Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар жылындағы жаңашыл істер

Жастар жылындағы жаңашыл істер

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды Жастарға арнауы бүгінгі буынға жаңаша күш берді десек артық айтқандық болмас. Осы күнге дейін олардың қоғаммен байланысын арттырып, мемлекеттік маңызы бар жобаларға араласуына мүмкіндік жасап келген арнаулы ұйымдар қазір өскелең ұрпақты кәсіпкерлікті дамытуға тартып, NEET санатындағы азаматтарды белсенділікке баулып, тіпті, оларға тұрақты жұмысқа тұруға жәрдемдесуде. Аталған жылдың аяқталуына бірнеше ай уақыт қалды. Осы тұста Жастар жылы бағдарламасында қандай нысаналы мақсаттар болғанын ойға оралтайық. Бағдарламада алдымен мемлекет мүддесі үшін жұмыс істеп жүрген жастарға арналған жыл сайын 1 мыңнан астам пәтер салынуы керек-тін. Бұдан бөлек “Жас кәсіпкер” бағдарламасы жасақталып, “Бизнес-2020” арқылы бөлінетін грант саны екі есеге дейін артып, ауылға барып жұмыс істейтіндердің айлық жалақысын өсіру тапсырылған. “Жас маман” бағдарламасы бойынша білікті маман санын өсіріп, әскери-патриоттық тәрбие беру ісі де бағдарлама жоспарында болған. Қазіргі таңда аталған міндеттер қаншалықты орындалуда? Көтерілген бастамалар аудан жастарының әлеуетін арттыруға ықпал етті ме? Бұл сауалдарға жауапты осы сала ісімен тікелей айналысатын ұйым басшыларынан сұраған едік.

Олжас Ахметов,
аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:
– Аудандық ішкі саясат бөлімі жанынан құрылған Жас­тар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен қазіргі таңда жастардың бойында елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін шыңдауға, шығармашылыққа баулу мақсатында түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Жыл басынан бері аудан жастарының қатысуымен жас­тар саясатын жүзеге асыру, сол арқылы оларға әлеуметтік қолдау көрсету, тәрбие беру бағытында 200-ге жуық шара өтіп, оған 6150 жас қатысты. Оның ішінде 100 мәдени көпшілік, 52 әлеуметтік, 43 спорттық шара және 5 қайырымдылық концерті өткізілді.
Аудан жастарының қоғамдық-саяси өмірге қатысуы мен әлеуметтік қолдау көрсету бағытында «Жас Отан» жас­тар қанаты, «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан «Достар Алаңы» еріктілер клубы, «Қазыналы Қазалы» пікір сайыс орталығы, «Жастар. Қоғам. Болашақ» жобасы, «Достық түрлі өзге этнос» жастары клубы, «Жас кеңесші», «Жайдарман Live», «Жаныңда жүр жақсы адам» жобалары жұмыс жасауда.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында 2017 жылдан бастап «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жастар. Қоғам. Болашақ» тақырыбында арнайы жобасы жұмыс жасап келеді. Сонымен бірге қоғамдық-мәдени орындарда ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және тәрбиелеу мақсатында пробацияда тіркеуде тұрған 18 жасөспірім мен басқа да жас­тармен жоба аясында бүгінгі күнге дейін 30-ға жуық кездесу, рейд жұмысы, дөңгелек үстелдер өткізілді.
Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, NEET санатына жататын жастарды уақытша жұмыспен қамту мақсатында ай сайын «Жас кеңесші» жобасы аясында халық көп шоғырланатын орындарда сала мамандарының қатысуымен ақпараттық-насихат тобы жұмыс істейді. Оқуын жаңа тәмамдағандар үшін «Дипломмен ауылға», «Қолжетімді баспана-2020», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 2500-ге жуық азаматқа кеңес берілді.
Сонымен қатар орталық мамандары ұйымдастырған «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы жастарға көрсетілетін тәлім-тәрбие, жақсы істерде үлгі бола білу, қоғамдағы маңызды мәселелерге бейжай қарамау, оның ішінде мұқтаж адамдарға қолұшын созуға белсенді атсалысуды қарастырады. Жоба тек қана мұқтаж жандарға пайдасын тигізіп ғана қоймай, еріктілер қозғалысының дамуы мен жастар үшін тәрбиелік маңызға ие. Аталған жоба аясында көпбалалы және тұрмысы төмен 10 отбасыға азық-түлікпен жәрдемдесіп, мүмкіндігі шектеулі 2 сәбидің ем алуына қаржылай көмек көрсету үшін «Жүрек жылуы» атты концерттік бағдарлама өткіздік.
«25 жас – 25 игі бастама» жобасын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Бұл бастама 25 ерікті азаматтан құрылып, мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында жарық көрген. Бүгінде белсенді жастар жергілікті 30-ға жуық жалғыз бас­ты және еңбек ардагерлерінің үйлерінде сенбілік жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда жастар үшін жасалатын маңыздың істің бірі оларды жұмыспен қамту болып табылады. 2017 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,1 процентті құрады. 2018 жылға бұл көрсеткіш 0,2 процентке төмендеді. Ауданда тіркелген жұмыссыз жастардың саны 1115 адам болса, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 725 жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде қоғамдық жұмыстарға – 138, кәсіби оқуға – 254 және жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жастар тәжірбиесіне – 218, тұрақты жұмыс орнына – 38 азаматқа жолдама берілген.

Гүлдәрі Иманалиева,
“Жас Отан” жастар қанаты аудандық бөлімінің басшысы:
– Қазіргі таңда аудан бойынша белсенді жасотандықтар саны 1100 адамға жетті. Олардың барлығы республикалық базада тіркелген. Бұл елдегі жетекші ұйымның белсенділігін көрсетеді.
2019 жылдың 8 айында 8300-ден аса жастың қатысуымен аудандық, қалалық, ауылдық 124 шара өтті. 2019 жылдың наурыз айында «Nur Otan» партиясының 20 жылдығына орай «20 жыл – Жас­тар. Жаңару. Жаңғыру» атты аудандық жайдарманшылар сайысы ұйымдастырылды. Оның жеңімпаздарына Алғыс хат пен бағалы сыйлық және ақшалай ұтыстар табыстадық. Бұдан бөлек «Сәтті қадам» жобасын табысты жүзеге асыру мақсатында аудан көлемінде кәсіпорындарда «Ашық есік күні» форматында мектептердің 500-ден астам жоғары сынып оқушылары болып, кәсіпорын жұмысымен танысты. Жас өскіндер «РЗА» АҚ, «Шапағат» балаларды сауықтыру орталығы, «Сыр Маржаны» ЖШС, «Қазалы кәмпиті», «СПК Қызылорда балық» ЖШС зауытына барып, шығарылатын өнімдерді көздерімен көрді.
Өнегелі ұрпақ қалыптастырудың алғышарты оларға дұрыс бағыт-бағдар беру екені анық. Соған байланысты «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 67 жасотандық аудандағы тыл, еңбек, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оның ішінде жалғызбасты, қарастығы жоқ қарттардың ауласы мен үйіне тазалық жұмыстарын жүргізуге көмектесті.
Биыл 26 спорттық шара өтті. Бүгінгі күннің талабы сыбайлас жемқорлықпен күресу, оны болдырмау, сыйлықтан бастау алатын сыбайластыққа мүлде төзбеушілікті қалыптастыру, қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, парасатты, мәдениетті, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге атсалысу мақсатында жас отбасылар арасында «Біз жемқорлыққа қарсымыз: Бар байлығым отбасым» атты аудандық отбасылық эстафета өтті. Шараға 18 жас отбасы қатысты.
«Nur Otan» партиясы филиалы мен «Jas Otan» ЖҚ аудандық бөлімшесі және «Қазалы – Жомарт» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ақыны А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» атты аудандық жас оқырмандар байқауы ұйымдастырылды. Шара жеңімпаздары мен қатысушыларына әртүрлі сыйлық үлестірілді. Сондай-ақ, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Jas Otan» ЖҚ және «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырумен орталық алаңда 100 балаға балмұздақ пен тәттілер тегін таратылды.
Сондай-ақ «Jas Otan» ЖҚ аудандық бөлімшесі «NEET» санатындағы жастармен жұмыс жүргізуде. Яғни «NEET» санатындағы жастарды қоғамға тарту, оларды барлық іс-шараларға қатыстыру мақсатында көптеген жұмыс істелді. Қазіргі таңда ауданда «NEET» санатындағы 31 азамат бар. Оларды түрлі қоғамдық жұмыстарға тартудамыз.
«OPEN AIR» жастар фестивалі «Jas Otan» ЖҚ аудандық бөлімшесі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің, және “Қазалы - Жомарт” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жазғы мезгілде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Әйтеке би кентінің орталық алаңында әр сенбінің кешінде жастар фестивалі өткізіліп тұрды. Фестивальде жас әншілер мен жайдарманшылар өнер көрсетті. Сонымен қатар, ұтыста 50 лотарея билеті ойнатылып, бағалы сыйлық таратылды.
«Jas Otan» ЖҚ аудандық бөлімшесінің әлеуметтік желіде, фейсбук, инстаграм парақшалары ашылып, оқырмандар саны күннен-күнге артуда. Ұйым мүшесі болғысы келетін жас­тарды шабыттандыру үшін жаңа бастама көтеруге ден қойдық.
Жыл басынан бері «Jas Otan» ЖҚ аудандық бөлімшесінің мұрындық болуымен 5 жас жұмысқа орналасса, жыл соңына дейін тағы біршамасына көмек көрсету жоспарлануда. Алдағы уақытта елдегі «Jas Otan» ЖҚ белсенділігін арттырып, жастар қозғалысының өзегі саналатын ұйым мен өскелең ұрпақты жаңа дәуір кезеңіне жұмылдыратын боламыз.

Талант Нұрмаханов,
“Серпін” жастар кеңесінің төрағасы:
– Алдымен «Серпін» жастар кеңесі 2017 жылы аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті жанынан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің бас­тамасымен құрылды.
Жастар кеңесін құру барысында арнайы бағдарлама жасалды. Кеңестің алғашқы отырысында аудандағы барлық мектеп пен балабақшалардан және мектептен тыс мекемелерден келген бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен төрайымдары және жас мамандар дауысқа салу арқылы кеңес мүшелерін сайлады. «Серпін» жастар кеңесінің құрамында 7 адам жұмыс істейді. Одан бөлек білім беру ұйымдарындағы 29 жасқа дейінгі жас ұстаздар мүше болуға құқылы.
Ұстаздардың біліктілігін арттыру, олардың қоғамдағы мәртебесін қалпына келтіру мақсатында Жастар жылы аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. 2019 жылдың сәуір айында «Жастар жылы – жарқын болашаққа жаңа қадам» атты білім саласы бойынша облыстық деңгейде жас ұстаздардың аудандық форумын өткіздік. Онда қоғамдық істерде белсенділік танытып жүрген жас отбасыларға жазғы демалыс кезінде Нұр-Сұлтан қаласына саяхат жасауға жолдама табысталды. Сондай-ақ «Серпін» жастар кеңесі мен №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасы ұжымы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Кемел елдің келешегі – білім, білік, тәрбие» тақырыбында жас ұстаздардың интеллектуалды сайысын өткіздік. «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталағында «Білімді ұрпақ – кемел келешек кепілі» тақырыбында ауданның мектеп бітіруші түлектерімен бірлескен таным сағаты ұйымдастырылды.
Түлектердің таңдаған мамандықтары бойынша білім гранттарын иеленуі күн тәртібіндегі мәселе екені белгілі. Осы орайда №204 мектептің психологы Т.Елубайқызы түлектер арасында «ҰБТ алдындағы қобалжу мен қорқынышты сейілту» тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырып, сындарлы сәтте орын алуы мүмкін қиындықтардың алдын алу жұмыстарын жүргізді.
Оқу мен тәрбие қашан да қатар жүретін егіз ұғым. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тәмсіл де тектен тек айтылмаса керек. Оқушылардың ойлау дағдысын дамыту мақсатында №266 мектеп-лицей логопеді мен мұғалімі Р.Пірімжарова мен А.Тиыштықова тренинг өткізіп, түлектерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен шілде айының 29-31 аралығында Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы “Таң нұры” демалыс орталығында облыстың жас кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен педагогтардың жазғы лагері ұйымдастырылды. Онда “Bilim foundation” қоғамдық қоры филиалының басшысы Сымбат Абдрахманова, “Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы орталығының коуч-тренері Жанар Жұбауова және “Educom” компаниясынан келген тренерлердің “Мақсат қою және оған жету”, “Таңдау. Сенім. Жауапкершілік”, “Тұлғааралық қарым-қатынастарды дамыту”, “Мақсат. Арман. Миссия”, “Тайм менеджмент”, “Стресске төзімділік”, “Педагогикадағы төрт қағида” ,”Эмоционалды күйіну” тақырыптарында түрлі семинар-тренинг өткізілді.

Нұрбек Ақпанбетов,
“Нұр Отан” бастауыш партия ұйымының төрағасы:
– Мен төрағалық ететін Жастар бастауыш партия ұйымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елдің түкпір-түкпірінен ашылып жатқаны белгілі. Негізгі мақсаты – халықтың, оның ішінде жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септесу. Қоғамда орын алатын кез келген мәселенің оң шешімін табуына ыңпалдасу. Аталған ұйым аудандағы жұмысын енді ғана бас­тап жатқандықтан алдағы уақытта тың жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғындардың өтінішін қанағаттандыруға жұмыс жасайтын болады.
Партия жақтастарын ортақ мақсатқа жұмылдыру, қоғамдық пікірлерге байланыс­ты әрекет ету, қоғамдық тәртіпті қалыптастыру секілді базалық міндеттерді жүзеге асыру кезіндегі заманауи коммуникацияның рөлі ерекше. Сондықтан бастауыш партия ұйымы тиімді коммуникацияға да баса мән беретін болады. Цифрлы технологиялар мен ақпаратты-коммуникациялық жұмыс біздің бастауыш партия ұйымы үшін басты бағыттың біріне айналады. Өйткені бастауыш партиялық ұйымдардың алдында таңдалған коммуникация құралдарының негізінде партия мүшелерімен ішкі партиялық және сыртқы түрлі мақсатты топтармен және тұтастай алғанда қоғаммен байланыс құру мақсаты тұр.
Қазіргі таңда аудандағы бастауыш партия ұйымында 50-ден астам жас өкіл бар. Бұл көрсеткішті жыл аяғына дейін жүзден асыруды көздеп отырмыз. Олардың барлығы жастардың жан-жақты білім алуына, өмір сүру сапасын арттыруға жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ бас­тамашыл өрендердің талабына айрықша қолдау көрсетеді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
15 қыркүйек 2019 ж. 1 563 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930