Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізгі істерге иек артқан ұйым

Ізгі істерге иек артқан ұйым

 Қоғамдағы атқарылуы тиіс істердің көпшілігі мемлекет тарапынан қолға алынып, түйіні шешілетіні әмбеге аян. Дегенмен жан-жақты әрі ауқымды түрде өткізуді қажет ететін бастамалар көтеруден үкіметтік емес ұйымдар да шет қалмайды. Себебі қазіргі таңда қарапайым жұртшылық арасынан құрылған бірлестіктердің оған белсене араласуына айтарлықтай жағдай жасалып отыр. Осындай қоғамдық бірлестіктің бірі ретінде “Қазалы Жомарт” ұйымын атауға болады.

2017 жылдың ақпанынан бастап өз жұмысын бастаған ҮЕҰ бүгінгі таңда ауданның қоғамдық-саяси жұмыстарына белсенді түрде араласып келеді. Бірлестіктің алғашқы конференциясында құрылтайшылардың шешімімен қоғамдық ұйымның төрайымы болып Гүлдәрі Иманалиева тағайындалды. Қазіргі таңда аудандық ішкі саясат бөлімімен қойын-қолтық жұмыс жасап, бірталай жасампаз жобаларды атқарып үлгерді.
Атап айтсақ, осыдан екі жыл бұрын бірлестік «Әйелдерді қорғау, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту» жобасы бойынша жеңімпаз атанып, аудандағы көп балалы, жалғызбасты, алтын, күміс алқа иегерлері мен мүмкіндігі шектеулі балалардың күтімімен отырған аналарға арнап көптеген іс-шаралар, қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Сонымен қатар ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып, ел экономикасының дамуына атсалысып жүрген алтын құрсақты Батыр аналарды құрметтеу, көп балалы отбасылардың мерейін көтеру, ардақты аналарға лайықты құрмет көрсету, оларды өзгелерге үлгі ету мақсатында «Ұлы даланың ұлы аналары» жобасын қолға алып, 19 ауылдық округтің 7 ауылында іске асырылды. Аталған жоба аясында қоғамдық ұйым әлеуметтік жобаға бөлінген қаржыдан бөлек шараға қатысқан 162 ананың 59-ына демеушілік арқылы тұрмысқа қажетті бұйымдар мен бағалы сыйлық табыстады. Сондай-ақ аналарға арналған жоба 2018-2019 жылдары «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауына қатысты. Аудандық комиссия отырысында қолдау тауып, жеңімпаз ретінде облыстық кезеңге жолдама алды.
Бұдан бөлек қоғамдық бірлестік ағымдағы жылы «NEET санатына жататын жастармен жұмыс жүргізу» және «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік жағдайын қалыптастыру» әлеуметтік жобасы бойынша жеңімпаз атанып, белгіленген техникалық ерекшелік бойынша жұмысын жүйелі жүргізуде.
Бұған дейін ауданның қоғамдық жұмыстарына белсенді араласып, жүктелген жұмыстарды жауапты атқарып жүрген бірлестіктің «25 – ЖАС, 25 – ИГІ БАСТАМА» жобасын қолға алғанын хабарлаған едік. «Бас­тамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігінің 600 мың теңге гранты негізінде жеңімпаз атанған “Қазалы Жомарт” бүгінде ілкімді жобаның бір бөлігін мәресіне жеткізді. Соның арқасында әлеуметтік жағдайы төмен саналатын бірнеше отбасы бірлестіктің қамқорлығын сезініп, көмек алды. Өз кезегінде қоғамдық ұйым жетекшісі Гүлдәрі Иманалиева тұрғындардың әлеуетін арттыратын мұндай бастамалар жалғасын табатынын айтты.
– Ұйымның негізгі бағыты қатарына аудандағы күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің, тұрғындар тап болатын кедергілерді тиімді шешуге ықпал ету жатады. Сондықтан алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықты жоюға септесетін, аудан жастарының қоғамдағы белсенділігін арттырып, көмекке мұқтаж жандарға демеу болатын түрлі іс-шараны ұйымдастыру сөзсіз жалғасатын болады. Сонымен қатар “Ұлы даланың ұлы аналары” шарасын барлық ауылдық округте өткізу бірлестіктің бүгінгі күн тәртібінен түскен емес. Келешекте ел дамуына, экономикасына серпін әкелетін бас­тамалар көтеру арқылы ҮЕҰ-ның жұмысын жандандыру ойымызда бар, – деп бірлестік басшысы сөзін аяқтады.

Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
10 тамыз 2019 ж. 917 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 109

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930