Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскер қатарынан неге қашқақтаймыз?

Әскер қатарынан неге қашқақтаймыз?

Егемен елдің болашағы жастардың қолында екенін ескерсек, бүгінгі өр ұландар туған жердің ертеңіне алаңдап, аянбай тер төгуі қажет. Әлемдік аренада мемлекеттің мықтылығы ғылым, спорт, мәдениет және экономикада ғана емес, сонымен қатар абырой мен айбынды асыратын әскер құрамының да орны бөлек. Себебі мемлекеттің беріктігі мен халықтың тыныштығын күзететін қорғаныс күштерінің мықтылығы өте маңызды. Алайда соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздар қатары артып, қалқанымыздың оқ пен отқа төзімділігіне күмән көбейіп тұр. Шындығында жастар әскерге барудан неге қашқақтайды?
Біле білсеңіз, ертеректе ер азамат үшін әскери борышын өтеу үлкен мәртебе саналатын. Оның үстіне жауынгерлік борышын өтегендерді ауылдастары асыға күтіп, мақтауын асыратын. Ал бүгінде барлығы керісінше. Әрине әскерге шақырту алғандардың көбісі жақын маңдағы әскери бөлімде қызмет атқарғысы келеді. Оған қоса ата-анасынан алысқа ұзап көрмеген бозбала шалғайға баруды ауыр бейнет көреді. Бірақ әскери тәртіп олардың талап-тілегіне бағынбайды, қалауына көнбейді. Аймақ бөлек болғанымен, Отан – ортақ. Республиканың қай түкпіріне де барып ел шетіне жау келсе, «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» жаудың бетін қайтаруға дайын тұру бұлжымас борыш. Қазіргі жасөспірімдердің бірі жұмыс, екіншісі оқуды сылтау етеді. Оған қоса шаңырақ көтергенін алға тартып, қалып қоюдың амалын іздейтіндер де жоқ емес.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі жастардың әскери қызмет атқаруы міндеттелген. Әйтсе де кейбір жасөспірімдер келген шақыртуды жауып тастаудың жолын іздеп, бармай қалудың барлық амалын қарастырады. Тіпті өтірік анықтама жаздырып алу фактілері де кездесіп жатады. Неге олар мұндай әрекетке барады? Бір жыл уақытын армия сапында өткізіп, әскери билет алып қайту қаншалықты қиындыққа соғып тұр?
Осы тұста Қызылорда облысының ­жастары борышын өтеп келуге асықпайтын секілді. Соның ішінде қазалылықтардың да бар екені жасырын емес. Аудандағы әскерден жалтарып жүргендер мен барғандар санын білу мақсатында Қазалы аудандық қорғаныс істер бөлімінің бастығы Қуат Ысқақовтан ақпарат беруін өтіндік. Сонда бұл саланың жергілікті жердегі бірінші басшысы біз қойған сауалдың әскери құпия екенін айтып, жауап беруден бас тартты.
Соңғы уақытта біздің аймақтағы әскерге бармай жүргендер саны алдыңғы қатарда. 2015 жылы Сыр өңіріндегі осы санаттағы жастардың көбейіп кеткені соншалық, Қырымбек Көшербаев облыс әкімі болып тұрған тұста олардың аты-жөнін жергілікті басылымдарға жариялауға оқталған. Оның үстіне «Бұларға Отан керек емес болса, Отанға олардың не керегі бар?» – деп ашып айтқаны есте. Кейіннен жаза қатайтылып, айыппұл арқалағандар артқандықтан бұл істе біраз ілгерушілік байқалған. Мүмкін бүгінгі күні осы талапты қайта күшейте түскен жөн сияқты.
Жыл сайын міндетті қызметке республика бойынша 16000 адам шақырту алады. Десек те соның 30 проценті ғана әскери бөлімшелерден табылады. Яғни жасақ құрамы жоспарға сәйкес келмейді. Соңғы жылдары 40 күндік әскери қызмет түрін оқып алушылар саны көбейіп келеді.
Бүгінгі жастардың уәжіне құлақ түрсеңіз «12 ай уақыт босқа кетіп, көптеген мүмкіндікті жоғалтып, қатарластар білім, мансап қуып жүргенде әскер барлығынан құр қалдырады» дейді. Алматы облысы, Іле ауданының 78460 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп келген Ақылбек Жанахмет бір жыл уақыттың қас-қағым сәтте өте шыққанын айтты.
– Шыны керек, бастапқыда сыртқа шығуға зауқым болмады. Өзгелердің сөздеріне құлақ түріп, жасқандым. Кейіннен уақытым келіп тұрғанда барып қайтқанды жөн санадым. Өкінетін ештеңе жоқ, бұрынғыдай 3-4 жылға елден жыраққа жіберіп жатқан жоқ, өз жерімізде қызметіңді өтейсің. Ата-анаң, ағайын-туыс артыңнан келген жағдайда кез келген уақытта жолықтырады. Артық ештеңе айта алмаймын. Қалған қиындық пен қуанышты әскерге барып өз көзіңмен көрген дұрыс. Оның үстіне Отан алдындағы борышты өтеу мерейлі міндет, – деді Ақылбек Асылбекұлы.
Баруға зауқы жоқ адамдар әскердің маңыздылығын теріске шығарады. Сұрай қалсаңыз «қазіргі заманда бұрынғыдай қолға қару алып соғысу емес, жоғары технологиялы жабдықтар мен ақпараттық шабуылдың рөлі көп» дегенге жүгінеді. Ол да дұрыс шығар. Солай болған күннің өзінде де әскери база қалыптастыру қажет. Өз ішіміздегі Ақтөбе, Алматы қалаларында болған террорлық жайттарды естен шығармаған жөн. Осындай төтенше жағдайларда әскери жасақтың атқаратын қызметі зор. Адам тапшылығы белең алған әскерді күшейтпесек халіміз мүшкіл болуы ғажап емес.
Шындығында еркін қоғамның жас өскіні қатаң режимдегі тәртіпті басынан өткеруге қауқарсыз. Өйткені әрбір борышын өтеп келгендер айналасындағыларға қиындықты айтып, уақытты өлтіресің деген үгіт-насихат жүргізеді. Мұндайда керісінше, әскери өмірдің қызығы мен шыжығын баяндап, жасөспірімдердің қызығушылығын арттырған жөн болар еді. Ол аз десеңіз, көк жәшіктен әскердегі қысым, зорлық, қылмыс жиі беріледі. Оның орнына бозбалаларды азаматтық борышын өтеп келуге үгіттеп, жігерлендіру шараларын қолға алып, әскерден келушілерге өзгелерге қарағанда мемлекет тарапынан белгілі бір артықшылық қарастырылса екен.
Халық батыры Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскер қызметінен жалтарса, онда ол патриот емес» деген аталы сөзі бар. Сондықтан бүгінде әскери тәрбие мектебінің тағылымынан өтуді парызым, Отан алдындағы қасиетті борышым деп білетіндер көбейе түссе нұр үстіне, нұр дер едік.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
22 ақпан 2020 ж. 1 005 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 184

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 127

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031