Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті құтхана

Қасиетті құтхана

Қазалы жерінде қолына құран ұстап, ілім алам деп ізденіске түскен, хақтың жолын таңдаған жандар аз болмаған. Шығыс өркениетінің шекпенінен шыққан сол ағартушылар ислам дінін аймақта кеңінен насихаттады. Соған сәйкес құлшылық үйлері де көптеп салынған. Жамағаттың Қағбаны бағыт қылып, құбылаға бет бұруына ықпал тигізген қасиетті орындардың бірі – Нұралы мешіті.

Бұл мешітті осы жерде өмір сүріп, Орта Азияда саудасын дөңгелеткен тәжік саудагері Мірәлім Меркамалов 1915 жылы салдыра бастаған. Бұхара мен Хиуа жерінен мешіт салатын арнайы ұсталарды алдырып, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтарды да сол жақтан әкелген. Ауыр жүкті түйемен тасып, алыс жолдың азабын тартуды жөн санамаған саудагер Сырдарияға сал жіберіп, керек материалдарын су бетімен жеткізіпті. Алты жыл бойы тұрғызылған ғимараттың кірпіштері ғасыр өтсе де әлі күнге дейін әрін кетірмейтін арнайы сылақ жүргізілген.
Құрылыс біткен соң Мірәлім Бұқарадан білімді ғалым Хақназарды имамдыққа шақырған. Хақназардың ұрпақтары әлі күнге дейін Қазалы жерін қоныс етеді. Аумалы-төкпелі заман болып, большевиктер бай-манаптардың ізіне шам алып түсерін ерте түсінген Мірәлім отбасын ертіп, жиған-терген дүниесін теңдеп, Ауғанстанға асып кеткен. Мешіт салуға берілген рұқсат қағаз кейін ешбір архивтен табылмаған, Мірәлім көшкен кезде өзімен бірге алып кеткен деген де сөз бар.
1937 жылға дейін мешіт мұнарасынан мұсылман қауымды намазға шақырған азан дауысы үзілмеген. Ал, патша билігі құлап, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін әскери казарма, емхана, дәріхана, клуб сияқты түрлі бағытта қолданылған.
1984 жылы тарихи орынды «Қаз­проек­треставрация» институты есепке алып, құжатын дайындаған. Ірге­тасы қаланғанына ғасырдан астам уақыт өткен ескі жәдігер бүгіндері туған жердегі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени нысандар тізіміне енген. Қабырғасына қорғау тақтасы қағылып, мемлекет бақылауына алынған. Оған 1990 жылы алғашқы рет жөндеу жүргізілді. Жыл өткен соң қайтадан халық игілігіне мешіт болып ашылған.
2010-2012 жылдар аралығында Нұралы мешітіне арнайы мамандар қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген.
«Цифрлы Қазақстан» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары бойынша «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында тарихи-мәдени мұраларды сандық форматқа көшіру барысында ғимаратқа QR код орнатылды.
Жылжыған жылдар бойы мүжілмей, ғасырдан да ұзақ уақыт бес мезгіл мінажатын берік ұстанып, дін жолында жүрген ағайынның сауат ашып, дәріс алар, сапқа тұрып Құдайға құлшылық етер ордасына айналған орынды осы күйінде сақтау бұлжымас міндет.

Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
24 қыркүйек 2019 ж. 1 066 0

Магниттік дауыл

12 мамыр 2024 ж. 33

Тәтті әлем

12 мамыр 2024 ж. 60

Келелі кездесу

11 мамыр 2024 ж. 61

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031