Азаматымызды ардақтайық
Қазақта «Ел иесіз болмас, жер киесіз болмас» деген мақал бар. Елдің иесі ғасырлар бойы бір-бірімен жалғасып, уақыт пен замана көшіне ілесіп, лек-легімен келе жатқан ұрпақ. Сол ұрпақты қайтсем мұратына жеткіземін, қайтсем ел бірлігіне ұйытқы боламын деп, басын тауға да, тасқа да соғып жүрген айтулы азаматтар. Солардың туған жерін Отаным деп қадірлеп-қастерлеуі, оны қажет кезінде сыртқы жауынан қорғауы, туған жердің киелі екенін сездіретін қасиетті ұғымды білдірсе керек.
Қазіргі таңда сол азаматтарымызды қастерлеп жүрміз бе? Өткенде теледидардан «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтың сұхбатын тыңдап, ойланып қалдым. Сөзінің арасында «Заман азарда, әйелдер би болады» деп бір әншінің продюссер анасын атады. Шынында да солай болып бара жатқан сияқты. Қазір бірталай үйлер кәсіппен байыған әйелдердің немесе ірі қызмет істеп жүрген әйелдердің атымен, яғни «Биғанымның», «Алманың үйі» деп аталады. Үйдің иесі – азаматтар далада қалды. Соған көніп отыр. Сол үйлерді іздеген адамдар біреулерден – «Биғанымның, Айманның үйін сілтеп жіберіңізші» деп тұрады.
Бірде Марат ағамыз ауласында жүрсе, біреулер келіп сәлемдесіп:
– Аға, Биғаным апайдың үйі осы ма? – депті. Күйіп кеткен ағамыз:
– Иә, Биғанымның үйі осы. Мен оның қатыны – Марат, – деген екен.
Біздің көшеде Әбіл деген ағамыз қатар тұрады.
Есігінің алдын тазалап жүрсе, екі әйел адам келіп:
– Аға, Үйтолған апайдың үйі осы ма? – депті.
Қитығып қалған Әбіл ағамыз:
– Оның үйі келесі көшеде, – деп, әйелінің төркіндерінің үйін көрсетіп жіберген екен.
Жанқожа батыр атындағы көшеде тұратын менің рулас ағама да бір келіншек жолығып:
– Аға, Жаңылдың үйі осы ма? – деп сұрапты. Ағамыз:
– Иә, осы үй. Бірақ, базарға кетті, үйге кіріп күте тұр, – депті.
Ана келіншек үйге кіріп, біржарым сағат күтіп отырыпты. Базардан келген жеңгемізді көрген әлгі келіншек:
– Аға, менің іздегенім бұл кісі емес қой, – депті. Сонда ағамыз:
– Дұрыс айтасың, сенің іздегенің мына оң жақтағы Сақтаған деген азаматтың үйі. Саған сабақ болсын деп әдейі уақытыңды алып күттірдім. Ендігіде үй сұрағанда азаматының атын айтып сұра, айналайын, – деген екен.
«Ақтан батыр» ауылына көптен бері баруым еді. Жеткербай атты құдамның үйін бірнеше адамнан өздерінің ағайындары атап кеткен Жетеннің үйі деп сұрасам, ешкім білмейді. Келесі бір кездескен адамнан сұрасам да білмейді.
Сосын өзіме нағашы болып келетін әйелі Клара деп сұрағанымда, үйін бірден тауып берді. Ауласына кірсем, Клара жүр екен. Содан мен:
– Жетеннің үйі десем ешкім білмейді. Сенің атыңды айтып едім, бірден тауып берді. Енді келсем, Клараның үйі деп сұрау керек екен, – деп едім.
– Қой ойбай, айтпа! Жетеннің үйі, Жетеннің үйі, – дей берді.
Бұл ақылы бар әйелдің сөзі.
Ертеректе Аққатша деген апамыз Арал ауданының бір ауылында ауылдық кеңестің төрайымы болып қызмет атқарыпты. Орынбасары – Еркінбай деген ағамыз екен. Екеуі елге жақсы қызмет істеп, біреуі «Аққатша, Аққатша», екіншісі «Еркінбай, Еркінбай» болып аттары дүрілдепті.
Айлар, жылдар өтіп Аққатша апамыз зейнеткерлікке шығыпты. Келесі тағайындалған ауылдық кеңестің төрағасы Еркінбайды жұмыстан шығарып жіберіпті. Еркінбай ағамыз Арал қаласындағы бір мекемеге жүк машинасының жүргізушісі болып жұмысқа тұрған.
Бірде Аралдан жүк тиеп, бұрынғы қызмет істеген ауылына әкеліпті. Жұмыстарын бітіргесін сәлемдесіп жағдайын сұрауға Аққатша апаның үйіне келсе, апа кешке жұмыстан келетін балдары мен келіндеріне тамақ пісіріп жүр екен. Жағдайын сұраған Еркінбайға қарап:
– «Аққатша, Аққатша» болдым, не болдым? Айналып келіп повыр болдым. «Еркінбай, Еркінбай» болдың, не болдың? Айналып келіп шопыр болдың, – деген екен.
Қызмет, байлық – қолдың кірі. Бірде бар, бірде жоқ. Сондықтан азаматтарымызды сыйлап жүрейік, ағайын.
Жұмабек ҚҰЛБАЕВ