Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі

Наз

– Сәлеметсіз бе?
Келіңіз!
Не іздедіңіз? – деді қыз.
–Бұл – тігін шеберханасы
Не тіктіретін едіңіз?

– Бұрқасын боран далада,
Жылынып алсам бола ма?
Тоңып қалғаным, автобус
күтем деп аялдамада.

– Сөз бе екен жігіт сол-дағы,
Қол-аяғыңның тоңғаны.
Адамгершілігімізге
салқын тимесе болғаны.

Күлімдеп солай дегенде,
От ойнап кетті денемде.
– Қуанамын – деді, қайырлы
Қызмет етсем мен елге.

Бұл қыздың бөлек бітімі,
Салған суреттей мықыны.
Бабымен басса аяғын,
Баптаулы аттай күтімі.

Түп-түзу бойы қайыңдай,
Ақ жүзі – туған айыңдай.
Мінезінің де міні жоқ,
Баһардың ауа райындай.

Жанары інжу, лағылдан,
Айнадай күнге шағылған.
Әтірден әрі аңқиды
Тамағы жұпар малынған.

Сұлудың асыл гауһары,
Лебізі атқан тау таңы.
Жұмыртқа жұмыр иығы
Сәуледей сүйрік саусағы.

Айналған көңіл хошына,
Хор қызы деген осы ма?!
Ұқсайды теңіз дидары,
Толқын да толқын шашына.

Көбелек – қанат кірпігі,
Дір-дір етеді бүлкілі.
Көрмесе – көзің байлаулы
Көйлегін түрткен үрпіні.

Оймақтай ғана ауызы,
Еріні – гүлдің қауызы.
Бір күлгеніне татымас,
Мың бір түніңнің аңызы.

Бәсең үн, әсем ән қылып,
Сүйкімді сымбат сән құрып.
Тон тігіп отыр қолының,
Нәп-нәзік қарын талдырып.

Ісмерлігін бақтым жай,
Туа ма көркем сәт мұндай.
Созылтса жібін білегі,
Айдында жүзген аққудай.

Қарашы, түйме түйреуін,
Демінен дел-сал күйдемін.
Бас бармағынан балқиды
Иіліп бойы иненің.

Әжеден қалған әдібі,
Хас шебер дерсің кәнігі.
Тәнті етті мені биязы
Ана көргеннің тәлімі.

Көзбен көргенді мақтайын,
Қалайша іште сақтайын.
– Тұрмысқа епті, пысық қыз
Келінсің, – дедім, дап-дайын.

Албырап алма шырай бет,
– Жұп болар қайда жұбай?– деп.
Тамағын кенеп алды да,
Сөз сабақтады былай деп:

«Адамдар тастай әртүрлі,
Таппайсың оңай алтынды.
Қашай бергенмен қара тас
Алмастай болмас сан қырлы.
Қызыл-жасылға қызығып,
Елемеуші едім жалтырды.
Жаратқанымнан сұрадым
Жар қыл деп жүзі жарқынды.

Жаманнан туар бір есер,
Жақсыдан жақсы үлесер.
Бүркіттің балапаны да
Тіртінегінде тіресер.
Арлан күшігі жортарға,
Бөлтірігінен ілесер.
Мен әкелгенмен өмірге
Әкеге қарап ұл өсер.

Жақынын араз жат қылған,
Иманын итке қаптырған.
Күйеуден сүйеу шықпайды
Ашынасымен шат құрған.
Некелі келіншегінің,
Аппақ ниетін дақ қылған.
Қор болмай ондай қорқауға
Сақтанған дұрыс сатқыннан.

Қулығы – қоныш қойында,
Уәдесі – жуан мойында.
Намыссыз жігіт ұғынбас
Жауапкершілік жайында.
Тау майдаланса – түйіршік,
Алдырар ағыс шайымға.
Азамат ердің азғаны
Мәрттік болмаса бойында.

Ұшқанмен шарлап қиясын,
Бұзбайды құс та ұясын.
Шаңырағыңды шайқалтсаң
Обалдан нала жиясың.
Ботақаныңды боздатып,
Көз жасын немен тиясың.
Құлдыраңдаған құлынды
Жетімге қалай қиясың.

Ақынға қажет қаламы,
Етікшіге біз бағалы.
Балаға керек ойыны
Ойлайды ана баланы.
Ханға қазына, тақ қымбат,
Ғашыққа жүрек қалауы.
Шын сүйген жандар сезіммен
Отбасын сақтап қалады.

Шаршаса сая тынығар,
Шөлдесе кәусар суы бал.
Мұңайған сәтте қуаныш
Жаураса оты жылынар.
Жанының жарты бөлшегі,
Жарынан жақын кімі бар.
Құштарлығына құлдық қып
Бас иіп өткен ұлылар.

Ер жігіт елін жайлайды,
Аққу қаз көлін жайлайды.
Берекесі үйдің бірлікте,
Дастарқан дәммен жайнайды.
Үш бұты түгел ошақтың,
Қазанда асы қайнайды.
Үш жұрты түгел жігіттің
Басынан бағы таймайды.

Жайнатып айтсам – пүлішім,
Жайратып айтсам – қылышым.
Ақиқат өткір қайрайды
Жебедей үшкір тіл ұшын.
Садағын сөздің тарта алсаң,
Сардардың сонда бірісің.
Не дейсің бұған, ей, жігіт!
Тыңдайын дұрыс, бұрысын».

– Не дейін саған, үкілім,
Парасат пайым пікірің.
Жетеді адам арманға
Сақтаса сабыр, шүкірін.

Маңдай жұлдызың жарқырап,
Бұйырар бір күн дәрпі бақ.
Сүюсіз өмір мәні жоқ
Жастық шақ сұлу балқұрақ.

Махаббаты бар ездің де,
Еркекпін десе көзге ілме.
Уағдасыз жанда ешқашан
Жүрмейді іспен сөз бірге.

Көп қайнаған су бу болар,
Балды көп татсаң у болар.
Әр сөздің батпан зілі бар,
Қалжыңның арты шу болар.

Ағылмай қалса бұлағы,
Жағылмай қалса шырағы.
Ару дегенің бақытсыз
Табылмай қалса сыңары.

Сәби бесігін тербеткен,
Ананың сәні жөргекпен.
Баладан қымбат байлықты
Таппайсың іздеп жер-көктен.

Сырғиды уақыт сынаптай,
Кеш қалсаң кетер уатпай.
Қиюы, қалқам, қолыңда
Мысалы көрпе құрақтай.

Ат ішінде бар тұлпары,
Құс ішінде бар сұңқары.
Тектілігі бар тегінде,
Жігіттің де бар сұлтаны.

Болмысы бекзат патшадай,
Кеудесі көркем ақ сарай.
Жолықпай жүр-ау жақсы іні
Немесе сондай жақсы ағай.

Тілекті Тәңір берер деп,
Жолыңа қарап елеңдеп.
Сағынып күткен жұртың бар
Келісті келін келер деп.

Ақылды қыздар саналы,
Әке қабағын бағады.
Әке қабағын баққан қыз,
Күйеуіне де жағады.

Сыйлаған жігіт анасын,
Біледі әйел бағасын.
Бақытқа бөлеп жан-жарын,
Табады жұптан жарасым.

Серігі үміт сенімнің,
Қадіріне жет теңіңнің.
Адамның жаман әдеті –
Тұрақсыздығы көңілдің.

Бетінен қызыл күн кетсе,
Өзгеге шоғын үрлетсе.
Әйелдің сәні болмайды,
Ақ орамалын кірлетсе.

Тәрбиеңнің жоқ еш кемі,
Өрістің дұрыс өскені.
Өнегеңменен өрнектеп,
Сүргейсің өмір кестелі.

Салтанат сайран орнаған,
Бақыт тіледім Алладан.
Бір шаңыраққа құт болсаң,
Шаттық дегенің сол маған.

– Рахмет, әумин, тілегің
Қозғайды жанның жүрегін.
Деді де қасы қиылып,
Құлпырта түсті реңін.

Қылығы тәтті соншалық,
Қарап тұрмайды томсарып.
Автобус келіп, мен кеттім
Тігінші қызға тамсанып.

Қайратқа толы жігері,
Сұңғыла, сөзі сүбелі.
Қос босағаның қамына,
Табылса дедім тірегі.

Қыз деген көркем жан гүлі,
Аймалап сүйген таң нұры.
Әдемілігі әлемнің,
Бақытқа лайық әрбірі.

Нұрдәулет МАХАМБЕТ
19 қаңтар 2020 ж. 705 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930