Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Қызметте өрге жетелейтін кеңестер

Қызметте өрге жетелейтін кеңестер

Әр ұжымның өз ерекшелігі бар. Бірі сізді бірден жақын қабылдаса, біріне сіңісіп кету оңайға соқпайды. Аяғыңыздан шалып, жүрген-тұрғаныңызды бастыққа жеткізіп жүретін әріптестер де болады. Сондай кездерде сан жылды сарп етіп не үшін оқыдым деп тауыңыз шағылмай, керісінше, ешкімде ісіңіз болмай, тек алға басуды ойлауыңыз керек. Бір сарында жүре берсеңіз, басқалар сізден қалай озып кеткенін байқамай қаласыз. Келесі сатыларға көтерілу үшін мына ережелерді есте ұстаңыз.
Ерте келіңіз. Анадан бұрын, мынадан соң келдім деп ешкіммен жарысудың қажеті жоқ. Жай ғана өзіңіз үшін жұмысқа ерте келіңіз. Оның пайдасы – күніңізді жоспарлайсыз, осылай ісіңіз уақытылы бітеді. Поштаны тексеріп, хаттарға жауап беріп қойсаңыз, жұмыс уақытында бөгде істерге алаңдамауға септігі тиеді. Таңертеңмен туған күн иелерін құттықтау да жақсы әдет. Өзіңізді дамыту мақсатында өз салаңыздан тыс өнер-ғылымды игеруге де бұл таптырмас уақыт. Ал кешігуді елестетіп те көрмегейсіз.
Кеш шығыңыз. Әрине, жеке өмірге де уақыт артылуы тиіс. Күн сайын демейміз, кемінде аптасына бір рет жұмыстан кеш шықсаңыз, көбірек іс тындырып, компания үшін біраз жетістік әкеле алатыныңызды көрсетесіз. Ең бастысы жауапкершілікті жете сезініп, сізге сеніп тапсырылған істі уақытынан бұрын аяқтауға талпыныңыз. Міндетті істің біреуі орындалмай қалса, жеп отырған наным адал жолмен келмейтін болды деп ұйықтай алмайтындай болыңыз.
Алаңдамаңыз. Жақындарыңызға аса маңызды іс болмаса, жұмыс уақытында хабарласпауын сұраңыз. Әдетте жұмыс уақыты жеке істерге кетеді де, бос уақытты өзіңізге жұмсай алмай, жұмыс істеуге тура келеді. Осы екі ортада өзіңізді таба алмай ашық күнде адасқыңыз келмесе, жұмыс пен жеке мәселені араластырмаңыз. Нағыз кәсіби маман көңіл күйінің де, ауа райының да құбылмалылығына қарамастан, ісін уақытында бітіреді. Сізден талап етілген жұмысты он пайызға көбірек жасаңыз. Бұл сол кезде аса білінбегенімен, уақыт өте келе мол нәтиже береді.
Ұстаз табыңыз. Мейлі өз ұжымыңызда болсын, мейлі өзге ортадан болсын өзіңізге ұстаз болатын адам табыңыз. Бұл менің ұстазым деп барлығына жариялаудың қажеті жоқ. Бастысы ол сізге білгенін үйретіп, дұрыс бағыт беріп отырса болғаны. Мейірбан болыңыз. Дәрежесіне де, жасына да қарамастан барлық әріптесіңізбен бірдей жақсы қарым-қатынаста болыңыз. Сізден көмек сұраса, қол ұшын созуға асығыңыз.
Тапқыр болыңыз. Қандай жұмысқа кірсеңіз де өзіңізге не қажет екенін, нақты мақсаттарыңызды айқындап алыңыз. Содан кейін өзіңізді және компанияңызды қандай жетістікке жеткізе алатыныңызды ойланыңыз. Барлығы жаңа қызметкерден жаңа идея, тың бастама күтеді. Осыған дайын болыңыз.
Оқы, оқы және оқы. Мектепті не жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін оқу аяқталмайды. Керісінше, нағыз оқу енді басталады. Себебі бұл кезде сізден ешкім ештеңе талап етіп, сұраудың астына алмайды. Өзіңіз үшін үнемі жаңа нәрсе білуге талпынған сәтте ғана өмірдің емтиханын сәтті тапсырасыз. Орынсыз қалжың. Әріптестер арасында күлдіремін деп, бүлдіріп алмаңыз. Кіммен қалай қалжыңдасуды байыптап білмей жатып, өзегелерді ренжітіп алып жүрмеңіз.
Аз сөйлеп, көп тыңдаңыз. Өзіңізді қанша жерден асқан данышпан, кемеңгер санасаңыз да, көп сөйлесеңіз, керісінше, нағыз ақымақ екеніңізді көрсетесіз. Жаңадан келген адамның ұжымға ақыл айтқаны, білгішсінгені ешкімге ұнамайды.
Сын қабылдай біліңіз. Сіздің тарапыңызға айтылған сынды жүрегіңізге жақын алып, оған ренжіп, кек сақтаудың тіпті де қажеті жоқ. Қайта ол адамға рақмет айтып, сіздің шыңдалуыңызға септігін тигізіп жатыр деп түсініңіз.
Шыдамды болыңыз. Өмірде, соның ішінде жұмыста төзімділік ең қажетті қасиет. Өзгелердің пікіріне де, жұмыстың ауырлығына да, жағдайдың жақсы еместігіне де тек темірдей төзім танытыңыз. Қиналып жатсаңыз да, сыртқа көрсетпеуге тырысып, бәрі жақсы деп жылы жабыңыз. Сонда шынында да бәрі жақсы болады.
13 ақпан 2018 ж. 212 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031