Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы бақыты

Отбасы бақыты

Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі адамзат баласы отбасы шаттығына мұқтаж екені мәлім. Өйткені шаңырақ ішіндегі емен-жарқын әңгіме, ауызбіршілік пен махаббат, бұның бәрі бақытты отбасының сипаты саналады. Десек те бүгінгі күні отау құрған жастардың үй ішін мейрам қылмақ түгілі, екеуара түсініспеушіліктен шағын мемлекетінің ойранын шығарып жүргені қаншама? Кейде мұның себебін үй төрінде төрелік етіп отыратын ақсақалдың, ошақтың Ұмай анасына айналған ақ жаулықты әженің жоқтығынан көретініміз жасырын емес. Кеше үйленген жұптың көп уақыт өтпей-ақ, отбасы бақытына байланысты ақылы семинар, тренингтер жағалап кеткенін көрмеуге әсте болмас.
Ел аузында осыған байланысты аңыз-әңгіме бар. Ол “Ертеде бір жас жігіт отбасына бақыт пен тыныштық әкелетін амал іздейді”, – деп басталады. Адамдар оған «Пәлен ауылда бір шал мен кемпір өмір сүреді. Тұрмыстың сырын бір білсе, солар біледі. Өйткені қариялармен өмір бойы дастарқандас болған көршісі олардың ұрысқанын, бір-біріне дауыс көтергенін бір де бір рет естіп көрмесе керек.
Жас жігіт әлгі айтылған үйге барып, амандасып, хал-жағдай сұрасқаннан кейін үй иесіне келген себебін айтады. Қарт кісі дастарқан басына қонақты жайғастырып, сыйлайды. Ас алынып, шай ішіліп болған соң үйдегі әжей қауын әкеледі. Отағасы қауынға бір қарайды да, кемпіріне: “Бұл қауын онша піспегенге ұқсайды, ауыстырып алып келе ғой”, – дейді. Әйелі “Солай екен-ау” дейді де, жер жемісінің басқасын қояды. Күйеуі бұны да жақтырмады, білем.
– Бұл да болмады, тағы басқасын көрші, – дейді. Әйелі кідірмей, оны да дереу алып кетеді. Қарт кісі келген қонаққа: «Әйелім қауынның тәттісін таңдай алмады. Жүр, бірге барып көрейік», – деп екеуі ас үйге кіреді. Осы сәтте қонақ бала аң-таң болып, үй иелеріне қарайды. Өйткені мұнда жалғыз қауыннан басқа ештеңе жоқ еді. Қарт кісі қонаққа қарап: «Отбасы бақытының сырын түсіндің бе?» – деп сұрайды. Бұл кезде де жігіттің жүзінен сауалына толық жауап алмағаны ұғынықты болып тұрды. Ақсақал сөзін одан әрі жалғады.
– Балам, көріп тұрғаныңдай, үйде бір ғана қауын бар. Оны мен де, әйелім де біледі. Байқаған болсаң, мен басқа қауын алып келуге бірнеше рет пәрмен берсем де мынау әжең, ас үйге барып, сәлден соң сол қауынды қайтадан қойды. Әйелі мен күйеуі өз орынын білмейтін отбасы да болуы мүмкін: Олар: “Ей, шал, сен алжыдың ба? Үйде бір ғана қауын бар емес пе?” – деген айқай шығарады. Мен бір нәрсе айтқанымда әйелім қарсы шықпайды, дереу айтқанымды орындайды. Ол ұсынысын жеткізсе, мен де көңілін қалдырмаймын. Сол себепті ұрыс-керіс болмайды. Міне, отбасы бақытының сыры осында жатыр, – деген екен.
Шынында ауызбіршілігі келіскен, бір-біріне күлімдеп отырған ерлі-зайыптылар өздеріне де, сырт көзге де сүйкімді келеді. Асыл дінімізде адамзатты жақсы мәміледе болуға шақырады. Жауапкершілікті болуға үндейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Әрбірің шопандай жауапкерсіңдер. Баршаң да қарамағыңа жауаптысыңдар ... Ер адам – отбасына жауапты. Әйел – отбасы, ошақ қасына, ерінің меншігіне жауапты”, – деген сөзі нағыз бақытты қоғамның алгоритмі іспеттес. Сондай-ақ әйел адам ерінен бір саты төмен тұратынын да ұмытпағаны жөн. Қалғаны екі тараптың мінезіне, бір-біріне сабақтасуына тәуелді екені анық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
16 мамыр 2020 ж. 1 317 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031