Жас отбасындағы жеті баланың сыры
Жеті перзентті тәрбиелеп отырған отбасын Әйтеке би кентінен таптық. Таң-тамаша болғанымыз, осынша сәбиге ғұмыр сыйлап отырған жандар біз күткендей алпысты алқымдаған адамдар емес, отау құрғандарына небәрі он бес жыл толған жастар болып шықты.
Сисенбиевтер отбасын айналасындағылар үнемі үлгі етіп отырады. Олар көп балалы болуымен бірге жұмыста жауапты, ортасына сыйлы, үлкеннен ізетін, кішіден көмегін аямаған ерлі-зайыптылар.
Мейрамбек Сисенбиев пен Әсем Хасанова 2004 жылы көңіл жарастырып, отбасы болуға ортақ шешім қабылдайды. Көп сөзге жоқ томаға-тұйық Мейрамбектің өзіне деген жанашырлық, адал пейілін ұғынған қағілез қыз жігітке өмірін сеніп тапсыруға бел буады. Алғашқы жылдары жастар жұбайлық өмір, жауапкершілік жүгін аса сезінбегендерін езулеріне күлкі үйіріле еске алады. Бойларындағы балалық табын әлі жойып үлгермеген жұптар бір-біріндегі жақсылықты жандарына ұялатуға тырысып, кемшілік, олқылық кетіп жатса, бірге түзеуге талпынады. Осылайша екі жанның «отбасы» деген тұтас ұғымды қалыптастыруға деген адымы басталып, жылдар өте келе үлкен үндестігін түзеді.
«Алғаш рет ата-ана атанған кезіміз әлі ойымызда. Жастығымыз басым біздің ол кезде білгенімізден білмейтініміз көп еді. Осы жолда асыл анамыз бен асқар тау әкеміз көмегін аямады», – дейді Әсем.
«Асыл анамыз бен асқар тау әкеміз» деген сөзді риясыз сезіммен жеткізіп отырған келіншектің сөзінен балаларының жарасым табуына жан-жақты қамқорлығын көрсеткен темір ұстасы Талғат Сисенбиев пен еңбек арагері Майрагүл Ілясованың ізгі ниетін аңғару қиынға соқпады.
«Қоғамда қаузалып жатқан көпбалалы отбасылардың әлеуметтік ахуалы сіздерге сызын тигізбеді ме?» – дегенімде отағасы Мейрамбек: «Жоқ», – деп қысқа қайырса, зайыбы: «Өзімізді көпбалалы үй деп сезінбейміз. Әрбірінің өз орны бар. Біз еншімізді жақында алдық. Ал үлкен үйде бес баламыз өсіп-жетілді. Оған ешқашан өкініш білдірген емеспіз. Есесіне олар әке-шешемен бірге үлкен мектеп – ата-әже мейіріміне мейлінше жарып, қанығып өсті. Кішкентайларымның бойынан бір-біріне деген бауырмалдық, үлкенге деген сыйластық табын тапсақ, оған ортақ ата-анамыздың ықпалы деп білемін», – дейді.
«Әке көрген – оқ жонар» дегендей Мейрамбек – әке жолын абыроймен жалғаған ұл. Қанмен келген қасиетті өмірлік мамандығына ұштастырған азамат жауапты жұмысшы. Ол Қазалы локомотив жөндеу зауытында темірден түйін түйген металл жонушы ұста. Бүгінде Мейрамбектің қолынан өткен болат жолы көліктері ел экономикасының өрістеуіне өлшеусіз үлесін қосып келеді. Әріптестері сөзден гөрі іске бейім токарды жауапкершілігімен жақсы таниды.
Әсем – жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұлғатты ұстаз. Мемлекеттің үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыруға аянбай атсалысып келе жатқан тәжірибелі маман қоржынында халықаралық, аймақтық, аудандық түрлі деңгейдегі мақтау-марапат, сертификаттар бар. Жаңашыл ұстаздың оқушылары жеткен жетістіктің өзі бір тақырыптық мақалаға арқау.
«Әсем Хасанова – өзін ұжымдастары арасында жақсы, жоғары дәрежеде көрсетіп жүрген ізденімпаз мұғалімнің бірі. Жаңалыққа жаны құмар тәжірибелі маман қай кезде де ұстамды, байсалды қалпынан таймай, шәкіртті білімге баулуға күш-жігерін жұмылдырып келе жатыр. Ең бастысы, мемлекеттің демографиялық саясатын іске асыруды жүзеге асырып отырған жас ананың бірегейі», – дейді №266 мектеп-лицей басшылығы.
Осындай ұжымына үлгі болып отырған мақтаулы мамандар отбасына да ерекше жауапкершілікпен қарайды. Екеуі тәрбиелеп отырған Әлимұса, Әділет, Ақниет, Әлішер мектеп оқушылары болса, Нұрсұлтан мен Мирас – балабақша тәрбиеленушілері. Кішкентай Досымжан ағаларының ең сүйікті, ерке бауыры.
№266 мектеп-лицейдің 6 сыныбындағы Әлимұса – үздік оқушы. Жаратылыстану саласы бойынша Ресей федерациясы ұйымдастырған халықаралық жарыста жоғары ұпайға қол жетікізіп, ұстаздарының үмітін ақтаған ол бос уақытын барынша тиімді пайдануға машықтанған.
Ақниет пен Әділет, Әлішер де тәртіпті де белсенді оқушылар. Ақниет «Жарқын жол» республикалық ғылыми орталығының білім сайында бірінші орынды иеленген. Отбасылық жетістіктер бұрышынан Ақниеттің ІQ-Интеллект дамыту орталығының Алғыс хатын, балалардың оқу үлгеріміне берілген мақтау, Нұрсұлтан мен Мирастың балабақша сайыстарында топ жарған жетістіктері жазылған қағаздар мен естелік сыйлықтар, кубоктарды көрдік. Мұның сырын жарасымды жұптың ел болашағына бейжай қарамағандығы деп ұғындық.
«Баланың бөтені, көптігі болмайды. Алла нәсіп етсе, шаңырақты тағы да бірнеше сәби шаттығына толтыруға ниетіміз бар. Әр бүлдіршін өмірге өз қуанышы, несібесімен келеді. Әдетте түрлі жағдайларға кезігіп, көңіліміз жабырқап қалғанда, үйге келсек, жағымсыз энергиядан лезде айығамыз. Себебі біз болашаққа деген батылдық пен күш-жігерді ұйымшыл отбасымыз бен балаларымыздан аламыз» – деді бізбен қоштасарда Әсем Қажымұратқызы.
Әсерлі кездесуден соң жас отбасының берік ұстанымы мен ертеңге деген батыл беталысынан өзге замандастары да үлгі алса нұр үстіне нұр болар еді деген ойда қалдық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА