Тазалық – тәртіп пен бірлікке шақырады
Соңғы жылдары тек аудан бойынша емес, республика, әлем халқы үшін тазалық күрмеуі қиын мәселеге айналып бара жатқаны жасырын емес. Пластикалық заттар, бөтелкелер мен қалдықтар адам өміріне, қоршаған ортадағы жан-жануарлардың тіршілігіне орасан қатер төндіріп отырғаны осы кезге дейін талай мәрте айтылды. Соның себебінен болар, жақында республикада “Бірге – Таза Қазақстан” қозғалысы пайда болды. Эко-челленджді ел азаматтары қолдап, бірнеше күннің ішінде ауқымды акцияға ұласты. Мемлекет басшысы да әлеуметтік желіде бастамаға оң бағасын берді. Осылайша тіршілік иелерінің өміріне нұқсан келтіруі мүмкін жүздеген тонна қоқыс, қалдықтар тазаланып, республикадағы ақсап тұрған сала бір жасап қалды деуге болады. Елдің бас экологы Мағзұм Мырзағалиевтің бастама көтергендегі мақсаты да осы: көпшіліктің назарын тазалық жұмысына аударып, өскелең ұрпаққа өнеге көрсету.
Экологиялық акцияға Қазалы ауданының азаматтары да белсене атсалысуда. Осыған дейін аудан, кент әкімдігінен бөлек басқа да дербес мекемелер мен облысқа қарасты бірлестік ұжымдары табиғатқа жанашырлық пен ауызбіршіліктерін көрсеткен еді. Әйтеке би кенті әкімдігінің өзінен жетпіске жуық қызметкер эко-челленджге қатысып, “Мектепбай” аумағы аталатын “Алтын көпір” тұсын қалдықтардан тазартып, белгіленген орынға жеткізді. Әкімдіктегілер жол жиегіндегі қоқыстың бейберекетсіз жатқанын айтып, көпшілікті айналаны таза ұстауға шақырды.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда кенттің шет аймақтарындағы жолдың жиегіне пластикалық пакетке толы қоқыс пен қаптар көп тасталады. Бұл тұрғындардың, әсіресе, басқа қалаларға кетіп бара жатып, жолай тастап кеткен азаматтардың түсінбестік әрекеттері екені анық. Сондай-ақ қалдық таситын көліктер де иісі қолқаны алатын сұйықтықты “Мектепбай” маңына төге салатын жағдайлар орын алған. Ал бұл қоршаған ортаға айтарлықтай қауіп төндіріп, жақын маңдағы тұрғындарға залалын келтіруде.
Акция барысында “Алтын көпір” аумағының көп жерін қоқыстан тазарттық. Алдағы уақытта да осындай шаралар өз жалғасын табатын болады. Ал кент тұрғындарын белгіленбеген жерге қалдықтарды тастамауға, тазалық акциясына атсалысуға шақырамыз, – дейді Әйтеке би кенті әкімдігінің баспасөз хатшысы.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ