз тұсы жайында шағым көп түсіретін. Оның жай-жапсарын сұрастыра келе жедел көліктің көмекке кешігіп келу себебі науқастың жағдайының нашарлығына байланысты екені туралы ақпар алғанымызды айта кетейік. Ал әлемді жайлаған коронавирус Қазалыға жеткенде алғашқы медициналық көмек беретін ақхалаттыларды шақыру мұңға айналғанын жұрт бүгінге дейін айтуда. Жақында Instagram желісіндегі танымал топтың бірі – kazaly_365 парақшасында «Қазыбаев қағаз тасытып жүр ме?» деген сарында жұртты шулатқан пост жарияланды.
Мәселе былай болған. Әлемжеліде тез тараған суреттен жедел жәрдем қызметкерлері қызметтік көліктен тапа-тал түсте қаптама қағаздарды (картон) бір үйге тасып жатқанын анық байқауға болады. Желі қолданушылары оқиғаның Жанқожа батыр атындағы көшеде, жаңадан салынған үй алдында орын алғанын, үй жедел жәрдем станциясының басшысына (ред. С.Қазыбаев) тиесілі екенін жазған. Ондағылардың сөзіне сенсек, аталған мекеме басшысы қол астындағы қызметкерлерін жеке шаруасына жегіп қойған. Бұл жайында қазалылықтардың пікірі де сан түрлі. Постқа пікір қалдырған «sakypzhamal.s»-тің сөзіне зер салсақ, «түсіністік» танытуға болатын секілді.
Мәншүктің үйі емес пе – балалар дәрігері. Күйеуі «скорыйдың» бастығы деп еді. Ақшалары болмай қалған шығар, жүк машинасын жалдауға», – деп шымшыма әзілмен орғытып алған.
Соңғы кездері желіде жергілікті басшылардың қызметкерлерді күштеп жеке шаруасына пайдаланатыны туралы әңгіме көбейгені рас. Бұл басшылардың қызмет барысында халық мүддесін емес, жеке басын күйттеп жүргенінің белгісі. Олардың бәрі бірдей деуден аулақпыз. Десек те «nursaule909000» деген атпен тіркелген желі қолданушысының: «Тағы бір мәдениетті құл иеленуші ме?» – деген пікірі оқыған жанның күлкісін келтірді. Қалай болғанда да жедел жәрдем қызметкерлерінің жазығы жоқ. Бұл тұста сынға бейжай қарай алмаған «danshogulnaz»-дың ойы ойландыратыны рас.
– Сұмдық. Бұл фельдшер мен шопырдың жазығы жоқ. Қорқытады. «Жұмыстан шығарамын», – деп. Амал жоқ, айлығы жүрсе болды деп жүреді бұл жандар. Анау бастық сымағы жауап беруі керек. Халықтың игілігіне пайдаланатын көлікті, адамдарды өз жұмысына жұмсап отыр ғой мына адам. Өз мамандығына, жұмысына адалдығы қайда? Осындай басшыларды құрту керек. Жалғыз бұл емес, барлық жерде бар. Басшылар үйіне, жұмысына халықты құл тәрізді жұмсайды. Арсыздар! – деп ызаланған.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» қалыптастыруды басшы-қараларға тапсырғанын білеміз. Қазалылық шенділер бұрыннан жергілікті жұрттың пікірімен санасып, олар көрсеткен заңбұзушылықтарды жоюға күш салып келе жатқанын айтпай кетуге болмас. Осы тұста аталған мәселеге байланысты да жұрт әділдікті талап етіп, жабулы қазанның сол күйінде қалмауын қадағалауды сұрап отыр. Мәселен, «kulnyazova69» атымен тіркелуші: «Масқара! Әкім мырза, шара қолданыңыз, әйтпесе министр мырзаға жібереміз», – десе, «erlanaaat» есімді ер: «Прокуратураға жазу керек қой. Үкімет бастықтарға берген ол көлікті. Әкімге айту керек», – деп мұндай керағар әрекеттер жазасыз қалмауы керек екенін алға тартады. Дегенмен болған істі ақтап, жақтағандар да пікір қалдырған. Әсіресе «ablaevavenera» есімді қолданушының: «Бал ұстаған бармағын жалайды. Кім болса да осылай істейді», – деген ойы мен «samalturebaevna»-ның: «Әйтеуір бір бәле іздеп, үйтіліп бара жатқан адам... Сен де жаса, қолыңда болса. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген бар сөзіне «ұнату» басқандардың саны басым. Айта кетейік, Instagram желісіне жарияланып, көптің наразылығын тудырған пост бірнеше сағат өтпей өшірілген.
Бүгін зайырлы, адам құқығы жоғары бағаланған елде тұрсақ та мұндай жағдайды кездестіруіміз бірінші рет емес. Ескіден қалған ­бюракратиядан арылмай, жеке бастың мүддесіне жұмыс істеу басшылық тарапынан көп кететін қатенің бірі екені айтпаса да белгілі. Әсіресе антына адал мекеме басшысының бұлай жасауы жұрт көңіліне кірбің ұялатып отыр. Мұндай мәселелер қоғам дамуына кедергі келтіретіні ақиқат. Бір анығы, заңбұзушылардың заңды айналып өтуі халықтың билікке деген сенімінен айырады.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

05 желтоқсан 2020 ж. 1 278 0

Соғыстың соңғы сарбазы

07 мамыр 2024 ж. 75

Сенімі нық сарбаздар

07 мамыр 2024 ж. 77

Ел үмітін ер ақтар

07 мамыр 2024 ж. 70

Әскердегі әсерлі сәт

07 мамыр 2024 ж. 71

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 99

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031