Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті жұманы қаралы қылған кім?

Қасиетті жұманы қаралы қылған кім?

Мұсылман қауымы үшін аптаның жұма күні күндердің сұлтаны саналады. Себебі бүгінгі күнге Абу Һурайрадан: “Пайғамбар айтты: “Күн көтерілген күндердің хайырлысы – жұма күні: осы күні Адам жаратылған, осы күні ол жаннатқа кіргізілген, осы күні ол жаннаттан шығарылған, осы күні ақырзаман болады», – деген сөз жеткен. Бұған қарап аталған күннің адамзат баласы үшін жағымды жағынан ерекше маңызға ие екенін аңғару қиын емес. Дегенмен жердегі ақырзаман мезгілін жақындатып, жұрттың жұманы қаралы күнге теңегені қалай деген сұрақ соңғы кездері көп адамды мазалап жүргені анық.

«Қара жұма» термині саудагерлер арасында жиі айтылатынын білеміз. Әсіресе елдегі электронды заттар сататын ірі дүкен желілерінің жұма жайындағы жарнамасы көңілді елең еткізбей қоймайды. Негізінде бұның түбі тереңде жатыр. АҚШ-та Алғыс айту күнінен кейінгі аптада үлкен көтерме сауда күні қарастырылған. Дәстүрге айналып кеткен шарада рождестволық мерекеге арналған заттардың барлығы арзандатылған күйде сатылымға шығарылады. Аптаның бесінші күнін жаппай сатылымға арнау XIX ғасырда әдетке айнала бастағанымен, “қара жұма” түсінігі 1966 жылы ғана Құрама Штаттардың шығыс жағалауында қолданыла бастады.
Қара жұма ресми мереке саналмағанымен шетелдіктер бұл күні арнайы демалыс алып, сауда орындарында адам қарасы қалыңдайды. Дүкендер таңғы сағат 5-тен бастап, ірі сауда орындары түн ортасынан есіктерін айқара ашып қояды. Ең бірінші келуші тауарға 80 процентке дейін жеңілдік алуы мүмкін.

Ал қасиетті дінде жұма күнгі мұсылмандардың апталық айты, мейрамы болғандықтан бейсенбі күні ақшамнан бастап, заттық және рухани тазалыққа басқа күндерге қарағанда көбірек көңіл бөлу керек екені айтылады. Тазалықтың ең басында – ғұсыл алу, тырнақ алу, таза киім кию, хош иісті әтір себу келеді. Рухани тазалық ретінде жұмадан бұрын күнәларына тәубе етіп, көбірек зікір, салауат айтып, дұғаның қабыл болатын құпия сағатына тура келуді үміт етіп, көбірек дұға етуге тырысу қажет. Сонымен бірге аса маңызды емес шаруаның барлығын тоқтатып, мешітке асыққан құп көрінеді. Осы амалдарды жасаудың орнына қасиетті жұманың қаралы күн ретінде аталуы алғашында құлаққа түрпідей тигені рас. Қазіргі таңда көпшіліктің бұған құлағы үйренгені сонша, бұл күні сауапқа емес, жеңілдікке асығатындай. Тіпті жақында ғана Алматы маңында орын алған ұшақ апатының себебін осы атаудан көрген елге танымал тұлғалар да қасиетті күннің атауын өзгертпеуге, жақсы сөздер қолдануға шақырған еді. Жұма күніне сәйкес келген бұл оқиғаға байланысты үкімет қаралы, яғни аза тұту күнін жариялаған болатын.

– Қасиетті жұмадағы тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын. Күндердің сұлтаны – жұма. Көңілді жұма, керемет жұма. Міне, біз бұл күнді осылай мақтап, бүгінгі акцияларға да осындай атаулар беруіміз керек. “Қара жұма, қара жұма” деп, ақыры қаралы жұма қылдық. Ауыздан үнемі шығатын сөз, өміріңде орын алады, – деді Алтынай Жорабаева. Сонымен бірге шоу бизнес өкілі аффирмация айтатынын растады.
Бұл термин қазақтың “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген мақалымен пара-пар. Яғни адам баласы жақсы дүниені ойлап, соған қарай ұмтылатын болса әлбетте ол орындалады. Сол сияқты жаман ойлы адамның қиялындағы нәрсе өмірде шындыққа айналуы мүмкін. Бұл жайында Пайғамбардың: “Жақсы сөйле, болмаса үндеме” деген өсиет сөзі де бар. Сондықтан әр нәрсені өз атауымен атап, жақсылықты асырып, жамандықты көңілге алмағаннан артығы жоқ сияқты.
Сартай БАЙЖАН


15 қаңтар 2020 ж. 1 515 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 32

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930