Менің туым, Менің Отаным!

Баршаны Отанды сүюге, Мемлекеттік рәміздерді, ана тілді құрметтеуге шақыратын шарада алдымен Мемлекеттік Гимн орындалды. «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан акцияның негізгі мақсатына тоқталып, мемлекеттік рәміздердің құндылығын атап өтті. Сонымен бірге партия белсендісі, орыс ұлтының өкілі Наталья Баркова мен көгалдағы хоккейден спорт шебері, Орталық Азия кубогінің иегері, Ресей, Қазақстан чемпионы Мұқағали Сансызбаев мемлекеттік туға деген мақтанышын жеткізді.
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы оларға құрмет көрсету, азаматтардың туған елге деген патриоттық сезімін оятуды мақсат еткен шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап, аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков, ішкі саясат бөлімінің басшысы Әліби Әбиев, «Jas Otan» жастар қанатының Қазалы аудандық бөлімшесінің басшысы Гүлдәрі Иманалиева және колледж студенттері, өзге ұлт өкілдері, ерікті жастар мен партия мүшелері, БПҰ жетекшілері мен аудан тұрғындары қатысты. Түрлі ұлттың ұлттық киімдерін киген жастар бір тудың астында мәңгі бейбіт ғұмыр кешудің көрінісін әсерлі бейнеледі. Бұл күні Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы болып табылатындығы туралы терең түсінік берілді.
Қорқыт ата атындағы аудандық балалар музыка мектебі мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары шарықтата ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ