Тума табиғат – тіршілік тірегі
1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының шешімімен 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні ретінде белгіленді. Құжаттың жарыққа келуінің негізгі себебі атаулы күн арқылы әлем халқының назарын табиғатты аялауға, оған зиян келтіруден тыюға бағытталған еді. Бұл күн жыл сайын Қазақстанның барлық аумағында ерекше деңгейде аталып өтіліп, түрлі шаралар ұйымдастырылады. Жыл көлеміндегі тіршіліктің ажырамас бөлігі саналатын табиғатты қорғау бағытында жасалған жұмыстар талқыланады. Осы тұста Қазалы ауданында жаңадан 26 мыңнан астам көшет отырғызылғаны белгілі болды. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудан әкімдігінде өткен жиында мәлімдеді.
– Бұл баршамыз ерекше мән беретін маңызды күн деп ойлаймын. Өйткені, туған жерді таза ұстап, көркейту ортақ жұмыс екені белгілі. Жыл сайын көктемгі және күзгі уақыттары ауданда көркейту-көгалдандыру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, аудан бойынша әр сенбілікке орташа есеппен 215, еңбек ұжымынан 2500-ге жуық адам қатысып, 50-ден астам түрлі арнаулы техника пайдаланылды.
Сондай-ақ жүз шақырымнан астам аяқсу арықтары тазартылып, жол жиегіндегі бордьюрлер мен 20 мыңнан астам өсіп тұрған ағаш бұтақтары кесіліп, түптері әктелді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса беретін болады, – деді аудан басшысы.
Бұдан кейін, әкім бірқатар жекелеген азаматтардың қоршаған ортаны қорғауда аянбай еңбек еткенін атап өтті. Олардың туған жерге деген жанашырлығы, ұқыптылығы басқаларға үлгі болуы керек екенін айтып, еңбекқор азаматтар есімін мақтанышпен атады. Солардың арасында «Эко Строй Сервиз Консалтинг» ЖШС-нің бригадирі Тәңірберген Кенжеғараев, «Қазалы Көркем Сервис» ЖШС-нің менеджері Жақыпбек Сүйіншәлиев, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің әдіскері Ырысбай Қанат облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар өңір басшысының алғысын алғандар қатарында Абай, Қазалы қаласы, Бекарыстан би ауылының тұрғыны Әбутәліп Бердіқұлов, Нұрбек Кешубаев, Жолдас Жалымбетов сияқты жер-ананы баптаған бағбандар толтырды.
Естелік суретке түскеннен соң Мұрат Нәлхожаұлы: “Дана халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Сіздер өнегелі істеріңіз арқылы үй іргелік жерлеріңізді түрлі жеміс ағаштары мен жасыл желекпен көмкеріп, туған жерді көркейтуге үлес қосып келесіздер. Келешекте де ауданның көркейіп-көгалдануына жұмыла атсалысатындарыңызға сенім білдіремін, – деп жиынды аяқтады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ