Жастар мәслихаты жаңадан жасақталды
Соңғы уақытта ауылдық округ жастары орталарынан жастар мәслихатына депутат сайлау үшін белгіленген орынға барып, дауыс бергені жайында хабардармыз.
14 пен 29 жас аралығындағы өскелең ұрпақтан жақтастары көп халық қалаулылары келешекте өзі тұратын аумақта орын алған келеңсіз мәселелер мен ұтымды ұсыныстарын ресми мандаты бар депутаттарға жеткізетін болады. Осыған орай өткен бейсенбіде қазалылық өрендер Әйтеке би кенті бойынша мандат алатын депутат сайлауын өткізді.
Бұған дейін әртүрлі салада жұмыс істейтін ауданның белсенді жастары өз кандидатурасын жастар орталығына келіп, ұсынған болатын. Сөйтіп Абай Құнанбайұлы, Жандос Тойбазар, Асыл Кәдірбай, Нариман Өтеміс, Әбубәкір Бекболаев, Мейірман Меңдібай, Нұрлан Қайролла, Ақнұр Рысмамбетова мен Асыл Ерсайын есімді жас буын жастар мәселесін шешуде аянып қалмайтындарын дәлелдегісі келді. Сайлаушылар таңертеңнен бастап сағат 15:00-ге дейін кент әкімдігі мен Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектептегі сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
Әйтеке би кенті әкімдігіндегі сайлау учаскесіне алдымен кандидаттардың бірсыпырасы дауыс бергенін көрдік. Олар ел мақтаған, батыл қадам жасай алатын үміткер сайлансын, сайлау әділ өтсін деген ниеттерін білдіріп, бір-біріне сәттілік тілесті. “Бармақ басты, көз қыстылыққа” жол бермеу үшін бақылаушылар да белгіленді. Олардың қатарында “Өнегелі” қоғамдық қорының мүшесі Ж.Жұбанғанов пен Ө.Күлімбетов, “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының сарапшысы А.Кенжалиева, аудандық “Қазалы газетінің бөлім меңгерушісі Р.Қайратұлы болды.
Бір адамның бірнеше рет дауыс беруіне шектеу қою үшін тиісті шаралар қолға алынды. Сайлаушылардың жеке сәйкестендіру нөмірі тіркеуге алынып, таңдау жасауға келгендердің жеке басы нақтыланды. Олардың дені 14 жасқа толған мектеп оқушылары екені жасырын емес. Дауыс беру бланкісіне жазылған сөздерден оқушылардың мектептегі мұғалімдерін қолдауға келгендігін байқау қиын емес. Ұстаздық жолда жүрген үміткерлердің басқаларға қарағанда көбірек дауыс жинағаны да осыдан болар.
Түс ауа екі аймақтың бақылаушылары жиналған бюллетенді есептеу үшін кент әкімдігінде кездесті. Сайлау жәшігінің бүтіндігін білдіретін белгі ағытылып, дауыс парақшалары саналды. Кент әкімдігіне келіп дауыс бергендердің дені Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің мұғалімі М.Меңдібайға қолдау білдірген. Дегенмен екі сайлау учаскесіндегі дауыс қорытындысы бойынша Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектептің информатика пәні мұғалімі Ә.Бекболаевқа 993 сайлаушының 424-і дауыс беріп, 42,5 процент көрсеткішпен жеңіске жетті. Әр аймақ бойынша аталған кандидатқа дауыс бере келгендердің саны жүзден асады. 283 жас қолдаған М.Меңдібай екінші орынға тұрақтады. Үздік үштікті Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Асыл Ерсайын 135 дауыс жинап, қорытындылады. Сонымен бірге Н.Өтеміс 40, А.Кәдірбай 39, А.Құнанбайұлы 36, А.Рысмамбетова 25, Н.Қайролла 7, А.Әділбекова мен Ж.Тойбазар 2 дауыс жинап үлгерді. Дауыс беру парағының төртеуі жарамсыз деп танылды.
Сайлау нәтижесі белгілі болғаннан кейін тұрғындар тарапынан ашық пікір айтылды. Бірі аталған орынға лайықты адам сайланғанына риза болып, бірлесе жұмыс жасауға шақырса, келесісі мектеп оқушыларын сайлауға тартқандарды сынады. Сайлау учаскесі ретінде кандидаттар жұмыс істейтін Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектептің таңдалғанына таң қалғандар да бар. Сондай-ақ кенттің көлемі мен ондағы мәселенің ауқымдылығына байланысты екі депутат сайлау туралы ұсыныстарын жеткізді.
Айта кетейік, жастар мәслихаты бұған дейін де жұмыс істеген. Кейін аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев бұрынғы депутаттарды таратып, жоғары нәтиже көрсететін халық қалаулыларын қайта сайлайтынын мәлімдеген еді.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ