Ауқымды мәселелер айтылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа дәстүрлі Жолдауын арнады. Онда көптеген ауқымды әрі маңызды мәселеге назар аударылған.
Солардың қатарында білім саласы туралы сөз қозғалып, мұғалімдер жалақысы 25 процентке көбейетіні мәлім болды. «Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 процентке көтеру жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді», – деді Қ.Тоқаев. Сондай-ақ қашықтан білім беру жүйесін жетілдіру тапсырылды. Себебі уақыт соны талап етуде. Елдің келешегі білімді ұрпақтың қолында десек, балалардың толыққанды білім алуына жағдай жасалуын болашақтың қамын жасаудың жарқын белгісі деп бағалаймыз.
Баспананың біздің қоғамда өзектілігі жойылар емес. Осы ретте Президент 2021 жылдан бастап 700 мың салымшы зейнетақы қорындағы қаржысының жартысын үй алуға, ем шараларына жұмсауға, қаржы компанияларының пайдалануына бере алатынына мән берді.
«Баспана алу үшін кезекте тұрған азаматтардың мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Бүгінде әкімдіктер бұл мәселені өздері шешіп жатыр. Оның уақытты талап етері сөзсіз. Жүйеге өзгеріс керек. Бөлінген қаржы тек құрылысқа емес, жалға алу төлемін субсидиялауға да бағытталуы керек. Реформа нәтижесінде, алғашқы жылы 100 мың отбасы көмек алады. Бұл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде құрылатын «Отбасы» банкіне міндеттелді. Банк басшылығы тапсырманың орындалуына жауапты» деген Президент көптің жүрегіне мол қуаныш сыйлады.
Роза АСАНОВА,
Қазалы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы