Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңашылдыққа жаны құмар

Жаңашылдыққа жаны құмар

Қазақта жүрегі кең, қолы ашық, мейірімі мол адамды «мәрт» дейді. Мұндайлардың адамгершілігі жоғары, кез келген тақырыпта әңгіме өрбіте алады. Сонымен қатар, өз қажеттілігіне жарайтын табыс көзін таба білетін еңбекқор, үлкен-кішіні сыйлап, қарамағындағыларды бағалай білетін қасиетке ие. Осындай әр сөзі мен ісіне жауап бере алатын жанның бірі – Көпжан Бижанов десек артық айтқанымыз емес. Жаны жайсаң, өмірден көргені мен түйгені мол азамат «Жылу – ХХІ» ЖШС-нің директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.

Қай кезде де жүзінен жылылық шуағы төгіліп тұратын Көпжан Бижанов 1956 жылы 27 қарашада Жаңақазалы қыстағында дүниеге келген. Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектептегі ұлағатты ұстаздары алдынан өтіп, орта біліммен сусындағасын Алматы қаласындағы қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтына түсуге құжаттарын тапсырады. Физика, математика, химия пәндерін көңілге ерекше зейінмен тоқығандығы шығар жоғары оқу орнына қабылданып, инженер-механик мамандығын алып шығады.

Көпжан он үш ағайындының арасында тәрбиеленгендіктен бауырмалдылық, мейірімділік қасиеттерді өн бойына сіңіріп өсті. Әкесі Қожаберген мен анасы Күлпаш балаларына ала жіпті аттамай, үнемі әлсіздерге қамқор болып, жақсылық жасауды өсиет еткен.
«Әкем туған-туыс, көрші-қолаң құр¬меттеп, сыйлайтын абыройлы жан еді. Ол 1942 жылы өз еркімен 17 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, Орынборда әскери дайындықтан өтеді. Онда әскери ұшаққа бомба салудың қыр-сырына қаныққан. 1950 жылы Варшавадан туған жерге аман-есен оралады.

Қанды майданда екі жерден жарақат алса да, сауығып қайта сапқа қосылған. Бейбіт күндері де сырқаттанып тұрмын деп шағым айтпастан білек сыбана еңбек етті. Анам да ертеден кешке дейін шаруаларын шыр айналдырып, бар тапқан-таянғанын біздің аузымызға тосатын. Тұрмыстың таршылығына реніш білдірмейтін, сағы сынбайтын. Бұрынғының адамдары осындай көнбісті еді ғой», – деп еске алады Көпжан Бижанов.
Көпжан еңбек жолын 1979 жылы ауылшаруашылығын қамтамасыз ету жөніндегі Қазалы өндірістік бірлестігінде инженер болып бастады. Содан соң осы мекемеде инженер-ақау табушы (дефектовщик), инженер-бақылаушы, жөндеу шеберханасының меңгерушісі болды.
Бұдан кейін Қазалы аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің техникалық-жөндеу мекемесінің бас инженері, «Агросервис» кооперативі төрағасының орынбасары лауазымын атқарды. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары «Агропромтехника» бірлестігінің бас механигі, бас инженері болып, аудандағы ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне елеулі үлес қосты.
1992-1998 жылдары СПМК-2 мекеме¬сіне, ал 1998-2002 жылдары «Жылу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлығына тағайындалды.

Көпжан Қожабергенұлының айтуынша, инженерліктен бастап, бас инженер болғанша бір мекемеде қызмет еткен. Колхоз, совхоздардың тарауына байланысты аталған ұжым жабылып қалған. Кейін СПМК-2 мекемесіне директорлыққа тағайындалса да нарықтық реформа салдарынан жұмысын тоқтатады.

Алайда мекеме ғимаратын бұзғызбай тиесілі аумағымен жекешелендіруге бермей, тиісті орындарды жағалай жүріп алып қалады. Бос қаңырап тұрмасын деген оймен оған баспанасы жоқ алты жас отбасын орналастырады. Сол кездегі отызға жуық адамы бар ұжымды таратпай, таршылық уақыт болғанына қарамастан тәуекелге бел буады. Осылайша заманның ыңғайына ілескен Көпжан бертін келе жеке кәсіпкерлікке бет бұрады. Қиындыққа мойымай, тығырықтан шығар жол табады. «Кеңес Одағынан бөлініп шыққан жас мемлекет болған соң бастапқыда электр энергиясы жиі ажыратылатын еді» дейді Көбекең. Мұндайда абдырап қалмай шешімді шапшаң қабылдап, жұмысшыларға қажетті қызмет көрсету жолдарын іздестірді. Токарь станогі мен дәнекерлеуші құрал-жабдықтар әкелінеді. Әртүрлі қызмет түрлерімен қоса, осы жерден жалға монша алынып, онда үш адам жұмыс істеді. Алғашқы бағасын 20-30 теңгеден бастаған жұмысшылар от жағып, ішін жуып, тазалады. Халыққа қызмет көрсету арқылы айлық тапқан ұжым мүшелері бойларын тіктеп, бұл күндері жоғары сұранысқа ие.
Серіктестік негізінен экономикасы қарқынды дамыған аймақтың құрылыс саласында су, кәріз, жылу жүйелері мен бу қазандықтарын және электр, желдету жүйелерін монтаждаумен айналысып, жаңа сапалық өзгерістер әкелуде. Әрдайым тұтынушыларға ең үздік қызмет көрсетуді көздейді. Оған қол жеткізу үшін 2 автокран, 2 эксковатор, 2 «КамАЗ», 2 автомашина, 2 «Газель», 2 «Нива» көлігі, 2 «МТЗ-80» тракторы, 10 электр дәнекерлеу аппараты және 45 кіші механизация құралдарымен қамтылған.

Сондай-ақ сұранысқа сай темірден түрлі бұйымдар дайындалып, пластикалық есік, терезе орнатылады. Сенімді серіктестік ең бірінші болып ауданға жылу жүргізу ісіне қатысты жаңалықтарды енгізген. Яғни, сұйық отынмен жағылатын және электр қуатымен тұтынатын бу қазандықтарын құрған. Енді заман талабына сай газ арқылы қолданылатын пеш әкелінуде. Қажетті заттар делдалсыз тікелей Алматы қаласынан тасымалданады.

Ең алғаш тұрғын жайларға ауызсу кіргізу бағдарламасы бойынша 5000 тұрғынның үйіне есептегіш құралымен су жүйелері жүргізілген. 2014-2015 жылдары Әйтеке би кентіндегі екі спорт кешені құрылысын салып, халық игілігіне табыстаған. Көптеген жеке үйлерге жылу мен ауызсу, кәріз желісін тартқан. Жаңалыққа біртабан жақын кәсіпкер алғаш түріктерден облысқа келе қоймаған пластикалық трубалар әкелген. Аудандағы көптеген мектеп пен балабақшаның бу қазандығы мен жылу жүйесі серіктестік жұмысшылары күшімен атқарылды.
Іскер басшының мәлімдеуінше, бүгінде ұзындығы 60 метрлік көпір құрылысы қолға алынған. Осыған орай Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылындағы тас жол бойында қызу жұмыс жүргізілуде. Сосын Қазалыдағы Қожабақы-Бекарыстан би автомобиль жолының 25 шақырымындағы темір-бетон көпірін қайта жаңғырту жүргізілуде. Сондай-ақ Қызылорда қала-сында теннис орталығының іргетасы құйы¬лып, басталды.

Бүгіндері серіктестік базасында токарь, дәнекерлеу, электр цехтары жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған білікті мамандармен қамтылған. Мұнда 100-ден аса адам тұрақты еңбек етіп, ел қатарлы тірлік етуіне жағдай жасалған.
К.Бижановтың қажырлы еңбегі еленіп, «Сала көшбасшысы», «Жыл басшысы», «Құрметті құрылысшы» атағы берілген. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медалінің иегері. Сонымен бірге, бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттары және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

– Қазақ елі жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Сондықтан төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, техно¬логиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы өзгерістер кезеңіне қадам басқан кезеңде үлкен іске белсене үлесімді қосуды азаматтық парыз деп санаймын. Бос жүргендерді жұмыспен қамтып, маман ретінде шыңдап, тәрбиелеуге атсалыстым. Келешегінен үміт күттіретін екі-үш жасты инженер-құрылысшы мамандығына мекеме атынан оқытып та алдым. Қазір олар өндіріс басшылығына дейін көтерілді, – дейді Көпжан Қожабергенұлы.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
24 тамыз 2019 ж. 1 009 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 72

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 76

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930