Тәуелсіздік тартуы
Биыл Қазақ елінің тәуелсіздік алып, өз алдына отау болып, бөлініп шыққанына 28 жыл. Осы уақыт ішінде мемлекеттің барлық өңірі айтарлықтай дамып, өркендей түсті. Әр аймақта қарқынды құрылыс белең алды. Қазақстан қалаларында бой көтерген көркі көз тартарлық зәулім ғимараттар мен тарихы тереңнен сыр шертетін түрлі еңселі ескерткіштер тәуелсіздіктің бізге берген тартуы.
Әріге бармай-ақ өзіміздің аудандағы Тәуелсіздік аллеясын алайық. Әйтеке би кентінің орталығындағы Қашақбай Пірімов атымен аталатын көше бойында бойлай орналасқан ескерткіш-кесенелер Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ашылды. Аллеяның ашылуы салтанатты түрде өтіп, сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қазалылықтарды мерейлі мерекемен құттықтаған болатын. Аллеяда Бегім ана, Асандар көтерілісінің құрбандарына арналған ескерткіш пен Жалаңтөс батыр мавзолейі және Тәуелсіздік монументі орналасқан. Сондай-ақ, мұнда тұрғындар мен қонақтарға демалып, тынығуға жағдай жасалған. Жалпы бұл жобаларды іске асыру үшін бюджеттен біршама қаржы бөлінген.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, бұл шараға Қазалы ауданының тұрғындары ерекше дайындалды. Аудан орталығындағы бірқатар көшелер кеңейтілді. Тәуелсіздіктің торқалы тойы өтетін күн жақындаған сайын Әйтеке би кентінің Қашақбай Пірімов көшесі нағыз құрылыс алаңына айналғаны көпшіліктің әлі есінде. Көшені тарылтып тұрған темір қоршау жылжытылып, 2 метрге кеңейтілді. Көше қайта асфальтталып, жүргіншілер жолына брусчатка төселді, көшенің оң қапталы халықтың демалыс орнына айналды. Шығыс жағында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған биіктігі 25 метр Тәуелсіздік монументі орнатылып, төбесіндегі самғап бара жатқан қыран бүркіт бейнесі көрген адамның рухын көтеретіндей әсерге бөлейді.
Елдікті сақтау жолында құрбан болған бабалар рухын қастерлеу – өскелең ұрпақ үшін парыз. Тарихын таныған жас буынды тәрбиелеу арқылы ғана ел тәуелсіздігін баянды етуге болады. Осы тұста Жалаңтөс Сейітқұлұлының асыл сүйегі жерленген мәңгілік мекеніндегі топырағы туған жеріне жеткізіліп, батырдың мавзолейіне қойылды.
Адалдықтың символына айналған Бегім сұлу – тарихта болған адам. Деректерде ХІ ғасырда өмір сүрген делінеді. Атақты Қарабура әулиенің кіндігінен өрбіген. Ол өте көрікті бойжеткен болған деседі. Көрген адам көз алмай қарайды екен. Айдай сұлу аруға сөз салған серілер де аз болмаған. Алайда ешқайсысына мойын бұрмаған. Өзіне сай сыңарын іздеп, жол тосқан көрінеді. Сырдың бойындағы атақты Жанкент шаһары басшысының баласы Санжар хан отау көтеретін шақ туғанда серіктерімен жолға шығады. Қаратаудың етегіндегі қоныста тұратын Қарабура әулиенің қызы Бегім сұлу жайлы құлағы шалады. Оны көруге ынтыға түседі. Арудың жүрегіне жол табу өте қиын. Алайда оған ес-түссіз ғашық болған Санжар дегеніне жетеді. Бегім сұлуды өзіне қаратады. Екеуінің тату-тәтті тіршілігіне талай адам қызғанышпен қарапты. Тіпті кейбір адамдар олардың арасына жік салады. Бегім сұлудың адалдығына шек келтірген Санжар хан оқиғасы неше ғасырдан бері ел аузында сақталып, аңызға айналды. Оның ақиқаты қандай екенін ешкім білмейді. Тек адалдық пен парасаттылық туралы әңгіме қозғалғанда осы оқиғаны мысалға келтірмейтіндер кемде-кем.
Бүгінде тұрғындар мен қонақтардың демалыс орнына айналған «Тәуелсіздік» аллеясы кенттің көркін арттырып, келбетін асырып тұр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА