Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерулікке келіңдер

Ерулікке келіңдер

– Сәлеметсіз бе? – деген саулығыма көршілес пәтер иесі:
– Жаңадан көшіп келіп жатқан қоңсыларымның біреуін көре алмай жүр едім. Әлгі журналист қыз сен болдың ғой. Көкөрім жастар өсіп жатса қуанамыз. Қолдарың босағанда бізге ерулікке келіңдер, – деген сөзбен ойын үзбестен аяқтап тастады.
Жол бойы апайдың жақсы ниеті мен ақкөңіл пейіліне ризашылығым артса да, «ерулік» деген сөзін ұға алмадым.
«Бұрын естімеген атаудың дыбысталуы да қызық. «Ереуілге шығыпты» дегенді тарихтан оқитын едік. Ол кісі бізді сондай нәрсеге шақырып тұрғаны ма? Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Алматыда не болса соған наразылық туындап, халық бас көтеріп жатса да, бірінші көрген адамын сондай дүниеге үгіттемейтін шығар... Түрінен үрей де көрінбейді.
Ал сонда «ерулік» не болғаны? Әлде «ер» деген түбірден тарқай ма? Көршінің екі бойдақ баласы бар деп еді. Соларға ерге шығыңдар деді ме екен?» – деген ой құшағында қоғамдық көлікке мініп кеттім. Редакцияға кіргенше сұрағымның жауабын интернеттен алармын не кітапханаға барып, салт-дәстүрге қатысты кітаптардан іздермін десем де жұмыс ырғағы мүлде есімнен шығарып жіберіпті.
Үйге кіреберіс қақпа ұмыт қалған жайды қайтадан санама сап еткізді.
Пәтерге келіп, апайдың айтқанын бірге тұратын оңтүстіктің тумаларына жеткізіп едім, әншейінде салт-дәстүрге жетік олар да білмейтін болып шықты. Менің сөзімді естіп, әбден күлкі еткені ызамды келтірді. Арада 4-5 күн өткенде қатарлас тұратын бөлмедегі жас отбасының жары Мариям есімді келіншек тұз сұрап келе қалды.
– Тәте, Күләш апай бізге: «Ерулікке келіңдер», – деді. Ол не нәрсе? Өзінен сұрайын десем, ұялдым, – десем, көршім жымиып:
– Ой жаным сол, ерулік – жаңадан келген көршіге берілетін сыбаға ғой, – деді.
Біздің жерде аты аталмағанымен, көршілердің бір-біріне ас үлестіріп, дастарқан жайып жатқанын талай көрдік. Аналарымыз ауылға жаңадан түскен жас келіндердің басын қосып, шай беріп жататын. Бұл да ерулікке жата ма? Сол тұста оны ажыратуға мүмкіндік болмады. Кейін осы естелік есіме түсіп, аталған тақырып туралы ізденуге құмарттым.
Ерулік – біз білетін көңілі қалаған адамды, жағдайға қарай үйге шақыру емес, міндетті жасалатын дәстүрдің бірі болған. Жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп жүрген бабалардың өмір сүру салтында өздеріне тән әдет-ғұрпы мен ережелері қалыптасқан. Меймандостықты арттырып, жатты жақындататын мұндай үрдіс қазіргі таңда еліміздің көп жерінде тінін үзіп, санадан көмескіленген. Ол туралы энциклопедияда: «Ерулік –дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісі. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсітпеуді де көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен (қазы-қарта,жал-жая, т.б.) пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады», – деген түсінік берілген.
Халық арасында «Жұртта қалғандай» деген тіркес бар. Ол ұғымымызда көше алмай қалу қорлық, ал көшіп жүру салтанат саналатындығынан хабардар етеді.
Этнографтар ерулік беру – ас ішіп, аяқ босату емес, тамырластықты тарқататын таптырмас құрал екендігін алға тартады. Осы саланың маманы Досымбек Қатранұлының айтуынша, бір мекеннен екіншісіне, бір жайлаудан келесі жайлауға орын ауыстыру ұзақ уақыт алғандықтан, алыстаған жерге жету үшін жүгім жеңіл болсын деп көшушілер ешқандай азық-түліксіз жолға шыға берген. Оларға жақын маңда мекендегендер ерулік көрсеткен.
Салт-дәстүр сарапшысы сондай-ақерулік жалғыз көшіп келген отбасыға ғана емес, бір түнге аялдамаға тоқтаған көшке де көрсетілгендігін дәйектермен жеткізеді. Мұндайда тек адамдарға ғана емес, олардың көліктері – жылқыларына да жем-су берген.
Жаңа қоныс қашан да жат мекен. Оған сіңісу мен үйренісу оңай емес. Осындайда бұрыннан отырғандар көшіп келгендердің үйін тігісіп, барлық көрші болып, кезек-кезек қоныстанушыларды бала-шағасымен қосып, түгел үйлеріне шақырып, танысып, білісіп араласып кетуге жағдай жасаған. Тіпті жаңа қоныстанушылар жас отау болса, оларға ыдыс-аяқ сияқты ұсақ-түйек, күнделікті қажетті дүниелерді де тарту еткен.
Қазақ «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деп ерекше қастер тұтатын жанымыздағы жандарды жатырқайтын әдет тапқан біздер ерулік бермек тұрмақ, көршімен сөйлесуге, алыс жаққа кетіп бара жатқанда үйде жоқ екеніңді айтуға қауіптенетін жағдайға жеттік. Мұндайда өздері ашқұрсақ отырса да, алыстан жер аударылған өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, бір құртын бөле, жарты жанын жара жеген үлкендердің ізгілікті ісі ойға оралады. Тарих тоғыстырып, тағдыр табыстырғандар қатарында Қазақстанды төл Отаны санайтындардың көп болуының себебін біздің ата-бабалардың осындай асыл амалдарымен ұштастыруға болады. Таныс-біліс қана емес, құрлыққа құшағын кең ашқан ұлттық ұстаным ұстынын ерулік сынды дәстүрмен дәріптесек, ұтарымыз көп, ұрпаққа береріміз мол болар еді.
Алтын МЕЙІРХАНОВА
11 ақпан 2020 ж. 1 141 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 130

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930