“Үздік оқырман - 2026” облыстық байқауының ІІ кезеңі өткізілді
Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы осы жылдың қыркүйек, қазан, қараша айларында “Үздік оқырман - 2026” облыстық байқауын ұйымдастыруда.
Шара Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаевтың “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлығы мен “Кітап оқитын ұлт” жобасы аясында оқу мәдениетін насихаттау, оқырмандардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру, білімді әрі зерделі оқырманды анықтау мақсатында өткізіледі.
Байқауға 18 жастан жоғары, кітапханаға тіркелген оқырмандар қатысуда.
Жалпы байқау үш кезеңнен тұрады.І кезең – Қалалық / аудандық іріктеу кезеңі.
Байқаудың алғашқы кезеңі 2026 жылғы 30 қыркүйек күні өткізіліп, қатысушылар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» атты шығармасы бойынша білімдері мен әдеби танымдарын сынға салды. Бұл кезеңде оқырмандардың көркем шығарманы зерделеу қабілеті, ой тереңдігі мен әдеби талғамы сараланды.
ІІ кезең – Аудандық / қалалық қорытынды кезең.
Бүгін байқаудың екінші кезеңі жалғасын тауып, қатысушылар Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» және Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» атты көрнекті шығармалары негізінде әзірленген тест тапсырмаларын орындады. Аталған кезеңде оқырмандардың әдеби шығармаларды терең түсінуі, кейіпкерлер әлеміне бойлауы, тарихи-танымдық пайым-парасаты мен шығармашылық ойлау қабілеті сынға түсті.
ІІІ кезеңде (Облыстық Гранд-Финал): Бұл — байқаудың ең шешуші әрі соңғы кезеңі. Мұнда аудандар мен Қызылорда қаласынан оқ бойы озып шыққан ең үздік жеңімпаздар Ә. Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада бас қосады.
Байқауға қатысушылардың білім деңгейін, әдеби танымын, шығармашылық ізденісі мен зияткерлік қабілетін саралап, нәтижелерін әділ бағалау мақсатында құрамында білікті мамандар мен зиялы қауым өкілдері бар әділ қазылар алқасы жасақталды.
Қазылар алқасының төрайымы – Қаршыға Есімсейітова, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның Құрметті жазушысы.
Қазылар алқасының мүшелері:
* Нұрсұлтан Мықтыбай – белгілі қазақстандық журналист, жазушы, зерттеуші, «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері;
* Айгүл Есенқызы Жанғабылова – Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары;
* Гүлжан Юсупова – Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі;
* Айжаһан Ысқақ – Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз;
* Эльмира Сақтағанқызы Ержанова – Қалжан Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагог-зерттеуші.
Байқаудың ашылу рәсімінде құттықтау сөз Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Абай Әнесұлы Дидаровқа берілді.
Байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың білім деңгейі, әдеби шығармаларды меңгеруі, ой ұшқырлығы мен жауаптарының мазмұндылығы сараланып, үздіктер анықталды. Байқаудың ІІ кезеңіне іріктеу барысында жалпы 94 оқырман тестілеуге қатысып, білімдері мен әдеби танымдарын сарапқа салды. Нәтижесінде үздік көрсеткішке қол жеткізген 40 оқырман келесі кезеңге жолдама алып, өзара бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.
Кітап әлеміне терең бойлап, білім мен парасат бәйгесінде өздерінің зеректігі мен ізденімпаздығын танытқан бірқатар қатысушылар арнайы ынталандыру марапатына ие болды. Атап айтқанда, Сатова Айнұр, Күзембай Гүлнар, Суханова Мира, Қасым Рита және Жауғашарова Гүлдана 10 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
Байқаудың III орын иегерлері атанған Қоңқаева Ақмарал мен Жолтаев Болатқа 20 000 теңгенің сертификаты табысталды.
II орынға лайық деп танылған Оразалы Айнұр 30 000 теңгелік сертификатқа ие болса, I орынды иеленген Рахмет Раиса 40 000 теңгенің сертификатымен марапатталды.
Ал байқаудың ең жоғары марапаты – Бас жүлде Жүсіпбек Нұрсұлтанға бұйырып, 50 000 теңгелік сертификат табысталды.
Осылайша, білім мен әдеби таным сынға түскен зияткерлік додада үздік оқырмандар өздерінің терең білімі мен кітапқа деген сүйіспеншілігін дәлелдеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтай отырып, кітапқа құштарлықтары артып, рухани ізденістерінің әрдайым биіктей беруіне тілектестік білдіреміз!
Кітап – білімнің қайнар көзі, руханияттың алтын арқауы. Ал кітапты серік еткен оқырман – ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын қазына!










