Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өткізілді
Бүгін аудан әкімі М.Ергешбаевтың қатысуымен аудандағы үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерімен еркін форматта кездесу өткізілді.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларды ілгерілету, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру және белсенділіктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Аудан басшысы өз сөзінде мемлекеттің қандай да болмасын бастамасын жүзеге асыру жолында қоғамдық ұйымдардың маңызы өте зор екенін атап өтті.
Жиын барысында «Білім беру ұйымдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Қуанышбаев, «Өнегелі» қоғамдық қорының төрағасы М.Дүйсен, «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н.Әшір және «Ұрпақтан-ұрпаққа» облыстық қоғамдық бірлестігінің Қазалы аудандық филиалы директоры Б.Кашимов атқарған жұмыстары туралы пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, алдағы уақытта ауданымызда өткізілетін шараларға белсене әрі бірлесе атсалысатындықтарын жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тарапынан азаматтық сектордың қызметін жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды.
Айта кетейік, бүгінде Қазалы ауданы бойынша 48 үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Оның ішінде 19 ұйым тұрақты түрде белсенді жұмыс жасап келеді.
"Қазалы" ақпарат