Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлік тізгіндеген келіншек

Көлік тізгіндеген келіншек

Бақыт Жетіруова автокөлікті тізгіндеп халыққа қызмет көрсеткеніне 7 жыл болды. Алғаш "Газ-51" машинасын мектеп қабырғасында жүргенінде "автодело" сабағына кесте бойынша аптасына екі мәрте қатысып айдап үйренген.
1984 жылы оған “С” категориясы беріліпті. Бертін келе 2013 жылы “В” категориясын қорғап шыққан. Ол Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектебін бітірген соң, Алматы құрылыс техникумында білімін жетілдіреді. Бұл күндері Қазалы су шаруашылығы өндірістік учаскесінде инженер-гидротехник қызметін атқарады.
– Кеңес Одағы кезінде әйел затына тракторлар мен үлкен жүк көліктерін басқару таңсық емес еді. Қайта ерлермен бірге иық тіресе еңбек етуге баулитын. Сол шақтың бір ерекшелігі нәзікжандыларға да қара жұмыс атқаруды міндеттеді. Жас уақытта мұның бәрі бізге қызық болатын. Осы ынтызарлықпен бірінші рет рөлге отырғанда маған қиынға түссе де кейін үйреніп кеттім, – дейді ол.
Оның айтуынша, такси қызметі үшін алғашында “Ниссан Премьера” көлігін иемденген. Оны 4 жыл тұтынған. Қазір “Лада 2114” автокөлігімен халыққа сапалы қызмет көрсетіп, адал еңбек етіп жүр. “Бүгінде жалғыз жалақымен бала оқыту мүмкін емес. Сондықтан ойлана келе көлік алып, ­жолаушы тасымалдауға бел будым. Әуелгіде біршама қиналдым. Біздегі түсінік бойынша әйел адамның такси жүргізгенін ерсі санайды. Көңілге тиетін сөздер айтылады. Дегенмен ақша табу оңай емес. Барлық ауыртпалыққа төзе білу қажет. Шүкір, одан жаман болмадым. Ақтөбе медициналық академиясында оқып жүрген Дінмұхаммед пен Жанеркеме демеу болып жүрмін. Олар еш алаңдамай оқуын тәмамдап, жұмысқа орналасуы жолында барымды салып жүрмін. Алла күш-қуаттан арылтпасын!”, – дейді таксист келіншек.
Бақыт Баймаханқызы мамандығы бойынша жұмыстан тыс уақытта заманауи “Индрайвер” цифрлық қосымшасымен такси қызметіне кіріседі. Өзінің тұрақты клиенттері де бар.
– Өмірде түрлі жағдайлар кездеседі. Таксиде жүргенде әртүрлі жолаушы жолығады. Міндетім – осы клиенттерге қатты келмей, аман-сау діттеген жеріне жеткізу. Кейбірі жол бойы қиын тағдырын айтып мұңайса, енді бірі қуанышты әңгімелерін айтады. Бәзбіреулер “рахат машина мініп, нан тауып жүрсің” дейді. Қайдағы, жаңбыр, қар жауғанда көліктің жеңіл жөндеуін өзім жасасам, ауырлауын маманға оңдатамын. Бірақ әрдайым жол ережесін бұзбауға тырысамын, – дейді кәсіпкер ана.
Алдағы уақытта ол “Мерседес бенц” неміс көлігін алуды ­жоспарлап отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
23 мамыр 2020 ж. 1 058 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 32

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930