Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Блок-бекетті бұзғандар жазаланады

Блок-бекетті бұзғандар жазаланады

Ислам дінінде теріс әрекет жасауды ойға алып, одан қайтқан мұсылманға сауап жазылатыны айтылған. Жаман істің біреуге зиян болатынын ойласақ, бұл уағыздың өзектілігін елемеуге болмайтынын түсінеміз. Қазіргі елде орын алған індет ахуалына байланысты блок-бекеті айналасында болып жатқан жағдай да дәл осы ғибратты еске түсіреді. Адамдардың қасиетті дінде айтылған шектеулерді де, елдің амандығы үшін жасалған қауіпсіздік шараларын да елемеуі еңсе түсіретіні жасырын емес.
Осы сәтте өңірде жұқпалы індетке шалдыққандар саны жедел өсуіне байланысты аудан аумағына қатынауға шектеу қойылғанына аптадан асты. Бірнеше ауысыммен бекетте кезектесіп тұрған полицейлер мен медицина қызметкерлері ауданға індет жұқтырғандарды жіберіп алмау үшін күндіз-түні аянбай қызмет етіп жүр. Бірақ олардың жұмысына түсіністік танытып, ауызбіршілікті жалау етудің орнына кедергі келтіруге тырысатындар жоқ деп айта алмаймыз. Адам баласының басында неше түрлі жағдай болуы мүмкін екенін ескергеннің өзінде бұндай жағдайда блок-постты бұзғандарды ақтап ала алмайтынымыз тағы бар.
Жолдағы тосқауылдан өтуге амал іздегендердің айтарлықтай мұқтаждығы болатыны түсінікті. Әйтпесе адам баласы қауіпке, қылмысқа әдейі бармайтыны рас. Оның негізгі себептерінің бірі – жақындарының қаза болуы. Бұндай жағдайда үйде отырып, туысының қайғысымен бөліспеу қазақ жұрты үшін кешірілмес қателік екеніне дауласпаймыз. Десек те осы сәттегі орны толмас олқылық – індет жұқтырып, оны тарату екенін ұмытпаған абзал. Әйтпесе ел аумағы бойынша мешіттерге жамағатты жақындатпау, мұсылман үшін парыз саналатын жұма намазын мешітте емес, үйде оқуға мәжбүрлеу қаншалықты қисынды болар еді?
Сол сияқты “Той дегенде қу бас домалаған” әдетті де уақытша санадан алыстату керек. ­­Коронавирус- тан жан тапсырған алғашқы қазақстандық та Алматы қаласына той-думан қуып келген азамат екенін қалай ұмытуға болады? Тіпті өңірдегі көрсеткішті көбейтіп тұрған Шиелі ауданындағы елуден астам науқастың алды тойда жүріп, індет жұқтырмап па еді? Жаңақорған ауданында да коронавирус тіркелмей тұрып, желі белсенділері көршілерінің көпшілікті жинап думан құрғанын мәлімдеген еді. Бұның барлығы сауық сүйген, жақынының қуанышын бөлісу үшін блок-посттардан шалғай жатқан жолдармен астыртын өтуге әрекеттенген қазалылықтар үшін сабақ болуы тиіс. Аудан аумағынан рұқсатсыз шығу тек жеке бастың ғана емес, 80 мың жұрты бар халықтың басын қатерге тігумен бірдей. Сондықтан бекетті бұзғандар жазаға тартылады.
Осы аптаның өзінде кіреберіске қойылған тосқауылды айналып өтпек болған бірнеше азамат анықталды. Олардың ісі Қазалы аудандық сотына жолданып, карантин жағдайындағы шектеуді елемегендер қатарында жауап берді. Ұсталғандар қазірдің өзінде бірнеше індет жұқтырған адамдар анықталған Арал ауданына өтпекші болған. Сот қаулысы бойынша олардың әрқайсысы 3 тәуліктен әкімшілік қамаққа алынды.
Қазалылықтар алмағайып заманда қаншалықты маңызды шаруасы болса да кейінге қалдырып, отбасы мен Отаны үшін үйден шықпайды деп үміттенеміз. Өйткені карантин уақытында себепсіз көшеде жүрген кез келген адам індетпен күресуші мамандардың жұмысына айтарлықтай кедергі келтіретінін қаперде ұстайық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
11 сәуір 2020 ж. 716 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 17

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 39

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031