Қайырымдылықты қасиет тұтқан

«Ұялы»... Осы шағын елді мекеннің шеге құмына пісіп, өсіп-жетілген қайратты бала ешқашан туған жерін есінен шығарған емес. Сонау 60-шы жылдардан бастап, қазақ халқының көз қуанышы, береке-байлығы болған Арал теңізінің тартыла бастағаны әлем жұртшылығына белгілі. Табаны құрғағаннан кейін, теңіз жағасында тіршілік етіп отырған талай ауылдың қоныс аудармасқа амалы қалмаған.
Бекқалидың да ата-ана, бауырлары, туған-туыстарымен бірге көшулеріне тура келді. Жоғарыда айтқанымыздай аса сезімтал, қайратты қара бала кіндік кескен жерін ешуақытта ұмытпай, соның дәлеліндей бір кездері қайнаған өмірге толы «Ұялысына» осыдан оншақты жыл бұрын мәрмәр тастан ескерткіш-белгі орнатты.
Тастағы сөз жүрегі бар, түйсік-түсінігі бар адамға әсер етпей қоймайды. «Бұл жерде Ұялы деген елді мекен болған». Ал, тебіренбей, туған жерді сағынбай көр... Не деген, адамның сезім қылын шертетін сырлы да, ұлағатты, үлгі болар қасиетті сөздер. Былтырғы жылы Бекқали аға бастап, Кішкененің Жиеней аталығынан тарайтын ұрпақтары – елге танымал аға-жеңгелер, қасиетті де киелі «Ұялы» жеріне барып, туған жерге тағзым етіп, ата-бабаларына құран бағыштап, аунап-қунап, туған жер-ел туралы, осында өткізген өмірлері мен балалық шақтарына саяхат жасап, ақтарыла сыр шертісіп, бір жеңілдеп қайтыпты.
Ағаның біздің ауылға да жасаған игі істері аз емес, енді сол туралы таратсақ. Округ орталығы Қожабақы аулындағы «Ділімбет ишан» мешітінің күрделі жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлді. Жеке тұрғынның үйіне ауызсу жеткізу үшін, жеті жүз метр жер қазуға техникадан, қаржыдан көмек берді. Он жылдан бері жыл сайын бір жартыжылдыққа аудандық газеттердің біріне тұрмысы төмен жиырма отбасын жаздырып отырса, басқа да мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек, отын-су, тағы басқа да қаржылай көмек қолын созып, ауыл тұрғындарының уақытылы аудан орталығына барып-қайтуы үшін автобус қызметін сапалы ұйымдастырды. Биылғы жылдың өзінде әлеуметтік жағдайы төмен екі отбасыға бір жарым тоннадан үш тоннаға дейін қатты отын-көмірден көмек бергелі отырғаны, оның қандай кең жүректі азамат екендігін айқындап тұрған жоқ па?! Ұлттық менталитет, салт-дәстүрімізге берік кісі өзінің жақсы істерін жария етпейтіні белгілі, оны біз айтпасақ кім айтады, дүйім қауымға кім жеткізеді?!
Ел халықтың алғысына бөленіп, құрмет төрінен көріне беріңіз, ауданның Құрметті азаматы сіз туралы әлі талай тамаша дүниелер жазылар, жазылады да, өйткені, ол – ұрпаққа керек.
Кішкене ойымды қағаз бетіне түсіріп, болған кезімде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов облыстың бір топ қайырымды азаматтары қатарында Қазалының «Атымтай жомарты» – Бекқали ағаға да қайырымды істері үшін арнаулы диплом мен сыйлық тапсырғанын естідім. Мерейіңіз асқақтай берсін иман жүзді, жомарт жан!
Ақмарал ТІЛЕУБАЕВА,
Қожабақы ауылы