Тұрғындар тілегі ескеріледі
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауылдарды аралап, ондағы тыныс-тіршілікпен етене танысып қайтты.
Таңертең Бекарыстан би ауылынан басталған сапар кешкілік Жанкентте аяқталды. Жанына әр саланың тиісті басшыларын ерткен аудан басшысы жолай Майдакөл, Ү.Түктібаев, Бозкөл, Қожабақы, Бірлік елді мекендеріне соғып, осындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Тұрғындарымен жүздесіп, әр сала бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.
– Биылғы жылдың ерекшелігіне қарамастан ауданда ауқымды шаруалар атқарылып жатыр. Биыл мемлекет үшін де, халық үшін де қиын уақыт болды. Алайда халықты еңбекпен қамтып, жұмыссыздықтың алдын алу үшін 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасы қабылданды. Соның нәтижесінде өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, бірқатар шаруаның шешімі табылды, – деді ол.
Кездесуге жиналған тұрғындар кейбір түйіткілді мәселелерді ортаға салды. Ауыл көшелерін жөндеу, кәсіпкерлікпен айналысушыларға қолдау көрсету, интернет желісінің жылдамдығын арттыруға байланысты ұсыныстар айтылды.
Бекарыстан би мен Майдакөл ауылының тұрғындары медицина мекемелеріндегі қызметкерлер санын көбейтуді сұраса, түктібаевтықтар ауылға банкомат орнату жөніндегі тілегін жеткізді. Өркендеу ауылдық округінің халқы Жанкент пен Бірлік ауылдарына жаңа жедел жәрдем көлігін алып, «Қарлаң» өткеліне темір-бетон көпір салу жайын қозғады.
Өз кезегінде аудан басшысы Мұрат Ергешбаев халық мұқтаждығын шешу жолында бірлесе іс атқаратындығын тілге тиек етті. Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірдің әрбірі мұқият зерттеліп, кейбірін оңтайлы шешілу үшін Сенат депутаттары назарына жетікізілетін болады.
Айта кетейік, Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында құны 3 млрд 11 млн 89 мың теңге болатын 42 жоба іске асырылып жатыр. Ал, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы бөлінген 930,4 млн теңгеге Бекарыстан би ауылында ауқымды шаруалар атқарылуда.
Ж.СОВЕТҰЛЫ