Қазақстандағы екі Тальго пойызы уақытша тоқтатылды
«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылар ағымының азаюына байланысты екі пойыз уақытша тоқтайтынын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпараткомпанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жайсыз эпидемиологиялық ахуал мен коронавирус инфекциясының таралуын шектеу үшін енгізілген карантин шараларына байланысты жолаушылар ағымы мен пойыздардың толымдылығы азайып кетті. Бұл айтарлықтай шығынға әкеп соқтырады», - деді компаниядан. Қаржылық жағдай қиындап кетпеуі үшін компания сұранысы аз Тальгоның коммерциялық екі жолаушылар пойызын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдап отыр.
Олар: - № 69/70 «Алматы-2 – Өскемен-1» бағыты (Алматы-2-ден 1 тамызда шығып, Өскемен-1-ге 2 тамызда жететін);
- № 69/70 «Алматы-2 – Орал» бағыты (Алматы-2-ден 2 тамызда шығып, Оралға 4 тамызда жететін);
Дәл осы бағытта бұрын билет алып қойған азаматтар оның ақшасын толық қайтарып ала алады. Ақшаны билет алу әдісіне қарай қолма-қол да, аударым арқылы да қайтаруға мүмкіндік бар. Қосымша пойыз бағдарлары туралы «105» нөміріне хабарласып, білуге болады.
«Ұлттық тасымалдаушы қабылданған шараларға түсіністікпен қарауға, коронавирус инфекциясы таралып тұрған кезеңде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға, алдын ала алынған билеттер бойынша бағдарларды бақылауға шақырады», - деп хабарлайды компаниядан.