Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда ең жоғары жәрдемақы тағы да көбейеді

Қазақстанда ең жоғары жәрдемақы тағы да көбейеді

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақыларды 8-ші және одан кейінгі балаға саралауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2019 жылғы жұмыс қорытындысы және 2020 жылға арналған негізгі міндеттер бойынша алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Біржан Нұрымбетов өз сөзінде министрліктің негізгі міндеттерінің бірі табысы аз азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету екенін атап өтті. Сонымен, 2019 жылдың қорытындылары бойынша 486 мың отбасына немесе 2,4 миллионға жуық адамға АӘК тағайындалды. Жалпы алғанда, АӘК 244,2 млрд теңге сомасында төленді.
Министр 2020 жылдан бастап АӘК-пен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері енгізілгенін, оның ашықтығын, әділдігін және еңбекке ынталандыруды көздейтінін еске салды.
«Көпбалалы отбасыларға табыстарына қарамастан, балалар санына қарай сараланған мөлшерде 42 500-ден (4 бала) 74 400 теңгеге дейін (7 және одан да көп бала) төленетін жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы қазірдің өзінде шамамен 370 мың отбасына төленді. 2020 жылға осы мақсаттарға бюджетте 177,6 млрд. теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 8-ші және одан кейінгі балаға арналған жәрдемақыларды шамамен әр балаға 4 АЕК-тен саралау мәселесін қарастырудамыз. Мысалы, 8 балаға берілетін жәрдемақы мөлшері 85 мың, 10 балаға – 106 мың, 15балаға – 159 мың теңгені құрайды», - деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар, ол жаңа тәсілдерге сәйкес АӘК тоқсан сайын тағайындалатындығын атап өтті. Егер еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылар жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК көрсету бүкіл отбасына тоқтатылатын болады.
«Осы жылдың 1 ақпанына көмек 37,4 мыңнан астам отбасына немесе 187,3 мыңнан астам адамға, оның ішінде 122,9 мың балаға тағайындалды. Сонымен қатар, табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді және беріле бастады. Әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары кепілдендірілген әлеуметтік топтамалардың уақтылы берілуін қамтамасыз етуі керек. Табысы аз отбасындағы әрбір балаға мемлекеттік көмек көрсетілуі керек.», – деді министр.
Біржан Нұрымбетов балалы отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Ана мен баланы қолдау үшін бірқатар жәрдемақылар қарастырылған. Сонымен, бала туу және 1 жасқа дейінгі баланың күтімі үшін жұмыс істемейтін аналарға бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы, ал жұмыс істейтін аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер қарастырылған. 2019 жылы бюджеттен 78 млрд. теңге, МӘСҚ-тен 167 млрд. теңге бөлінді. 2020 жылы бюджеттен 84 млрд. теңге және МӘСҚ-дан 187 млрд.теңге бөлінеді», – деп атап өтті ведомство басшысы.
17 ақпан 2020 ж. 1 120 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031