Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шекара тыныштығын күзеткен

Шекара тыныштығын күзеткен

ҚР Үкіметінің Қаулысымен 2017 жылы «Оңтүстік» өңірлік басқармасы 2019 әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара заставасының атауы өзгертілген болатын. Оған ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, отаршылдарға қарсы Сыр бойындағы халық көтерілісінің басшысы, қазақ даласының хас батыры – Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімі берілді.
Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел, халық алдындағы парызын адал атқарған ХVIII-XIX ғасырда Сыр бойы мен Арал теңізі аймағындағы халықтың ұлт-азаттығы жолындағы күресінің қаһарманы. Ол – оңтүстікте Қоқан мен Хиуа хандығының шапқыншылығына, батыста Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы қозғалыстарды ұйымдастырған даңқты қолбасшы. Озбыр да өктем жауға қарсы азаттық туын көтеріп, өмірінің ақырғы күндеріне дейін аттан түспеген батырдың аңсаған арманына бүгінгі ұрпақ жетіп отыр.
Жанқожа бабаның ұрпағына «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат қалдырғаны туралы тарихта деректер бар. Әлі күнге батыр баба шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай. Бұл күні-түні ел мен өңір тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген сарбаздарға асқақ рух, айбат беріп, жігерлендіре түсері сөзсіз.
Ел ағаларының айтуынша, батыр бабалар атымен аталған шекаралық заставалар – өзге мемлекет азаматтарына Қазақстанды өз тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел ретінде көрсетіп тұрады. “Бұл ел шебі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаушы шекарашыларымызды дархан далаға қалқан болған батыр бабалардың ұлы рухында, Мәңгілік елдің мақсат-мұратында тәрбиелеуге үлес қосады. Қазақстан тарихында ерекше орын алар тұлғалардың атын мәңгі қалдыруға қызмет етеді. Сондай-ақ есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері арқылы жас ұрпақтың туған жер тарихын тануына ықпал жасайды», – дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
1999 жылы құрылған «Қызылқұм» шекара заставасы күн-түн демей, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекарасын күзету міндетін атқарады.
Біздің жерлесіміз Бахтияр Әбдіреймов “Жанқожа батыр атындағы” шекара заставасында 10 жылдан аса қызмет етіп келеді. Қырағы шекарашы келісімшарт бойынша қызметтік иттер тобының аға нұсқаушысы, топ бастығы. Өзінің “Маршал” есімді жеке иті бар. Бахтияр оған 1 жасынан бастап, шекара бұзған адамды іздеуді, ұстауды, айдауылдауды және шекара аумағын күзетуді үйретеді.
– Бізге неміс овчаркаларын Алматыдағы оқу орталығы 6 айлық күшік кезінде жібереді. Келген иттерді өзіміз жаттықтырып аламыз. Бір иттің қызмет ету мерзімі 8 жыл, одан соң қызметтік демалысқа шығарамыз. Алғаш жұмысқа орналасқанымда “Серый” есімді овчарканы шекара қызметіне бейімдегенмін. “Маршалмен” 6 жыл жұмыс істеп келемін. Итке бөлек тамақ беріледі. Күніне 400 грамм ет, 600 грамм тары, 150 грамм картоп, 50 грамм қызылша, 15 грамм мал майына 15 грамм тұз салып, асып беремін. Үстін тарап, душқа шомылдырамын. Әскери ветеринариялық дәрігерлер қажетті дәрумендер мен мерзімді аурулардың алдын алатын егулерді егеді. Егер күзет иті ауырып қалған жағдайда алғашқы көмекті өзім жасаймын, – дейді Бахтияр Жеткербайұлы.
Оның айтуынша, ел аумағынан заңсыз өтуге рұқсат жоқ. Бүгінде ол күн-түн ұйықтамастан торуылдап жүрген шекара заставасында бақылау бекеті қойылмаған. Сондықтан төте жолмен жасырын өтіп, заң бұзатындар кездеседі. Бірақ соңғы он жылдықта ондай жағдай болмаған. Тек алғашқы қызметке орналасқан уақытта, яғни 2010 жылы өзбекстандық 7 азаматты ұстап, облыс орталығына тапсырған. Сол жылы 10 тонна спиртті заңсыз Өзбекстанға өткізгісі келген екі қазақстандық азаматты да құрықтап, тиісті орынға тапсырған.
Осылайша құрлықтағы шекара әскерлері әрдайым мемлекеттік шекараны қырағы күзетіп, оны қорғауға және жаудың шабуыл жасауына тойтарыс беруге қабілетті екендігін дәлелдеуде. Шекарашылардың жоғары әскери шеберлігі Отанымыздың аумақтық біртұтастығын және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Бүгінгі шекарашыларда атыс қаруларының барлық түрі, танкке қарсы құралдар және де қазіргі заманға қажетті әскери техника, байланыс және бақылау құралдары жеткілікті.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
05 мамыр 2020 ж. 1 540 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 56

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930