Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық көлік көңіл көншіте ме?

Қоғамдық көлік көңіл көншіте ме?

Байқасаңыз соңғы уақыттары қоғамдық көлік жағдайы жиі сынға алынатын болды. Себебі бір бағыттағы маршурттар жол ережесін сақтамайтын көрінеді. Оның үстіне халықтың жұмысқа баратын, қайтатын уақытында адамды «аузы-мұрнына» дейін толтырып алуы мәселені одан әрі қоюлатып тұр. Ол аз десеңіз, жүргізушілердің әуен дауысын шегіне дейін жаңғыртып қоятындары, жүргізушінің темекі шегіп, жергілікті тұрғындармен салқын қанды сөйлесуі, кондуктордың балағат сөздер айтып, жағымсыз қылық пен дөрекі қарым-қатынасы қоғамдық көлікте қызмет ету мәдениетінің төмендігін байқатады.
Тиісті сала мамандарының айтуынша, аудандағы ішкі қатынастың әрбір тобына сегіз «газельден» бөлінген екен. Оның барлығы таңғы сағат 6:00-де жұмыс орнына келіп жайғасып, медициналық тексерістен өтіп, алкотестер тапсырады. Жүргізушінің ішімдік ішпегені дәлелденген соң 7:00-де жолға шығады. Әр маршурт араға 8 минут салып, бір-бірімен байланыс орнатып, белгіленген кестені бұзбауға тырысады. Дегенмен бұқараның уәжіне құлақ түрсеңіз олардың көпшілігі көлік күтіп шаршайтындарын айтады. Соның ішінде кешігу жағынан үшінші және төртінші бағыттағы маршурттарға өкпе айтушылар көптеп ұшырасады.
Бұл түйткілдің жауабын білу үшін тізгіншілерге сауал қойған болатынбыз. Алайда олар 5-ші кварталдағы кейбір жолдың нашарлығын алға тартты. Шындап келгенде әр тұстағы ойық жүргізушілердің діттеген орынға уақытылы жету жоспарын бұзатын көрінеді. Осы ретте ауданда бес жыл бойы маршурт тізгіндеп нәпақасын тауып жүрген Бақытхан Ержанов:
– Тұрғындар арасынан бізге тағылатын кінәнің барлығы бірдей дұрыс емес. Өз басым үшінші және төртінші бағыттағы жолға тиянақты жөндеу қажеттігін еске саламын. Соның кесірінен минуттан ұтылып, ақырын жүруге мәжбүрміз. Соңында көпшіліктің сынына ілігеміз. Егер бәрі талапқа сай болса, ондай қателікті жібермес едік. Бұдан бөлек бесінші және алтыншы бағыттардың жолы дәл осының кебін киіп отыр, – дейді.
Айтса айтқандай көлік тізгіндегендерді жол мәселесі қинайтыны шындық. Дегенмен теміржолдың арғы бетіндегі жолдың жай-жапсарын қайта-қайта айта беру әбестік болар. Оның үстіне жауаптылар бұл жайды біліп те, көріп те жүр. Оған жыл басында аудан басшысы алдағы уақытта жолы жөнделетін көшелердің санын нақтылағаны дәлел. Барлығына бірдей қаражаттың қол байлау екені анық. Әйтсе де жоспарға алынған жерлердің жұмыстарын тез арада қолға алса нұр үстіне нұр болары хақ.
Басты тақырыбымызға оралайық. Таң сәріде үшінші бағыттың бірі Қ.Ерімбет көшесінің басынан бастау алса, екіншісі Sulpak сауда орталығының алдынан қозғалады. Осылайша арадағы қашықтықты есептеп, одан әрі жалғаса береді. Ал төртінші бағыттағы маршурт басы теміржол өткелінің жанынан жылжыса, ендігісі Т.Бөріқұлақов көшесінің аяғынан іске кіріседі. Осы аралықта бірінен екіншісіне жету жүргізушілерге де оңай соқпайды. Темір тұлпар иелеріне түсіністік танытқанымызбен олардың арасындағы тұрғындармен жылы тіл табыса алмайтындардың қателігі, барлығына бірдей күйе жағып отырған іспетті. Бір-бірімен желдей жарысып жүрген көліктердің қылығы көңілге қонымсыз. Бұл жөнінде Әйтеке би кенті тұрғыны Жақсыгүл Нәсенқызы:
– Көше бойынан бірінен-бірі озуға ұмтылған «газельдерді» бірнеше рет көзім шалды. Содан кейін балаларымды есік алдына шығаруға қорқатын болдым. Олардың көшеде және көлік ішінде адам бар екенін естерінен шығармағаны жөн. Аяқ асты бірнәрсеге ұрынар болса, оған кім жауап береді? – деді.
Шыны керек, арақашықтықты есептеп отыратын тізгіншілер уақытқа қарап, ұялы телефонды қолдарынан тастамай бір-бірімен байланыс құрып отыратынын көз көріп жүр. Алайда олар көлік жүргізіп келе жатқанда телефон қолдануға болмайтынын естен шығаратын секілді. Оның үстіне ГАИ қызметкерлеріне ұсталар болса, айыппұл төлейтінін ұмытыпта кеткен. Немесе бұл оқиғалардың барлығына ішкі істер қызметі бейжайлық танытып отыр. Егер полиция қызметкерлері тарапынан осы мәселе қатаң қолға алынса, мұндай жағдайлар белең алмас еді.
Қоғамдық көліктер кез келген жерге тоқтап, жолаушылар айтқан тұраққа аялдай береді. Себебі нақты «газель» күтетін орынның жоқтығын білетін тұрғындар қолын сілтеп, тоқтаған көлікке мінгеседі. Бұл аудандағы маршурт тұрақтайтын аялдамалар санының аздығынан орын алатын көлеңкелі көрініс. Жұртшылық түйткілдің шешімі қолға алынып, бір жолға қойылады деген сенімде.
Біз көтеріп отырған тақырып әлеуметтік желіде және халық арасында қызу талқыға түсуде. Көпшілік білдірген ұсыныстар мен пікірлердің барлығы алғыс емес, керісінше болып отыр.
Солардың қатарында жолақы мәселесі де бар. Мәселен қаламен екі араны жалғап тұрған бірінші бағыттың жолақысы 90 теңге болған-ды. Сонымен қатар автовокзалдан тұрғындарды жинайтын бірінші бағыттағы көлік жолда аялдамай тура қалаға баруы қажет екен. Керісінше, олар аудан ішінде біріншісінен екінші аялдамаға дейін 90 теңге алатын көрінеді. Ал қалған кенттегі ішкі маршурттардың жолақысы 70 теңгеге көтерілді. Осыған сәйкес Әйтеке би кентінің тұрғыны Рабиға Бердімұратова:
– Егер жолақысы көтерілсе сапаның жоғары болуын талап етемін. Талапқа сай 12 орындық маршурт емес, автобус болсын. Сонымен қатар заңдылықты сақтап артық адам алмай, уақытын бір қалыпқа келтіргені дұрыс.
Тағы бір өзекті жайт жазғы мезгілде маршурттардың Қамбаш көліне жалданып кетуі. Бұған орай тұрғындар соның салдарынан «газель» саны азайып, жолаушылар көп күтіп қалатынын айтады. Дегенмен жүргізуші азаматтар «көлік саны азайса да жұмыс кестесі өзгермейді» деген уәждерін мақұлдап бақты.
Шыны керек бүгінде ішкі маршурттарға ­байланысты айтылатын әңгімелер көңілден шықпағандықтан, жұртшылық арасындағы пікірді жылы жауып қоя алмадық. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамасы анық. Сондықтан кеткен қателікті түзетіп, айтылған жағдайға сәйкес тиісті шаралар қолға алынса, көптің қуанышына сеп болар еді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
27 наурыз 2020 ж. 653 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 103

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930