Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "Адаммен жұмыс істеу оңай емес"

"Адаммен жұмыс істеу оңай емес"

Салалардың ішінде ең ауыры – қызмет көрсету саласы. Себебі, алдымызға жүз адам келсе, олардың әрқайсысының көңілін таба білуіміз қажет. Мейлі ол ұшақта болсын, мейлі пойызда болсын. Бірақ, әрбір жолаушымыздың діттеген жеріне аман-есен, көтеріңкі көңіл-күймен жету үшін барымызды саламыз. Осылай дейді бүгін мерекесін атап өтіп жатқан Talgo жолсеріктері.

Talgo жолсеріктері жұмысқа кемінде пойыз жүрерден төрт сағат бұрын келеді. Бірден наркологиялық тексеру өтіп, ішімдік ішпегені және денсаулығында қандай да бір кінәрат жоқ екені туралы анықтама алады. Әрі қарай сырт келбетін ретке келтіріп, жұмыс киімін киіп жиналысқа келеді.

Аптасына бір рет болатын жиналыс кезінде пойызда не істеу керек, қандай жұмыстар жасалуы тиіс, жолаушылармен қалай сөйлесу керектігі туралы нұсқаулықтар айтылады. Сондай-ақ, үздік қызметкерлерің аты аталып, алғыс хаттар тапсырылуы мүмкін.

Жиналыс аяқталғаннан кейін жолсеріктер вагонға келіп, оның сыртқы және ішкі жағдайын мұқият тексеріп алады. Бұған дейін арнайы тазалаушы адамдар вагон ішін мұнтаздай етіп қояды. Журнал, төсек-орын жабдықтарын ретке келтіреді. Пойызда төсекті жолаушылар салмайды, оны алдын ала жолсеріктер жөндейді.

Әр вагонда міндетті түрде дәрі-дәрмек болады. Әрбір жолсерік алғашқы көмек көрсетуді біледі.

«Жолсерік болып жұмыс істеп жатқаныма биыл 8 жыл болады. Ағам мен әпкем де осы жерде жұмыс істеген болатын. Олардың 25-30 жылдық өтілі бар. Әлем бойынша дағдарыс болып жатқан заманда осындай тұрақты жұмысым барына қуанамын. Осы сегіз жыл ішінде көп адаммен таныстым. Ауылдан шыққан соң көп нәрсені білмейтін едім. Жұмысқа тұрғалы өмірге деген көзқарасым мен адаммен араласу мәнерім өзгерді», - дейді жолаушылар вагонының жолсерігі Ерлан Бәйтенов.

Тағы бір жолсерік Әйгерім Қабылбекова бұл салаға арбаның алдыңғы дөңгелегінің соңынан еріп келгенін бөлісті. Айтуынша, әпкелері де ұзақ уақыттан бері теміржолшы болып жұмыс істейді. Жұмыс барысында қызық сәттердің де, қиналған сәттердің болғанын жасырмайды. Десе де адамдармен жұмыс істейтіні үшін қуанатынын айтады.

«Әйел затына жұмыстың жеңілі жоқ шығар деп ойлаймын. Бастысы – ісіңді домалатып алып кету. Бір жеті істеп, бір жеті демаламыз. Үйге барғанда әйелдік міндетімізді де, аналық парызымызды да орындаймыз. Ағайын туысқа да уақыт табылады. Әрине, жұмыс болған соң, қуанатын да, қынжылатын да сәттер жетерлік. Мұндайда бізді Air Astana компаниясымен бірге ұйымдастырылған тренингтер құтқарады. Осы тренингтердің арқасында жұмысқа деген құлшынысымыз артып, білек сыбана кірісеміз», - деді ол.

Әрі қарай Әйгерім Қабылбекова жас мамандарға жұмыс барысында сынды көтере білуге кеңес берді. Мұның пайдасы болмаса, еш зияны жоқ. Керісінше көмегі мол болатын сәттер жетерлік екенін айтады.

«Қазақта «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген жақсы сөз бар. Мұнда бізге сын айтатын кісілер жаңалық ашып жатқан жоқ. Әрбір айтқан сөзі орынды. Сондай-ақ, жұмыс жемісті болуы үшін жауапкершілік ала білу маңызды. Әріптестерімді бүгінгі мерекесімен құттықтай отырып дендері сау, еліміз тыныш болсын деймін. Осылай жүргеніміз біздің мемлекетіміздің тыныштығының арқасы. Әрқайсысының еңбегі шыңдалып, бастық болуға дейін көтерілсін. Биік шыңдарды бағындыра білсін», - дейді жолсерік ару.

Бердіхан Есенбек жұмыс болған соң, әріптестердің бір-біріне ренжитін сәттері болатынын жасырмайды. Десе де бұл реніштердің әріптестік қарым-қатынасқа, достыққа сызат түсірген кездері болмаған екен.

«Қанша жерден ренжіссек те, әріптестер көңіліңе де, жүрегіңе де ыстық болып тұрады. Жұмысымыздың көп бөлігі бір-бірімізбен әзілдесумен, күлкімен өтеді. Жоғары тұратын басшыларымызға қарап бой түзеп, әрдайым ұйымшыл болуға тырысамыз. Мереке кезінде бас қосып, жылы лебізімізді бөлісіп жатамыз. Қателеспейтін адам болмайды. Оның үстіне адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Әр жолаушының өзінің тілін таба білу қажет. 18 жолаушы үшін жауапкершілік алған соң, олардың әрқайсысына қалаған жеріне аман-есен жетуі үшін жағдай жасауымыз қажет», - дейді Бердіхан Есенбек.

Пойыз бастығы Қайрат Мамраймов жолсеріктердің ата-анасына деген еркелігін үйде қалдырып, жұмыста бәрінің тең болуға тырысатынын жоғары бағалайтынын айтады. Дауыс көтеріп ескерту жасаса да, ашуға бой алдырып, жұдырық ала жүгірген сәттері болмаған. Осы орайда ол жолсерік болу үшін ең қажет үш қасиетті атады.

«Олар – адамгершілік, халықпен тіл табыса білу және кішіпейілділік. Осы салада жұмыс істеп жүргеніме 7 жылға жуық уақыт болды. Колледжді осы сала бойынша тәмамдап, кейін академия бітірдім. Мұнда да жолсеріктердің бірінші кезекте сырт келбеті үлкен рөл ойнайтыны жасырын емес. Десе де кейде бойы қысқа болса да, ойы үлкен деген сәттер болуы мүмкін», - дейді пойыз басшысы.

Ол қарамағандыға жолсеріктерді сынап-мінеуден гөрі, жақсы жақтарына көбірек назар аударуға тырысатынын айтады. Жиналыс кезінде мақтау қағаздарын табыстап, көпшіліктің алдында құрмет көрсетуге тырысатынын да бөлісті.


04 тамыз 2019 ж. 1 048 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031